- Негізгі бет
- Көкжиек
- Кітапты көп оқу...
Кітапты көп оқу үшін не істеу керек?
Сіз күнделікті кітап оқуға қанша уақыт бөлесіз? Күнделікті демей-ақ, айына бір кітап оқуға уақыт арнайсыз ба? Сіз сонша оқуға тырыссаңыз да өндіре оқи алмай жүрсіз бе? Онда, келесі кеңестеріміз сіз үшін. Назар сала отырыңыз!
Жаңа кітапты бақылап жүріңіз!
Әр ай сайын әдеби кітаптар жаңа кітаппен толығып отырады. Кітап дүкендеріне, кітапханаға бас сұқсаңыз, көресіз. Жаңа кітаптарды мейлінше үнемі қадағалап, өзіңізге ұнағанын мүмкіндігінше көбірек оқуға тырысыңыз.
Оқуға арнайы уақыт бөліңіз!
Барлық гаджетті 1 сағатқа өшіріп, ыңғайлы орынға отырып оқуға бас қойыңыз. Есіңізде болсын, күніне 1 сағат уақыт арнамасаңыз, бір аптада бір кітапты бітіру мүмкін болмай қалуы мүмкін. Тым құрығанда 1 сағатыңызды оқуға қиыңыз. Кейін осыны әдетке айналдырсаңыз, айына қаншама кітапты кеміріп тастағаныңызды байқамай қаласыз...
Үнемі қолыңыздан кітап түспесін!
Үнемі қолыңыздан кітап түспесін, яғни ылғи өзіңізбен бірге кітап алып жүріңіз. Қолыңызда болса, оқуға ниет танытасыз. Қолыңыз қалт еткенде 10-15 минуттан оқысаңыз да, сол сіз үшін жетістік.
Оқыған кітабыңыз жайлы достарыңызбен пікірлесіңіз!
Кітапты оқу бар және оны сіңіру бар. Сіз түсінбеген шығарманы бәлкім досыңыз түсінген шығар немесе керісінше. Досыңыздың ойы сіздікінен мүлде бөлек болуы мүмкін. Оқыған шығарманы сіз бір қырынан танысаңыз, ол екінші бір қырынан тануы ғажап емес. Сол себептен де, оқығаныңызды толық сіңіру үшін өзгенің пкірін білу маңызды.
Есте сақтайтын нәрсе, білім өзіміз үшін қажет. Үнемі дамуды ойлаған кезде ғана нәтиже шығады. Ендеше, іске сәт, жас дос!
Ж. Жұмағұлов