Хастүлек бауырымыздың аудармасындағы «Қытай ақындары» атты мақалалар шоғырының бүгін үшінші бөлімін ұсынамыз. Бұл бөлім сонау он тоғыз жасында-ақ бір өлеңі үшін үкімет қудалауына түскен әйгілі ақын Гуо Лушың жайлы. Оның әдебиет майданындағы лақап аты – Шыжы (Сұқ саусақ).
Қытайды дүр сілкіндірген ақын – Шы Жы (Сұқ саусақ)
Қытай осызаман поэзиясына жаны құмар, құмар болмаса да оқып көрген жанның Шыжыны білмейтіні болмаса керек.
Кейбіреулер Шыжыны Жоңгодағы тұңғыш осызаман ақыны десе, тағы біреулер қытай елестік поэзиясының негізін салушы деседі. Жұрттың көбі Шыжыны бір дәуірдің сетер ақыны деп қарайды. Өйткені, оның өлеңдері өз дәуіріндегі бір ұрпақтың жан дүниесіне жойқын ықпал жасап, оларды шабыттандырып, елітіп өтті.
Бұл мақаланың авторы – Ли Хыңжю. Шыжының жан жолдасы. Қазір Пекиндегі мәлім бір газетте ақпарат жұмысымен айналысады. Мақалада ол өзімен бір жүріп, бір тұрған Шыжы туралы үзік сырлар шертеді.
Шыжының өмірінен мәлімет
Шыжы (Сұқ саусақ) 1948 жылы Шан Доң өлкесінің Чау Чың қаласында дүниеге келген. Шешесі оны әскери жорық кезінде босанғандықтан, оған Лушың (Жолда туған) деп ат қойған. Ал фамилиясы Гуо болатын. Өз аты Гуо Лушың. Қаламаты – Шыжы (Сұқ саусақ дегенді білдіреді)
1955 жылы жеті жасында оқуға түскен Гуо Лушың ең алғаш үшінші сыныпта:
«Торғай қонса бұтаққа,
Сегізінші март келер.
Қуанышты бұл шақта,
Сәлем сізге, әкпелер», - деп өлеңдетеді.
1964 орта мектептің жоғары өрлеу емтиханындағы сәтсіздік оған өмірінде тұңғыш рет қиындықтың дәмін татырды. Қабылданбай қалғанның ертеңінде оның шашының көбі бір-ақ сәтте ағарып кеткен.
1967 жылы Ауылшаруашылық университетіне қарасты орта мектепке бара жатқан жолындағы егістік бойлаған кішкене ғана ағынды суды, жағалауға қатқан мұзды, мұз ортасындағы балықты көріп, тасадағы мұз астындағы балықтың қалай өмір сүретіні жайлы (Мұнда өзі туралы айтылып отыр) «Үш бөлімді балық өлеңінің» бірінші бөлімін жазады.
1968 жыл Шыжы шығармашылығының алтын кезеңі саналды. Осы жылы ол үздік шығармалары «Болашаққа сенемін», «Теңіз мұхит жырлары», «Бесіндегі Пекинді» жазады.
1969 жылы 21 жасында Өрікті қыстағына барып, әдейі өзін шынықтырады. Сол шақта өндірістік еңбектен алған он номері бір сом он тиынға ғана жарайтын. Сол жылы ол екі жүз юань табады.
1971 жылы әскери міндет өтеуге аттанып, жауынгерлер тұрмысын бейнелейтін көптеген өлеңдер жазады.
1973 жылы ақпанда әскерден шегініп, ойын күлкіден айрылып, жабыққан ақынға Пекиндегі 3-емхана Рухани ауруға шалдыққан деген диагноз қояды.
1975 жылы ауруынан айығып, Ли Яланмен некелесіп, жеті жылдан соң ажырасады.
1976 жылы «Мәдениет зор төңкерісі» аяқталған соң «Досымның тойында оқылған өлең» атты шығармасын жазады. Қазіргі әйгілі кино режисері Чын Кайгы театр иниститутына емтихан тапсырғанда Шыжының осы өлеңін жатқа оқыған болатын.
1978 жылы ақындық шабыты қайта лаулаған Гуо Лушың тұңғыш рет Шыжы (Сұқ саусақ) деген қаламат (лақап ат) қолданады. Оның бұл аты «Өзгенің сырттай сынап-мінеуі адамгершілігі жоғары ақынның арына әсте дақ сала алмайды» деген мәнді білдіреді екен.
1990 жылы Пекиндегі 3-күтімдеу орнына кіреді. Ол мұнда әр күні еден тазалап, ыдыс жуып тұрмысын қамдайды. Ең арзан темекі тартып жүреді. 1992 жылы Англиядағы бір жоғары оқу орны ұйымдастырған Голландия жыр мүшәйрасына ұсыныс етіліп, денсаулығына байланысты бара алмай қалады.
1993 жылы Пекин қалалық жазушылар одағына мүше болып, сол жылы май айында лирикалық өлеңдер топтамасы баспадан шығады.
1997 жылы Қытай жазушылар одағына мүше болып, Линмаң, Хы Жиңжие, Ли Хыңжю қатарлы бес адам Шыжы туралы «Жоңхуа ұланы – мәдениет дүниесінде», «Бір дәуірдің сетер ақыны – Гуо Лушың» атты мақала жариялап, қоғамда зор аңыс қозғайды.
1998 жылы «Әдеби дос» сыйлығын еншілейді.
1999 жылы «Шыжының 12 жаңа өлеңі» Пекин қаласының жаңа Жоңго құрылғандығының 50 жылдығына арналған мүшәйрада ең жоғары сыйлықты қанжығасына байлайды.
2011 жылы үшінші кезекті халық әдебиеті сыйлығының өлең-жыр түрін жеңіп алады.
Ақын Гуо Лушың (Шыжы)
Ли Хыңжю
Гуо Лушың өлеңдері – жарық сәулені іздеген қасірет үні
Гуо Лушыңның «Болашаққа сенемін» атты өлеңі терең мағыналы, сұлу образды, жүрекке жететін назды лебі арқылы байтақ Жоңго даласына таралып, өз дәуірінде жастардың ауызында жатталды. Бірақ сол бір ерекше дәуір «Әу» дегеннен-ақ ақиқат жаршысының тағдырын белгілеп үлгерді.
Өлеңнің аяғына тұсау салғысы келіп тұратын Жияң Чиң (Мау Зыдоңның екінші әйелі) «Болашаққа сенемінді» оқи сала тіксініп, ашуға басады да, осы бір «Болашаққа, қажымас ұмтылысқа, өлімнен мойымайтын жастарға, тірлікке шын сенетін» «кереғар» ақынды тауып шығуға бекиді.
Сонымен, енді ғана 19 жасқа толған Гуо Лушыңның басына «кереғар ақын» деген қалпақ кигізіледі. Тауқіметті тағдырға тап болған ақын қатаң сұраққа тартылып, сындалады.
Гуо Лушың дағдылы төңкерісші қызметкер отбасында дүниеге келген. Арт-артынан тиген соққыдан кейін ол қоғамның мәлім саяси шеңгелімен басқа арнаға бұрылып, өлеңінен қоғамға көңілі толмау иісі сезіле бастаса да, отанына деген мызғымас сүйіспеншілігін аласартпады.
Елес ағымындағы жыр майталмандары әлі туылмаған шақта Шыжы дәуір бөлгіш мақалалар жазып үлгерген болатын. Оның өлеңдері негізінен төрт тармағы бір шумақты құрап, ауыр-жеңіл дыбыстардың толассыз өзгерісі барысында адамды әсерлендіретін байырғы тәсілмен жазылып, тілдің мезгіл суреті мен жоңгоша сурет үлгісіндегі кеңістік суретін сәйкестіріп, өзі қайталап айта беретін «Өлеңдерім терезе спетті, ол терезенің ар жағында қарауытқан таулардағы сан жылдық сүрі қары менмұндалайды» дегеніндей көркемдікке талпынысты сомдады.
Оның өлеңдері қарапайым келеді. Сылдыраған бос сөз кездеспейді. Ертеректе жазған туындысы «Бесіндегі Пекинді» жұрт әлі де құмарта оқиды. Қоштасу сәттерін суреттейтін бұл өлең қалың зиялы жастың таулы өңірлер мен қыстақтарда жүргізіп жатқан қызу науқан тұсында жазылған. Ақын бұл өлеңін таулы қыстақтағы Шича колхозына баратын пойызда бастап жазған, кейін талай өзгертіліп барып, ақыры әйгілі шығармаға айналды.
Гуо Лушыңға өмірдегінің бәрі өлең сияқты сезілетін. Дегенмен, өлеңінен көңілділік байқалмайтын. Шаттықтан туған өлеңі тым аз кездеседі. Шылым мен шарапқа құмарлықтан аз бейнет тартпаса да, ол «Шылым» мен «Шарап» тақырыбында әсем де назды екі өлең жазды.
Буырқанған бұл шарапты, ашытқандай ыстық қаннан,
Шаттық бокал кемерінен дарқан пейіл ытқытқандай.
Шарап толқып тұр қолымда, тебіреністен діріл қағып,
Толқынында қос жанарың тұрғандайын күлім қағып.
Мен шаттықтан алас ұрдым,
Алас ұрдым, қалқам,
Бірақ
Көңілімді көншітуге
Бұл шарапты тартам бірақ.
Сенің ессіз махаббатыңды,
Бір-ақ жұтып таусам, шырақ... («Шарап»)
Оның өлеңдерін оқыған соң сезінетініміз серпілік емес, қайта күңірену. Шаттық емес, қасірет. Бірақ сол күңірену мен қасіреттен оның жарық сәулені аңсаған, армандаған көңіл-күйін, сондай-ақ арман мен ақиқат үшін күрескен, жанталасқан бейнесін байқаймыз.
Гуо Лушың – жанарына самарқау мұң тұнған жан
Гуо Лушың талантты ақын болатын. Бірақ ол өзін ежелден таланттымын деп санамайтын. Сол заманда жастар арасында оның әжептәуір даңқы бар-ды. Бірақ ол ақынмын деп асқақтауды білмейтін. Оның тұрмысы аса қарапайым болатын. Үнемі тап-таза жуылған, жуыла-жуыла өңі түсіп кеткен әскери киім мен әскери шақай киіп жүретін. Ежелден әдейі жасанып-сыланбайтын. Орта мектеп кезінен бастап арақ пен темекіге үйір болып, отыз жыл бойы қоя алмай, ақыры денсаулығына ақау түсріді. Бұл енді ақындарға ортақ нашар әуес шығар.
Ақын туада әсершіл келеді. Гуо Лушың тіпті де әсершіл болатын. Есімде қалуынша, ол ежелден қуаныштан селт етіп көрмеген жан еді. Мейлі көзі күлімдеп, шалықтап өлең оқығанда болсын, немесе әлденеден шошынып көзі алақандай болғанда болсын тұман тұмшалаған жанарынан алаңдау мен самарқау мұң байқалып тұратын.
Осы мақаланы жазып отырғанымда көз алдыма оның тоғыз жылдың алдындағы өр тұлғасы, әнтек алға ұмсынып, күлімсіреп тұратын бейнесі тұрды. Ол шақта көпшілік мейлі Гуо Лушың өзі ең мойындайтын ақын Хы Чифаң мырзаның кітап үйінде, әлде, И Хыюан бақшасындағы Күнмиң көлі жағасында бас қосқанда; өз үйінде немесе Бейхай бақшасының жым-жырт түкпіріндегі шайханада бас қосқанда болсын оның көңіліне қарап, ол қуанса қуанып, жұбанса жұбанып, мұңайса мұңаятынбыз.
Гуо Лушыңға қолы жетпей жүрген қыздардың қатары да мол болатын. Бірақ ақындық қырағылығы мен таланты асып-тасып тұрған ол алдынан қайта-қайта шыққан қыз махаббаты алдында соншама селқос һәм ұялшақ еді. О өзіне қол созған қыздардан қашқалақтайтын. Оларға бүйрегі бүлк етпегендей көріну арқылы жүрек түкпіріндегі тұнған махаббатты жасыра беретін.
Гуо Лушыңның 1968 жылы сәуір айында жазған «Махаббат періштесі» атты өлеңін ертедегі немесе қазіргі, Қытайдағы әлде шетелдегі болсын әйгілі ақындардың махаббат жырларымен салыстырар болсақ, шоқтығы аласа емес:
Махаббат самал ма ең дүр жібек,
Жәннаттан бұлт іздеп шарқ ұрған –
Шарқ ұрып, тозақта жұп жүрек
Барлығын мүлде ұмыт қалтырған.
Махаббат, жүректе ескек пе ең,
Көлдегі ай сағымын бүлдірген.
Бүлдіріп, толқында ес кеткен
Жұп жүрек ұштарын тілдірген...
Гуо Лушыңның бұл өлеңін өзін терең сүйіспеншілікпен сүйген пәк те сұлу, адал ұйғыр қызына арнап жазған-ды. Сыңар жақты салт-дәстүр олардың алдын таудай кес-кестеп, мөлдір махаббатын жүрек түкпіріне мәңгі сақтауға мәжбүр етті.
Ай аунап, жыл жылыстап, ел жаңарды. Содан бері отыз жыл өтіпті. Бірақ мұңлы өлең жолдары мен адам жанын әсерлендіретін өткен істерді оқыған соң, естіген соң күрсінбей тұра алмайсың.
Менің өзі туралы жазатынымды естіген соң ол әсте әсірелеп жазбауымды өтінді. Шыжы өткен жылы май айында қайта некеленді. Келіншегі мінезі жұмсақ медбике. Білгісі келетін былайғы жұртқа оның қазіргі халын «өмірдің қызығын көруде» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізіп беруге болады. Дей тұрғанмен бұл сөз адамның кеңсірігін ашытады. Оның қазіргі айлық кірісі тек бес жүз юань ғана. Базар жабылар кезде ғана барып, қалған-құтқан заттар сатып алады. Жайшылықта кітап оқиды. Оның көрген қызығы осы ғана!
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: baidu.com