«Күміспен күптейтіндер» көбейді

«Күміспен күптейтіндер» көбейді
Фото: aussiedlerbote.de

Тілімізде «алтынмен аптап, күміспен күптеп» деген фразеологизм бар. Оның екі мағынада қолданылатынын аңғарамыз:

а) Зергерлік тәсіл;
ә) Бейнелеу, сарказм, юмор, әзіл (тұрақты тіркес).

Соңғы кездері спорт журналистері осы тіркесті молынан қолданатын болды. Бірақ көп жағдайда «алтынмен апталды» деп – жеке, «күміспен күптелді» деп жеке қолдануға көшті. Ол, әрине, спортшының жарыс қорытындысында не бірінші, не екінші орын алғанына қарай айтылады. Қазір Гуглге «күміспен күптелді» деген тіркесті іздетіңізші, шамамен 2 мыңға жуық материал табасыз. Бір есептен, тар мағынада қалған тіркестің жаңа замандағы тілден орын табуы қуантады. Бірақ түбіне үңілсек, қазір біз оны түпкі мағынасынан ажыратып бара жатқан сияқтымыз. Әуелі осы тұрақты сөз тіркесінің ғылыми негізіне көз жіберейік.

1. Жеке тұлғада әр сөзі мағынаға ие «Қазақ тілінде бір алуан фразеологизмдердің идиомалану дәрежесі өте жоғары. Мысалы, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ; жауырды жаба тоқу; кежегесі   кейін   тартты;   көсегесі   көгерген;   апы   кіріп,   күпі   шықты; алтынмен   аптап,   күміспен   күптеп,  т.б.  фразеологизмдер   өздерінің мағына   тұтастығы   жағынан   жеке   сөздердің   төлеуі   (эквиваленті)   бола аларлықтай   дәрежеде.   Мұндай   типтегі   фразеологизмдердің   ішкі формасы   (фоны,   мотивациясы)   тасаланған,   яғни   қазіргі   тұрғыдан алғанда   тіркестің   «неге   бұлай   айтылатыны»   сөйлеушіге   белгісіз.

Фразеологизмдердің ішкі формасының тасалануы көп жағдайда олардың лексикалық   құрамында   архаизмдерге   айналған   сөздердің (морфемалардың) жүруіне де байланысты (Н. Уәлиұлының «Фразеология және тілдік норма» еңбегінен). «Алтынмен аптап, күміспен күптеді». Бұл тұрақты тіркестердегі «апта», «күпте» етістіктерінің мағынасы түсіндірме сөздікте – безендірді, әдеміледі, жайнатты. Біздер дәл осылай ұғындық. Алайда бұл сөздердің алғашқы мағынасы ұмыт қалып, жалпы ұғымға көшкен. Шын мәнінде, әр сөздің өз алдына дербес мағыналары болғандығын басқа түркі тілдері деректерінен табамыз. Якут тілінде: аптар – жапсыра тігу (нашивать) (Э.Пекарский. Словарь якутского языка) ; ал башқұрт тілінде: көпләу – қаптау (облицовка) (Башкирско-русский словарь). Осыларды ескерсек, «алтынмен аптап, күміспен күптеді» тұрақты тіркесі, қазіргі тұрғыдан алсақ, «алтынмен тігіп, күміспен қаптады» дегенді ұғындырмақ. 

Ескерте кетерлік жайт, соңғы кездерде «апта», «күпте» сөздерінің «айран», «күбі» сөздерімен тіркесіп, «айрандай аптап, күбідей күптеп» сияқты тұрақты тіркестер тудырғанын байқаймыз. Бұл, әрине, көркем әдебиеттегі сөз зергерлерінің шеберлігінен туған. «Аптап», «күптеп» сөздері ең алғаш «алтын», «күміс» тұлғаларымен тіркеске түскендігі дау тудыра қоймас (Ә.Нұрмағамбетовтің «Бес жүз бес сөз» еңбегінен).

2. Зергерлік тәсіл атауы

«Алтынмен аптап, күміспен күптеу (алтынмен булау) – зергерлік тәсілдің атауы. Атаудың түп төркіні парсы тілінде «аб» – су деген мағынаны білдіретін сөзден шыққан деп пайымдайды зерттеушілер. Зергерліктегі бұл техниканың кұпиясы «алтынды сынапқа сындыр» деген сөз орамында сақталған: металдардың ішінде сұйық металл сынапқа алтынды сіңіріп, сынық алтын, су алтын деп аталатын (ғылыми атауы – амальгама) қоспа алып, оны күміс немесе мыс бұйымның бетіне салады. Оны көмірдің қозына қыздырғанда, сынап буға айналып, алтын металдың бетіне тұнады. «Алтынның буына ұсталған бұйым» деген сөз осы аптау тәсілін білдіреді. Металға алтын жалатуды қазақ зергерлері қысқартып «аптау» дейді. Алтынмен апталғанда сынап буының улы болуына байланысты өте абайлап жасайды. Кейде аптауда бұйым-ның бетін түгел аптамай, белгілі жерлеріне ғана жұқалап алтын жалатады және ол үшін бұйымның апталмайтын жеріне «шіркеу» деп аталатын қоспа жағады. Шіркеу дегеніміз – 1 өлшем қарағай шайыры, 2 өлшем балауыз, 3 өлшем өсімдік майын қосып қайнатылған қоспа. Шіркеу жағылатын жерге алтын жұқпайды, «бетке шіркеу түсірме», «бетке шіркеу салма» деген сөз тіркесі осыдан шыққан. Олар «ұятыңа кір келтірме, абыройыңды сақта» деген мағынада айтылады. Апталған бұйымның бетін түртпемен, безеуішпен, нақыш салғыштармен өрнектеп безендіреді («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энци-клопедиясынан).

«Алтынмен аптау. Қолөнер. Зергерлердің күміс бетіне алтын жалатып, әшекейлеу тәсілі. Аптаудың бұл түрінің мәнісі мынада: алтынды қышқылға салып ерітеді де, оған цинкпен апталатын әшекейді батырады. Соның нәтижесінде күміс бұйым яки оның беті алтынмен апталған болып шығады. Алдымен апталатын затты ағаш көмірі шоғында қыздырып алады. Алтынды бөлек ыдыста балқытады. Балқытылған алтынды түтікпен үрлеу арқылы күміс бетіне жағады. Алтынның қалың қонған жерлерін тағы да үрлей отырып, оны жұқартады. Осы тәсілмен дайындалған бұйым алтынмен апталған деп айтылады (Р.Шойбековтың «Қазақ зергерлер сөздігі» еңбегінен алынғаны «Қазақ әдеби тілі сөздігінің»  І томын-да көрсетілген. А:2011, 455 бет). Осы «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» «күміспен күптеу» тіркесіне түсіндірме жоқ, «күмістеу» сөзі етістік түрінде түсіндіріліп өткен. Ал Т.Жанұзақовтың жалпы редакциясын басқаруымен шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «апта» және «күпте» етістіктерінің түсіндірмелері бір-біріне ұқсас («бір нәрсенің сыртын қаптау, әдемілеу» / «бір заттың сыртын бірдеңемен қаптау»). Бірақ бұл сөздердің қолөнерге қатысы бары көрсетілмеген.

Қазіргі жазушылар қалай қолданып жүр?

«Байлық болғанда, бір басына жететін не елін асырайтын байлық емес, көргеннің көз жауын алатын, жүрген жерінің бәрін алтынмен аптап, күміспен күптеп, маржанды құсқа жем үшін шашып, гауһарды баласына ойнауға  беруге жететіндей қарынбайдың қазынасы керек еді» (Т.Жұртбай, «Дулыға»).
«Құдаларды да алтынмен аптап, күміспен күптеп, әбден малындырдық» (Д.Қуат, «Нағыз еркек»).

Қорыта келгенде, «алтынмен аптап, күміспен қаптап» деген тұрақты сөз тіркесінің қазіргі әдебиетте, журналистикада қолданылуы түпкі мағынасынан алыстап тұрған жоқ. Яғни ол байлықты көрсету, бейнелеу немесе айтар ойын сарказммен білдіру тұлғасында пайдаланылып келеді. Бірақ спорт журналистерінің «күміспен күптелді» деп тіркес түбіріне жете мән бермей айтып жүргенін ескертуіміз керек. Тура мағынасында түсінсек, мәреге екінші болып жеткен спортшыны күміспен қаптап тастағандай болып шығамыз. Оның үстіне «алтынмен аптап, күміспен күптеп» тіркесін бір-бірінен бөліп айтса, зергерлік тәсіл ретінде де, бейнелеуші сөз ретінде де мағынасынан айырылып қалмақ. Осыны есте ұстайық.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2022

Т. Раушанұлы