Кітап – ең құнды қазына. Оның айтары ішінде. Сөзден өрнек құрып, кестеленген дүниені санада сәулелендіру, ешбір қимылсыз-ақ сізге мұң мен шаттық сыйлау келсе тек кітаптың қолынан келмек. Тақырыпты оқып отырып кітаптың пайдасы көп, бірақ қандай зияны болуы мүмкін деп ойлаған боларсыз. Таяқтың екі ұшы бар екенін ескерген дұрыс.
Кітаптың қасиеті
Ақпараттық кеңістікте сана уланып жатқан кезде кітаптың пайдасы көп. Көз алдымызда ғана суреттелетін сюжеттік кинолардың әсері ұзаса үш сағатқа созылуы мүмкін. Ал кітаптағы әрбір сөзді оқыған сайын оның суреті көз алдыңызда ғана емес, миыңызда жатталып қалады. Бұл – кітаптың ең керемет ерекшелігі.
Ең құнды жәдігерлер, тарихи дастандар, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған ең асыл мұралар тек кітап арқылы жетеді. Заман дамыған сайын технология өседі, бірақ өледі. Өйткені ол белгілі бір дәрежеде және белгілі бір мөлшерге негізделіп жасалады. Ал кітап қай заманда өмір сүрсе де өзінің құнын жоғалтпайды, бірқалыпты сақталады. Оқыған сайын зейін ашылып, жаңа әлемге ене бересіз.
«Абай жолын» қайталап оқыған сайын түрлі ойға тап боласыз. Бұл кітаптың қасиеті һәм автордың шеберлігі. Сіз бір киноны көргеннен кейін, қайта көрген кезде сол әсерде ғана боласыз. Тіпті қайта көруге құлқыңыз да болмайды. Ал кітапты біраз уақыт өткеннен кейін қайталай оқығанда тағы да жаңа бір әлемге тап боласыз. Бұл – қасиет.
Кітаптың қасіреті
Кез келген шығарма белгілі бір сюжетке құрылып, онда кейіпкерлер өмір сүреді. Қиялдан туған кейіпкерлер де өмірден алынған прототиптері де болады. Оқырмандар арасында кітапқа деген махаббаты ерекше, онсыз өмір сүре алмайтындар да бар. Бірақ олар кітап үшін емес, ондағы кейіпкер үшін өмір сүреді. Ал бұл жақсы ма, жаман ба?!
Адам көңіліне ұялаған кейіпкер оқырман қызға немесе жігітке әсер етпей қоймайды. Ол өмірде де дәл сондай адам іздегісі келеді. Идеал көреді. Ал өмірде кездеспеген жағдайда мұң арқалап, қайғыға тап келуі ғажап емес. Бұл кітапқа табынушылық (фанатизм). Тағдырыңыз өзгеріп кетуі де ғажап емес.
Кейбір шығармалар адамның психологиясына әсер етеді. Том-том кітапқа бас ұрған оқырманның қалыпты өмірге қайта келуі де қиындап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам тіршілікке шынайы көзбен емес кітап көзімен, кейіпкер көзімен қарайды. Ал бұл адамның шынайы болуына әсер етеді.
«Оқу соққан» дейтін сөз бар. Бұл адамның көп оқып, белгілі бір дертке ұшырауы, яғни ауруға шалдығуы. Бірақ бұл кітап оқымаңыз деген сөз емес, кітапты талғаммен және талдап оқу керек. Авторға мән беріңіз, кітапқа, тақырыпқа және мәніне ден қойыңыз. Өйткені сіз кімді оқып жатқаныңызды, не үшін оқып жатқаныңызды, не беретінін білуіңіз керек. Бұл – міндетті нәрсе.
Қазіргі кезде жарыққа шығып жатқан кітаптардың, шығармалардың көбі белгілі бір идеологияға негізделген. Оларды саралап оқу керек. Өйткені сізге әсер етері анық. Сөз – сүйектен өтеді. Сөздің киесі бар.
Қасиетті дүниенінің құндылығын сезіну басқа, қасіретке ұрынып қалу бір басқа. Жақсысын үйреніп, жаманын тастаңыз!