- Негізгі бет
- Көкжиек
- Махаббат симфониясы...
Махаббат симфониясы
– Анау жұлдызды көремісің?
– Аспанда жұлдыз көп қой...
– Ай жанындағы. Ең жарығы.
– Көөө...р...дім... Көр-дім.
– Байқасаң, сол жұлдыз басқалардан бөлек.
– Қалайша? Ең жарығы... Сол үшін бе?
– Жоқ, жарығын қайтсін Ай оның?
– Енді?
– Жартылай болсын, толысып тусын Айынан ешқашан жырақтаған емес. Бірде батысын, бірде шығысын алма-кезек күзетеді.
– Ммм... Бұл кереметті көру үшін де көз керек шығар...
– Мың көздің қырағы болғанша, бір жүректің тұрағы болғанға не жетсін?! Сезу керек!
(Төңіректі біраз үнсіздік басты).
– Екеуі түн үшін жаралғандай...
– Ал түн ше?
– Түн... Түн тыныштық үшін жаралған. Түн ғашықтар үшін жаралған. Түн сағыныш үшін жаралған.
– Сен – менің мәңгілік Айымсың. Мен сенің жарық жұлдызың болайын...
– Сөйтіп?
– Сөйтіп, біздегі қуатқа тірек болайық!
– Біздегі қашықтық?
– Қашықтық – махаббатта аяқталмаған теорема. Соңы – сәтті, сәтсіз, бақытты, бақытсыз кім біліп жатыр?
– Екеумізге жерде орын жоқ. Біздегі сезім жердің тартылыс күшінен де мықты.
– 12 ай... Сағынарсың. Сабыларсың. Сабыр!
– 360 күн... Күн мен Жер теңесерде Ай мен Жұлдыз болмайды деседі...
– Енді қайттік?
– Есесіне жеті жылда Ай жарығын жаңартып, Жұлдыз бағытын өзгертеді.
– Бағыты қай жақ?
– Оңтүстіктен батысқа қарай.
(Бұл жолғы үнсіздікті дыбыссыз күлкі жалғады)
– Алыс болайық!
– Ай жанындағы жұлдыздай.
– Дәл солай. Біздегі арды күзетейік!
– Атар таңды күзетейік!
– Кеш болса да қонған бақты күзетейік!
Ә. Жутаева