- Негізгі бет
- Көкжиек
- Ләйлә Сұлтанқызы: Кітап...
Ләйлә Сұлтанқызы: Кітап парағын ескіртіп жүрген – жастар
Кітап – жан азығы, рухани құндылықты арттыратын асыл дүние. Қазіргі таңда осы асылдың парқы немен өлшеніп жүр? Қазіргі буын қандай кітап оқиды? Ал қазақ тілді шығармаларды оқи ма? Бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызының айтары бар екен. Сұхбатымызға зер салыңыздар.
– Бүгінгі таңда қазақ тілінде кітап оқитын адам саны қаншалықты деп ойлайсыз?
– Біз негізі жастарды кітап оқымайды деп орынсыз кінәлаймыз. Қазір көп кітаптың парағын ескіртіп жүргендер де осы жастар. Олар ішінен өзіне керегін іздейді. Табады. Тамсанады. Таба алмаса, жаба сап, екіншісін, үшіншісін ақтарады. Ал қазақша кітаптың аудиториясына келгенде сандар аздап тұйықталады. Себебі, қазіргі жастардың сұранысын толықтай қанағаттандыра алатын иісі бөлек кітаптар өте аз. Иә, біз Мағауиннің Шақанымен шерлес болып, отбасы үшін жолбарыспен де бірге жұлыстық. Махаббат керек пе?! Жындыхананың торынан сүйіктісін таныған «Әйел махаббатымен» де таныстық. Тарихи дейсіз бе?! Қазақтың анда сайлау салтынан бастап, Ораз-Мұхаммедтің саясатына дейін куә болатын, қазақтың халық, ел болып қалыптасуындағы қиын да қилы, «Аласапыран» жолын оқыдық. Бұл тек бір ғана Мұхтар Мағауиннің шығармаларынан келтірілген мысалдар. Айта берсең көп. Әзіл іздеген оқырманға Тынымбай Нұрмағанбеттің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» туындысын айтар едім. Дулат ағамның «Қарғынын» жарыса оқып, жарты күнде бітірген едік.
Негізі, бізде жақсы-жақсы кітаптар жастарға насихатталмай жатады. Оларға интернет таныстырған «Шантарам», «Алхимик» сынды әлем әдебиеттері артығырақ. Ал «Қазақ солдаты», «Ұлпан», «Найман Ана», «Жетім бота», «Сайтан көпір», «Жусан иісі», «Қызыл жебе», «Ұшқан ұя» сияқты қазақ топырағынан шыққан құнарлы шығармалар жастардың мұрнына иісі де бара бермейді. Мен ұлдарыммен «кітап-тайм» кезінде Питер Пен, Гарри Поттермен қоса жоғарыда атап өткен шығармаларды да талқылауға тырысамын. Дегенмен, қазақ тілді кітаптардың аудиториясы тар деуге де келмес. Сөз қозғасаң, қалыса қоймас жастар да бар. Қазіргі әдебиетті сұрасаң, жоқ дегенде Бейбіт Сарыбайдың «Қарақат қызын» жатқа айтып береді. Бірақ біз жастардың сұранысын ескеріп, әлі де оларды қазақ әдебиетіне тартуымыз керек.
– Қазақстандықтар қандай әдебиет оқиды?
– Қазір Instagram парақшаларында кітап қойып, шағын рецензия жазатын жастарды көп кездестіруге болады. Бірі шын қызыға оқыса, кейбірі қатарынан қалмаудың қамын жасайды. Қайткен күнде де әйтеуір оқиды. «Оқыды» деген ат бар. Бірақ қандай кітаптар?! Жаңа атап өткен «Шантарам», «До встречи с тобой», «Тысячи сияющих солнц», «Портрет Дориана Грея» т.с.с. «Абай жолының» том-томын осылай бірінен соң бірін талдап жатқанын көргің келеді. «Құз басындағы аңшының зары» туралы оқырманның пікірін білгің келеді... Бірақ ондай сараптаманы журфак пен филфактың студенттері ғана айта алады.
Өздеріңіз білесіздер, менің де тырнақалды туындым жарыққа шықты. Бір қуантатыны – үлкені де, кішісі де, жасы да, кәрісі де жарыса оқып, жанталаса пікір жазды. Иә, бәрі мақтады, бәріне ұнады демеймін. Айтылған сын да болды. Бірақ басым көпшілігі кітапты оқи отырып, менімен бірге жылады, бірге күлді. Әр тараудан, әр сөйлемнен өздерін тапты. Міне, айтпағым да осы. Кез келген оқырман басты рөлде болғысы келеді. Сол кейіпкерден өзін іздейді. Тапса, иығынан жүк түскендей, жайланады. Таппаса, жай ғана жаба салады. Бізге бүгінгіге сай драма, қазіргімен теңесетін комедия керек. Сонда ғана оқырманның сұранысы қанағаттанады деп ойлаймын.
– Қазақ тілінде жазатын әдебиетшілердің мақсаты қандай? Шығармаларында қандай мәселе көтереді?
– Бұл сұраққа жаңа ғана жауап бердім десем болады. Бірақ толықтырып кетсем, артық болмас. Әр дәуірдің өз дәурені бар. Мысалы, Тәуелсіздік таңында өскен оқырманға тылдағы жанталас, жантүршігерлік соғыс олай әсер етпеуі мүмкін. Бірақ Париж көшелеріндегі әдемі махаббат немесе жалғыз баласы үшін жаман аурумен күрескен ананың тағдыры әсерлірек. Пияздың ащы екенін білсек те, бірақ шынайы дәмін татып көрген ғана таниды ғой. Сол сияқты жанталастың қадірін жай жатқан түсінбес. Бүгінгінің тақырыбы бөлек. Алайда қанша жерден Утопия жасағанымен, әдебиет шынайылықты, тазалықты талап етеді.
– Бүгін жазылып жатқан әдебиеттер қазіргінің нарқына сай келе ме?
– Қазір көп адам әдебиеттен гөрі өзінің шежіресін, тарихын жазып қалдыруға асығады. Меніңше бізге жастар іздеп жүріп оқитын Сесилия Ахерн сияқты жаңа заманның жазушылары керек сияқты. Бұл сөзіме келіспейтіндер де болар. Алайда Алладан басқаның бәрі өзгереді ғой. Жазушылардың да стилі өзгеретін заман әлдеқашан келген... Мен жастардан үміт күтемін. Олар өздеріне керектіні алыстан арқаламай-ақ тауып алады.
– Елімізде қазақ және орыс тіліндегі кітаптардың айырмашылығы қандай? Қазақ тілді аудитория қандай тақырыптарды оқиды деп ойлайсыз?
– Еліміздегі қазақ және орыс тілді кітаптардың айырмашылығы – стилі мен ойында дер едім. Орыс тілді кітаптарда қарапайымдылықпен қоса еркіндік бар. Бұл жерде әңгіме тағы да шынайылыққа келіп тіреледі. Қазіргі қазақ тілді кітаптардың тақырып аясы тар. Жаңашылдық, жаһандану жетіспейді. Қияли шығарманың өзі жын-пері, зынданмен шектеледі. Мүмкін менің берген бағам қате болар. Бірақ бұл менің субъективті пікірім екенін ескеріңіз.
– Қазақ тілінде кітап жазуда, оны шығаруда қандай да бір қиындықтар бар ма?
– Менің кітабымда бәрі жеңіл. Жазылған тілі де, айтылған ойы да. Ауылдағы қазан-ошақтың қамымен жүріп, өздерін ұмытқан, кімге ақтарыларын білмей, тасыған сүттей болған нәзік жандылар мен енді ғана гүлін ашқан бұрымдыларға сырлас болсын деген ниетпен жазған болатынмын. Тағдырдың тауқыметіне тойғандар үшін біреудің мұңы, біреудің зары қажет емес. Оларға өздерінікі де жетеді. Оқырман кітаппен ойын алысқа апару үшін қосылады. Рухани байып, ішін босату үшін табысады. Шығарманың да, өмірінің де басты кейіпкері болуды көздейді. Оқырман жазушыдан одан артық ештеңені талап етпейді.
– Енді, өзіңіздің шығармашылық жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Қазір мен көп уақытымды тележобаларға арнаудамын. Еліміздің әр өңіріне барып, тыныс-тіршілігімен таныстыратын, өнер мен өндірісті, әнші мен халықты байланыстырған «Ұлы дала баласы», жыл бойы жалғасатын «Сәлем, Қазақстан!», кеше ғана көрерменге жол тартқан «Музарт Life» сынды жобалар халықтың көңілінен шығып жатыр. Алда ойға алған істер өте көп. Кітапқа қатысты болса, екінші туындым жарыққа шыққанша (қашан шығары белгісіз, әрине), оқырман ұлттық арна ұсынған iblog.kaztrk.kz блогтұғыр мен Массагеттегі жазбаларымды оқи алады. Ал қалған жоспарды болашақтың еншісіне қалдырайық.
Г. Берік