- Негізгі бет
- Көкжиек
- Күзгі суықта жылытатын...
Күзгі суықта жылытатын 7 кітап
Күз суығында жаныңызға жылу жеткізер романтикалық "тұздықтар" тізімін қабыл алыңыз.
1. Роджер Желязны, «Қазанның бір түні»
Бір тараудан екінші тарауға өткен сайын, қазанның атаулы мерекесі – Хэллоуинге жақындай түсесіз. Бұл шетелдіктер үшін – әулиелер мерекесі. Желязны оқырманды өзіне ғана тән психология мен философия арқылы туындысының негізгі тақырыбына бойлата береді. Ол – жақсы мен жаманның арпалысы.
2. Анна Гавальда, «Жай ғана бірге болайық»
Егер бұл туындыны кімде кім оқымаған болса, кітапты қолға алудың нағыз уақыты келді. Заманауи прозада күзгі күйді дәл сипаттайтын одан өткен туынды жоқтың қасы. Кітап махаббат, жалғыздық пен сезім секілді мәңгілік ұғымдарды жырлайды. Жай ғана кітаптық әлемге бойлаңыз.
3. Николас Спаркс «Жад күнделігі»
Бұл туынды желісі бойынша түсірілген фильмді көрген болсаңыз да, кітапты оқуға міндеттісіз. Өйткені, «Жад күнделігі» – ең романтикалық махаббат оқиғаларының бірі. Романдағы оқиға желісіне тән ұғымдар: қарапайымдылық пен аңғалдық. Әдеттегідей терең махаббат сезімі ер мен әйелдің жолығуынан басталып, қиындықтарды қол ұстаса өткеруімен тереңдей түседі. Спаркстің бұл кітабы да басқалары секілді оқырманның көңілін әлдеқашан баурап алып, АҚШ және өзге елдерде бестселлерге айналды.
4. Джеймс Боуэн «Боб есімді көше мысығы»
Бұл сезімге толы туынды оқырманды жақсылыққа сенуге баулиды. Ол үшін жүрегіңнің терезесінен сәл ғана сәуле кірігізсең болғаны. Кедей, жолы болмай жүрген лондондық музыканттың ақша мен ата-анасынан бөлек, нашақорлыққа қатысты да қиыншылықтары бар. Бір күні ол көше кезіп жүрген мысықты аяп, өз өміріне кіруіне мүмкіндік береді. Енді осы мысық кейпіндегі негізгі кейіпкер тәтті қылықтарымен адамның көңілін баурайды.
5. Иван Бунин «Митяның махаббаты»
Махаббат прозасын сүйетіндер үшін Буниннің кез-келген туындысы құнды. Орыс халқынан шыққан алғашқы Нобель сыйлығы лауреатының бұл туындысы қазіргі заманғы прозадай емес, адамның ішкі жан-дүниесіндегі сырт көзге көрінбейтін махаббат толқындарын сипаттайды. «Митяның махаббаты» атты кітап «Жеңіл тыныс», «Күн өту», «Махаббат грамматикасы» аталатын бөлімдерден тұрады. Оқи отырып әңгімелердің өзара үйлесімділігіне мән беріңіз. Автордың әр туындысы тереңдігін тек сол арқылы ғана ұғына аласыз. Бунин – күзде шуақ сыйлай алатын бірден бір жазушы.
6. Марк Леви «Қайдасың сен?»
Бала кезден ғашық жігіт, жоғары ақылы жұмыс, жарқын болашақ... Ойлап қарасаңыз осыдан артық не керек? Бірақ, басты кейіпкер қыз осының бәрін тастап, белгісіздікке бел буып кете барды. Өмірлік махаббатын адал сезімімен жанында ұстай алмаған сорлы жігіт талай қиналды. Өз-өзін қолға алып, енді еңсесін көтеріп, өзгеге деген сезімге бой алдыра бергенде тастап кеткен бала махаббатынан қайта хабар келеді...
7. Кеннет Грэм, «Жылауық талдан соққан жел»
«Жылауық талдан соққан жел» – Кеннет Грэмнің классикалық ағылшын ертегісі. Классикалық дегенде әдебиетте қолданылатын нағыз тарих сақталатын классика түрі емес, қай уақыттың оқырманына болмасын ортақ ертегі жанры ретіндегі классика. Яғни, балалыққа оралтуға қауқарлы ғажайып әлемге жетелейтін ертегі күздің жаңбырлы түнінде таптырмас серік екені анық.