Өлең жазу - бір биік. Өз өлеңін оқырманға жеткізе білу де - биіктік. Қазіргі жастар поэзиясында "Мақпал мақам" деген әдемі ат та қалыптасып үлгеріпті. Өзінің сазды, лирикалы жырларын гитара әуенімен көркемдеп, нәзік мақамымен жеткізетін жас ақын Мақпал Жұмабаймен сұхбаттасудың да сәті түсті.
- Нәзік мақамыңызбен өлең өлкесінде дара болмысыңызды қалыптастырып келесіз. Жұрт осы мақамды жырларыңызды қалай қабылдап жатыр? Өз поэзияңызды бұлай жеткізуге не түрткі болды? Әлде жаңалық ашқыңыз келді ме?
- Өлеңдерімді мақамдатып айта бастағаныма да біраз уақыт болды. Айналасы 8-9 жыл шығар. 2008 жылы «Қазақконцерт» залында кеш өткізіп, көпшілікке тұңғыш рет қолыма гитара ұстап шықтым. Тыңдарман жылы қабылдады. Аға буыннан әдемі пікір естідім. Содан бері шағын ортада болмаса, көпшіліктің алдына көп шыққаным жоқ. Осы соңғы жылдары ішкі жан-дүниемнің тыңдарман тілейтінін, булығып, сыртқа ұмтылатынын сездім. Бұрын мұндай рухани қажеттілікті сезбеген едім.
Бойыңда бар өнер белгілі бір кезге дейін өзіңдікі болады. Оны өзің билейсің. Ал уақыты жеткенде, сен оның ырқына жығыласың. Мен мақамды жырларымның алдында дәрменсіздігімді сездім. Ол булыққанда, өзім алай-дүлей күй кешетін болдым. Сондықтан, замандастарыма, ағаларыма жетіп жығылдым. Қазір де солай, екі аптада бір мақамдатып тұрмасам, өмір сүру мүмкін болмай қалады. Сондықтан, жаңалық ашу дегеннен гөрі, жан сақтау үшін мақамдатып жүрмін десем орынды болар.
Бүгінгі күнге дейін қанша адамның алдына шықтым, мақамды жырларымды айтқанда, менімен бірге тебіреніп, тыңдап отырады. Соған қарағанда, жырларым уақытпен, замандастарымның көңіл-күйімен үндесіп жатыр. Мақамды жырларым - менің өлеңімнің жан дауысы, оларсыз ол өлең ешқашан толық бола алмайды.
- Осы нәзік мақамыңыздың ізін жалғап жүрген бауыр-сіңлілеріңіз бар ма?
- Аракідік осылайша жырлайтын іні-сіңлілердің бар екенін естимін. Былтыр бір жас студентті көрдім. Ол өзінің қандай жанрға жататынын түсіндіріп бере алмады. Менде де сондай сезімдер болған алғашында. Қазір зерделеп, зерттеп, өзіміздің тамырымыздан бастау алған ақындық дәстүрдің жаңаша формасы екеніне көз жеткіздім. Қазақтың даласы - өнердің кені ғой. Олардың қаулап шығарына сенем.
- Сіздің мақамыңызды біреулер "бард жанры" деп жатады. Ал сізді "бард ақын" дейтіндер де бар. Осыған келісесіз бе?
- Жоқ, келіспеймін. Осы сұраққа жауап беруден жалықпайтын шығармын.
Бардтық өнердің бастауы - батыста. Ол басқа, менің санама жат халықтың өнері. Ал менің өнерімнің бастауы - туған жерімде. Бір сөзбен айтсам, жаным мен қанымда. Тарихтың қай кезеңін алмасаңыз да, біздің даламыздағы "ақын" деген ұғымның ауқымы кең болған. Ақын өз өлеңін мақамдатып айтып, қолына домбырасын алып шыққан. Әрі оның ғажап дауысы болған. Сөз, саз, дауыс, аспап - осы төрт элемент тоғысқанда ғана, ақын, бүгінгіше айтсақ, бәсекеге лайықты болған. Әйтпесе, оның өнері алты алашқа жайылып, бүгінгі күнге жетпес еді. Әдебиетіміздің жауһарлары бізге осы себептен аман жетті. Үкілі домбырасымен сахнаға шығып жүрген айтыскерлер де – сол ұлы дәстүрдің бір жалғасы. Уақыт өте келе, ақын деген ұғым өзгерді. Қазір ақын болу үшін қалам мен қағаз жеткілікті. Ал менің өзім үшін бұл жеткіліксіз болды. Санама құйылып жатқан сарындардан ешқайда кете алмадым. Гитара аспабында ойнап, бала күнімнен ән салатындықтан, бойымдағы өнер бір-бірімен үндесіп, өлеңіме қызмет ете бастады. Өлеңімнің тынысын ашты.
Табыл аға Досымов өзі "бард ақын" екенін айтып кетті. Зерделеп қарасаңыз, ол - кәдімгі жырау еді. Мұны түсініп, зерделеу үшін де уақыт керек еді. Ақын үшін де, оның тыңдарманы үшін де. Оның өнеріне әділ бағасы беріледі деп ойлаймын. Сондықтан, мен - ақынмын. Басқа ешкім емес.
Достармен бірге. Астана
- Замандас ақындар жайлы не айтасыз? Кімдердің поэзиясына көңіліңіз толып, ұнатып оқисыз?
- Әлеуметтік желілер бізге әдемі мүмкіншілік берді. Замандастардың поэзиясын өз уақытында, дер кезінде, тіпті, жазыла салып оқитын мүмкіндікке ие болдық. Алған әсерімді сол мезетте бір ауыз сөзбен болсын білдіруге тырысамын. Әр жақсы өлең үшін қуанамын.
Кездескен жерімізде, бір-бірімізге пікірімізді айтып жатамыз. Өзім Ұларбек Дәлей, Ырысбек Дәбей, Қалқаман Сарин, Тоқтарәлі Таңжарық, Ерлан Жүністің шығармаларын қалт жібермей оқимын. Нәзира Бердалының нәзік поэзиясын құрмет тұтамын. Олардың ерекшеліктерін өзімше саралаймын.
Өлең жазғанда ақын әдебиет үшін деп жазбайды. Жан күйзелісін, жүрек лүпілін, қарсылықтары мен арпалыстарын қағаз бетіне түсіреді. Басқаша болуы мүмкін емес. Белгілі бір сәтте ол шығарма жүздеген, тіпті, мыңдаған оқырманның жүрек лүпілімен дөп келіп, халықтық болып кетеді. Бірақ, ақын өлеңмен арадағы диалогын, екеуіне ғана тән жалғыздығын жоғалтып алмауы керек деп есептеймін. Аталған ақындарды сол үшін жақсы көрем. Ұлы жалғыздықтары үшін.
- Тағы да сол нәзік жандылар поэзиясына келейік. "Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр" деп Абай айтпақшы, кейбір әкпе-қарындастарымыздың өлеңдерінен сырымды айттым деп әйел затына ғана тән кейбір нәзік құпиялықты айпарадай етіп ашып салатын өлеңдерді байқап жүрміз. Тіпті анайы эротикалық тақырыпта қалам тербеген кісілерді де көрдік. Бұл әйел затының, қазақ әйелінің образына әсер етпей ме?! Әлде ақын бұлай өзіне шеңбер сызбаған дұрыс па? Жалпы осыған көзқарасыңыз қалай? Қазақ қызының поэзиядағы жан сыры қалай болу керек?
- Әр ақын өзінің тақырыбын, өлеңдегі жолын өзі таңдайды. Өлең деген еркіндіктің абсолютті шыңы ғой. Өмірдегі әр қадамың белгілі бір дүниеге тәуелді. Бірақ, өлең ешқашан ештеңеге тәуелді бола алмайды. Сондықтан, қандай тақырыпта жазам десе де, қалам иесінің өз еркі. Бірақ, ақынның ішкі "шеңбері" болуы керек деп санаймын. Ол шеңберден аса ма, аспай ма, оны да өзі шешеді. Бірақ, ол шешім дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, оны уақыт шешеді...
- Өз басым Мақпалдың жырын өзінің нәзік мақамынсыз елестете алмаймын. Енді көңілімде мынадай бір түйткіл бар. Нәзік мақамды ақынның келесі жыр жинағы кітап боп шыға ма, әлде?..
- Әрине, кітап болып шығады. Әрі диск ретінде ұсынамын. Таңдау оқырманның өз еркінде, менікі - тек ұсыну.
Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбекұлы
Сурет: жеке мұрағаттан