Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" кітабы – талай жастың жастанып оқыған мөлдір сыры. Кітапта Ербол мен Меңтайдың махаббаты баяндалады. Соның ішінде атақты "Қызыл көрпе" өлеңі бар. Бұл өлеңді Ербол Меңтайға арнап шығарған. Кітаптан үзінді оқып көрейік:
"Көшеде арлы-берлі осылай ыңылдаумен жүріп, өзімнің шорқақ тіл, олақ ұйқасыммен Меңтайға арнап алғаш рет өлең шығарғанымды аңғардым. Әр жерге тоқтай қалып, түрегеп тұрып, қойын дәптеріме тізген үзік-үзік жолдардан "Қызыл көрпе" деген атпен мынандай төрт-бес ауыз өлең құрастырыппын.
Тәтті ұйқының құшағына беріліп,
Жатты сұлу шалқасынан керіліп,
Ақ дидарын, аппақ тәнін көргенде
Бойым балқып, кетті сезім еліріп.
Ай секілді маңдайдағы қиғаш қас,
Беттегі мең - сайда жатқан қара тас.
Дем шығарып кеудесінен жұпардай,
Қорғасындай толықсиды қарындас.
Ақ етіне қызыл көрпе басылып,
Көкірегі жатыр екен ашылып:
Діріл қақты уылжыған қос алма,
Қара шашы толқындай боп шашылып.
Күнім туып бақ жұлдызым жанатын,
Қымтап, шымқап, жаным рақаттанатын,
Болсам етті, әттең дүние-ай, сол көрпе
Құшып, сүйіп, құмарым бір қанатын.
Дәурен қайда маған оны сүйетін?
Тым болмаса киімінің киетін,
Не сол көрпе астарының бір сабақ
Жібі болсам денесіне тиетін!
1946 жыл".