Қысқалық – таланттың қарындасы
Чехов
Ойды әдемі жеткізіп, сөйлемдерді көркем құрастыра алу - сонау заманнан бері келе жатқан ұлы талант. Атам қазақ жүрекке жететін сөздерді айта білген адамдарды ерекше сыйлаған, олардың ақыл-кеңесіне жүгінген. Сөз ділмарлары, қарымды қаламгерлер, аузы дуалы ақындар... Бірнеше ғасырдан бері олардың өлмес туындыларымен сусындап келеміз. Шаршаған да емеспіз...
Бүгінде жер бетінде мыңдаған тілдер бар, технология дамып жатыр, солай бола тұрғанымен, кейде ішкі жан дүниеміздің халін, сезімімізді қысқа әрі нақты түрде өзгеге жеткізе алмай әлекке түсеміз. Қаншама бос сөздерді шығындаймыз. Тілімізден басымызға пәле табамыз. Келісесіз бе? Ал бүгін біздің әңгімемізге арқау болатын кісілердің ондай қиындықтары жоқ. Танысқыңыз келе ме? Олай болса, шағын әрі дөп баса айтылған біртума әдеби шығармалармен және олардың қожайындарымен таныс болыңыз.
Атақты Эрнест Хемингуэй өз замандастарымен алты сөзден аспайтын, бірақ кез келген оқырманның жүрегін түрте алатын әңгіме жазамын деп бәстеседі. Көп уақыт өтпей, бәc мәресіне жетеді. Жеңімпаз - Э. Хемингуэй. Әңгіме мынадай еді: "Балаларға арналған бәтеңке сатылады. Киілмеген".
Америкалық жазушы-фантаст Фредерик Браун әлемдегі ең қорқынышты қысқа оқиға жазған: "Жер бетіндегі ең соңғы адам өз бөлмесінде отыр. Кенет есік қағылды".
Новелла жазудың хас шебері О Генри әңгіме құрылысының (басталуы, шиеленісуі, шешімі) барлық талаптарына сай келетін шығарма жазып, үлкен марапатқа ие болады: "Жүргізуші темекі шегіп тұрып бензиннің қанша қалғандығын тексеру үшін бензин багына үңілді. Марқұмның жасы жиырма үште еді".
Бірнеше жыл бұрын ағылшындықтар "ең қысқа хикаяға" бәйге жариялайды. Байқаудың шарты: ханшайым, Құдай, жыныстық қатынас, құпия туралы айтылуы керек. Бас жүлде иегерінің туындысы: "О, Құдай, менің аяғым ауыр, бірақ кімнен екендігін білмеймін! - деп айқайлап жіберді ханшайым".
Франциядағы "ең қысқа әңгіме" номинациясының иегері - француз әйел. Ол былай деп жазған: "Бұрын менің жылтыр әрі тегіс бетім және ұйпалақ белдемшем бар еді, қазір бәрі керісінше".
Суреттер: wmeste.by
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева