- Негізгі бет
- Көкжиек
- Кітапхана – барлық...
Кітапхана – барлық жерде
Кітапхана – ғажайыптар мекені. Мұнда өлілер сөйлейді. Кітаптар – ең адал достар. Солай ғой?! Кітапқұмарлардан жаныңызға жағымды жер қай жер деп сұрасаңыз, ойланбастан бірден кітапхана деп жауап берері анық. Кітапханалар жазба ескерткіштердің қоғамдық қоймасы ретінде бұрынғы дәуірден бастап пайда болған. Адамзат тарихындағы бірнеше кітапхана жайлы біраз мәліметтен көзі ашық оқырмандар хабардар. Адам баласының кітапқа деген құрметіне қарап оның қандай адам екеніне болжам жасауға болатындай. Адамдардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында әлемде бірнеше жобалар ұйымдастырылуда. Солардың бірі жөнінде біз сіздерге баян етпекпіз.
Үндістандық 9 жасар Muskan Ariha Бхопал қаласынан шағын кітапхана ашты. Айтуынша мектепті аяқтаған соң өзінің жеке кітапханасын ашу ойында бар екен. Жақын маңдағы кедей аудандарда тұратын кемтар балалар кез келген уақытта келіп кітаптарды қарап, тыңдауына болады. Әзірге кітапханада 119 кітап. Әр бала кез келген кітапты үйіне оқуға алып кете алады.
Кейбір адамдар тіпті демалыс кезінде де кітаптан қол үзбейді. Міне, соларға арнап жақында Тайландта The Library Resort деген атпен демалыс орны (отель) салынды. Аталған демалыс орнында бассейн маңына салынған әдемі кітапхана ерекше назар аудартады.
Пальма маңындағы арқалығы көлбеу орындықта отырып кітап оқи аласыз. Жылы бассейнге шомыла жүріп, түрлі тақырыптағы жаңа кітаптарды алып оқуыңызға болады. Нағыз жанға жайлы жер деп осыны айтыңыз!
Канадалық AKB Сәулет студиясы Торонто қаласындағы кітапқұмар жандарға арнап Story Pod атты шағын кітапхана тұрғызды. Қала алаңдарының бірінде орналасқан бұл шағын кітапханада кітап алмасумен бірге, жайлы орындықта отырып кітап оқуға болады.
Кітап қабына ұқсаған кітапхана есігі оқырмандар үшін әр таңда ашық. Түнде шағын кітапхана жабылады, бірақ жұмыс істей береді. Кітапхана төбесіне арнайы орнатылған күн панельдері түнде келушілерге үлкен диодты шам арқылы жарық береді.
Ж. Жұмағұлов