Бүгінде ұмыт болып бара жатқан кітап оқу дәстүрінің адам санасына ғана емес, денсаулығына тигізер оң әсері көп екен. Жалпы, оқу барысында адамның бойында біраз өзгерістер орын алатын көрінеді. Яғни, есте сақтау қабілеті жақсарып, түйсігі жоғарылайды. Біле білсеңіз, тарихта аты қалған мықты тұлғалардың көбісі кітап оқудағы жылдамдығымен ерекшеленген. Демек, жылдам оқу әдісін дамыта түскен сайын адамның түрлі қабілеті ашылуы мүмкін.
Көп оқудың пайдасы
Кітап оқудың пайдасын бәріміз жақсы білеміз. Ол адамзаттың рухани азығы. Сондай-ақ ол біздің миымыз бен көзіміздің жаттығу алаңы іспетті. Оқыған сайын, мидың жұмысы жақсарады. Ал мидың дұрыс жұмыс істеуі адамның ширақ жүруіне оң ықпал ететіні анық. Көзге тигізер әсері – қырағылық пен байқампаздықты арттырады. Рухани жағын алатын болсақ, адамның көкірек көзі ашылып, қоршаған ортаға басқа көзқараспен қарайтын болады. Тура және ауыспалы мағынасында да адамның көп нәрсеге көзі ашылады. Сондай-ақ оқу адамның ойын жинақтауға көмектеседі. Мәселен, адам жан-жағыңдағы у-шуға қарамастан кітап оқи алады. Демек, ол қандай да бір қиын сәтте бар ынтасын кітапқа аударып, қызықты әңгіме оқыса, ауыр ойлардан айығып, кәдімгідей демалып қалады. Бір сөзбен айтқанда көп оқу – адамның өзін-өзі дамытуына жол ашады.
Орта есеппен алғанда, адам минутына 200-250 сөз, яғни 2 бет оқып шығады енен. Ал әлемдегі адамдардың 5 пайызы өте баяу оқитындықтан олар минутына 180-220 сөзді ғана оқып үлгереді. Бір қызығы, асықпай оқу барысында адам кітапта жазылған дүниенің 60 пайызын ғана қабылдай алады екен. Жылдам оқығанда, керісінше, туындының 80 пайызын түсінуге мүмкіндік туады. Жылдамдыққа сай ақпарат тез қабылданып тез сіңетін көрінеді. Сондай-ақ зерттеушілер жылдам оқығаннан гөрі, асықпай оқығанда көздің тез талатыны анықтапты. Қарапайым адам бір нүктеге қарағанда 10 әріптік белгіні көруі мүмкін, яғни көзінің көру аумағы бір мезетте 1-2 сөзді қамти алады. Ал жылдам оқитын адамның мүмкіндіктері жоғары. Ол бір зер салғанда 200-500 белгіні, яғни, 33-83 сөзді бірақ көре алады екен.
Көпшілік, жылдам оқу мен асығыстықты шатастырып алады. Асығып оқығанда, адам мәтінді дұрыс түсінбеуі мүмкін. Ал түсініп, түйсініп оқылмайтын болса, оны ғылымда жылдам оқу емес, «қарап шығу» дейді. Мәні мен мазмұнын түсінбей оқып шыққан жылдам оқуға саналмайды.
Атақтылардың ерекшелігі
Тарихта жылдам оқу қасиетімен есте қалған талай мықты тұлғалар бар. Мәселен, Наполеон Бонопарт. Ол өзінің қолбасшылығымен ғана емес, оқудағы жылдамдығымен де ерекшеленеді. Деректерге сенсек, император минутына екі мың сөз оқитын болған. Ал француздың атақты жазушысы Оноре де Бальзактың 200 беттен тұратын романды жарты сағатта оқып тастайтын қабілеті болған деседі. Ал Максим Горький болса, бұл орайда Наполеон Бонопартты басып озады. Жазушы минутына 4 мың сөз оқи алған. Ол жайлы деректі классиктің шәкірті жазушы Алексей Новиковтың естелігінде айтылады. Горькийдің ерекше қасиетін тексеріп көрмек болған Новиков басылымға жаңа шыққан бір романды оқып болысымен, журналды Горькийге ұсынады. Көп ұзамай журналдың әрбір бетіне аз ғана аялдап, оқып отырған жазушыға туынды туралы өз ойын айтады. Соның арасында романды оқып үлгерген Горькйи туындыға қатысты өз ойын айтып, пікірімен бөліседі. Новиков әдебиеттегі ұстазының қырағылығына осылайша көз жеткізген екен.
Лениннің көп оқитындығы жиі айтылады. Көп кітап оқып өзінің жылдам оқу әдетін дамытса керек, ол бір бетті жарты минуттан артық оқымаған. Ал Америка президенті болған Рузвельт жылдам оқу әдісін арнайы оқып, жақсы меңгерген екен. Соның нәтижесінде ол қалың кітаптарды 1-2 сағат мөлшерінде аяқтайтын болған.
Қазіргі телефон байланысын жақсартуға жол ашқан, электр жүйесін оңтайландырған өнертабыс иегері Томас Эдисон болса, бір көз тастағанда 2-3 жолды бірақ қамтитын болған. Сондай-ақ, ол оқыған кітаптарының әрбір жолын есінде мықтап сақтай алатын қасиетімен де ерекшеленген. Талай жемісті жұмыстарымен есте қалған адамның осындай ерекшеліктерінің болуы да орынды секілді. Байқағаныңыздай, жылдам оқу әдісін меңгерген жандардың көбісі өмірде қандай да бір жетістікке жете білген. Демек, жылдам оқудың, яғни кітап оқудың біздің миымызды жетілдіруге тигізер пайдасы зор.
Үйрену оңай
Америка президенттерінің бір Джон Кеннеди жылдам оқудың пайдасы зор екенін біліп, өз кезегінде жылдам оқу әдістерін меңгерген. Сонымен қатар, әріптестеріне де бұл тәсілді үйренуіне кеңес берген. Яғни, адам жылдам оқуға өзін үйрете алады екен.
Жалпы, жылдам оқудың тиімділігі белгілі болған соң, адамдар оны меңгерудің тәсілдерін қарастыра бастады. Әсіресе, ХХ ғасырдың басында бұл тақырып көп зерттеле бастаған. АҚШ-тың Сиракуз жекеменшік университетінде оқытыла бастайды. Ал 1958 жылы Эвелин Вуд атты мұғалім «Динамикалық оқу» әдісін ойлап табады. Оның осы тақырыпты зерттеуіне өзіне сабақ берген профессоры себеп болған. Оқушының жазып әкелген дүниесін аз уақытта оқып шығып, баға қойып беретін ұстазының ерекше қасиетін аңғарған Эвелин 50-ге жуық жылдам оқитын адамды зерттеп, нәтижесінде жылдам оқу қасиетін арттыруға болатынын дәлелдеген. Ғалым ондай адамдардың оқу барысында көздерінің тек жоғарыдан төмен қарай қозғалып отыратынын аңғарған. Яғни, олар оң-солға көз жүгіртпестен-ақ қолындағы кітабын оңай оқи алады деген сөз. Сондай-ақ, ондай жандарда регрессия яғни мәтінді қайталап оқу әдеті жоқ екен. Ғалымның еңбегінің арқасында Юта мен Гарвард университеттерінде жылдам оқуға үйрететін орталық ашылды. Бір қызығы, Гарвардта бұл тәсілге студенттерді ғана оқытып қоймай, түрлі компания мамандары да оқытыла бастаған. Яғни, жылдам оқудың жұмыс сапасына да оң әсер етітін белгілі болған соң да, компания өз қызметкерлерін оқыту қызығушылық танытқан.
Бүгінгі таңда бұл сала дамып, бірқатар елдердің университеттерінде арнайы курстар ашылған. Сонымен қатар, осы әдіс арқылы Кеннеди, Форд, Картер сынды президенттердің тұсында билік аппаратында қызмет ететін адамдар оқытылған екен. Қазіргі таңда жылдам оқытудың компьютерленген әдісі де бар. Бірақ, барлығы айналып келгенде Эвелин Вудтің тәсілін пайдаланады.
Жылдам оқуды өздігіңнен үйренудің жеңіл жолдары да бар көрінеді. Ол үшін бірінші қойылатын талап – көп оқу қажет екен. Екіншіден, мәтінді іштей айту әдетінен айыққан жөн екен. Яғни, көзбен көргенді оймен оқу керек. Сонда жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Үшіншіден, секундомердің көмегімен, өзіңнің қаншалықты тез оқығаныңды тексеріп қойған да дұрыс екен. Егер, нәтижеге көңілің толмай жатса, тағы қайталап барынша тез оқуға тырысу қажет екен. Адам осылайша өзін тәрбиелейтін болса, жылдам оқуға машықтанып кетеді екен.
Иә, жоғарыда аты аталған атақтылар кітапты «тез оқысам» деп емес, «көп оқысам» деп жылдам оқитын болған. Яғни, олар солайша мына дүние, мына әлем туралы мол ақпарат алудың амалын жасаған. Демек, уақытыңды үнемдей отырып жылдам оқып үйрену үшін бірінші кезекте көп оқу қажет. Ал көп оқыған адамның жады қажетті ақпаратпен толысып, түйсігінің кеңейе түсетіні онсыз да белгілі.
Сабина Зәкіржанқызы