- Негізгі бет
- Көкжиек
- Кітапты өз бетімен...
Кітапты өз бетімен оқып үйренген Жан-Поль Сартр
Философ, жазушы, драматург, азаттық идеясын насихаттаудан танбаған Жан-Поль Сартр кітап оқуды ата-анасының еш көмегінсіз үйреніпті. Қалай дейсіз ғой?
Кіп-кішкентай бүлдіршін кезден бастап, ата-анасы Жан-Польді алдына алып, кітап оқитын болған. Әр естіген сөз бен әуен баланың құлағына майдай жағып, санасына жатталып қала берген. Әрине, жаттап алған сөздерін Жан-Поль күні-түні айтудан еш жалықпаған. Тек өз сөзін өзінен басқа ешкім түсінбеген. Күндердің бір күні қарт атасы немересіне Морис Бушордың "Ертегілер" кітабын алып береді. Өз бетімен оқуға күш-жігері жетпеген бала бастапқы уақытта машина қылып ойнайды. Кейінірек ішіндегі сөздерді түсінгісі келіп, ата-анасынан оқып беруін сұрайды. Бірнеше мәрте қайталатып оқып берген соң, Жан-Поль кітапты жатқа біліп алады. Бірақ, кітап ішіндегі сөздерді (әріп білмейді) түсінбей, басы қатады. Содан кішкене данышпанға бір ой келеді. Кітапты жатқа білетіні анық, неге жатқа айтып отырып сөздерді білмеске?.. Сөйтіп ата-анасыз жалғыз қалған сәттерде жас француз кітапты қайта-қайта қарау арқылы сөздерді меңгереді. Бүгежектеп оқыса да, біраз сөздің басын шалып қалады.
Бір күні кітап оқып жатқанда үстінен ата-анасы түседі. Баласының осынау қылығына разы болып, таңырқайды. Кіп-кішкентай бала да түк болмағандай, міз бақпай оқи береді. Әйтпесе, бұның бәрі бала көңілдің мақтанғысы келіп, өзі істеп отырған ісі еді. Жемісті еңбегін көрсеткісі келетін бала көңілдің мақтанышы емес пе?!
Баласының бойында талант барын байқап, ата-анасы енді тек кітап сыйлайды. Жан-Поль болса, түсінбеген сөздерін ата-анасынан сұрап алып, кітапты өз бетімен оқуға дағдыланады.
Жастық шағының көп уақытын кітап оқуға жұмсаған, Бергсон, Хайдеггер, Гуссерльдің шығармаларын сіміріп өскен талант иесі 1964 жылы әдебиет саласында Нобель сыйлығын иеленеді.
Сурет: liveinternet.ru
Дайындаған: Фараби Арыстанбеков
Л. Лига