АҚШ-та, жалғыз бұл ел емес, оларды көру үшін басымызды шалқайтатын мемлекеттің барлығы да кітап шығару мәселесін шешіп-ақ тастаған. Қағаз ғасырынан өткенімізді бірінші болып мойындап, электронды кітаптарды қолданысқа енгізіп, тіпті мұндай жаңа әдіс арқылы тапқан пайдасы әлдеқашан тау асып кеткен ел де осы – АҚШ. Мойындамасқа шара жоқ. Десек те, ақын-жазушысы бар елдің барлығы да оларды алақанына ұстап, аялап отырған жоқ. Дәл осында олар «соғыс» ашады екен. Кімге? Итшілеген тіршілікке де... Көркемдік, ізденіс, дәстүр, ұлттық, жаңашылдық деген бір майдан аз болғандай, енді келіп, ақша, тәуелділік, тағдыр, ынсап секілді екінші бір майданға қылышын сүйретеді екен ғой, шіркін...
Ал... біздің қаламгер мұндай үрдіске дайын ба? Оны өздерінен сұрап көрсек...
Сұрақ:
1. Кітап шығару бизнес көзіне айнала ма, бұған қалай қарайсыз? Ақша табу жолына айналса, жазушылардың жағдайы жақсарады, ал керісінше көркемдік, сын дегендер төмендейтін сияқты...
2. Әдебиет майданында ешкімнен де көмек күтпей, өз қолыңыздан келген істі жасап, қаламгерлік жолда партизандық салтпен жүруге қалай қарайсыз?
Исраил Сапарбай, ақын, сазгер, драматург: «ПСИХОЛОГИЯМЫЗ ЖАТ»
- Ол әркімнің өз шаруасы деп ойлаймын. Әркімнің өзіндік ұстанымы. Маған капиталистік бола ма немесе партизандық жүйе бола ма, бәрібір. Маған қоғам ұнамаса даттаймын, ұнаса жақтаймын. Ақын-жазушылардың өздері кітап жазып, оны өз қалтасының шығынына шығарып, оны өзі сататындай жүйеге біз үйрене алмаймыз. Кеңес өкіметі кезінде кітаптар ең аз дегенде 10 мың данамен шығатын. Қазір ше? Мысалы менің үйімде 500-1000-нан кітаптарым бар. Оларды мен сатпаймын, сыйлаймын. Егер біреудің тойы немесе мереке болып жатса, шапан жабудың орнына соны беремін. Себебі мен үшін кітабым ең қымбат дүние. Қазір сатамын десең де, алушылар жоқ, ешкім кітап оқымайды. Ондай «капиталистік» жүйеге біздің діліміз, психологиямыз жат.
Болат Үсенбаев, ақын: «МИЛЛИОНЕР ЖАЗУШЫ КӨРГЕНІМ ЖОҚ»
- Жалпы біз капиталистік жүйеге көштік. Амалсыз ба, әлде қасақана ма әркімнің өз ойы. Қаламгер болашаққа үмітпен қарайды. Олар өз шығармаларымен ұлттың болашаққа деген үмітін оятады, алға жетелейді. Капиталистік дүниеге көшкенімізбен, капиталистік қоғамның қыр-сырын меңгере алмай келе жатырмыз. Кітап саудасы атымен жоқ. Ондай коғамның өзі сауда, ал біз оған икем емеспіз. Жастар болмаса біздің жастағылар оған үйрене алмайды да. Сондықтан, осындай жағдайда мемлекет көмекке келуі керек. Жазушыға қамқорлық жасау, әдебиетті насихаттау керек. Мысалы көтерілістің алғашқы жылдарында жаппай сауат ашу, кітап шығару мемлекеттің ойында болды. Елді жаппай оқытты. Соның нәтижесінде біз бүгінгі дәрежеге жеттік. Әдебиет деген идеология, оны қоғамнан бөлуге болмайды. Миллионер жазушы көргенім жоқ, болмайтын да шығар. Кітап шығару мәселесіне келетін болсақ, әдебиет деген – дерт. Бойында таланты бар адам жазбай тұра алмайды. Оның кітап болып шығу-шықпауы екінші мәселе. Ал жаппай кітап жазғыштар, соңғы кездегі кітапсымақтар ағайындарына, туыс туғандарына «мен де кітап жазамын, кітабым бар» деген қазақы мақтану үшін ғана шығарып жүр. Олардың көпшілігін, белгілі я белгісіз журналистер мен қаламгерлер тиын табу үшін жазып береді. Оны әдебиет деп санау ұят! Қазір әдеби сын тоқырап тұр, жақсы шығармалардың жүйелі насихаты жоқ. «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сынды күшейтетін кезең жетті. Көркемдік дегеннің не екенін, нағыз қаламгер мен халтуршиктің ара-жігін ашып, көрсетіп отырса, оқырманның эстетикалық талғамы өсер еді. Ал нашар кітаптардың шығуы баспаларда маман редакторлардың жоқтығынан. Нені шимайласа, соны шығара береді. Бұл әдебиетімізді құлдыратады.
Қуандық Түменбай, жазушы: «БӘРІ ДЕ МҮМКІН»
- Қазір бәріміз – «партизанбыз»
«Партизандар секілді,
Сіңіп кеткен орманға,
Таптырмайды тамаша ой,
Табам деп мен арманда» деген Қадыр Мырза-Әлінің өлеңі де санамызда сақталып қалған. 85 жастағы Юрий Бондаревтің: «Жазушылар ортасы – тең орта емес. Қызғанышты орта. Мейірімсіз орта» дегені бар. Күннің шуағы секілді мейірімді аңсап жүрген де жөн сияқты. Нағыз жазушының қаламы қолында, қара қазаны - әдеби қор. Әдеби қор істесе, жазушының өңі кіріп қалар еді. Сол қара қазанның астына от тұтатуды ойлауымыз керек.
«Кітабымды сатып бер» деп ешкімге айта алмаймын. «Жаманға жүзің салма сағың сынар» дейді. Жақсылыққа жақсылық жасау әркімнің қолынан келе бермейді. «Момыннан асқан жаман жоқ» деп, момын күйімізде қолдан келгенше ақ қағаз бен қаламнан әрі кетпесек, агрономдықты тастап, Алматыға келгендегі арманымыз орындалды деп есептейміз. Алматыда қолынан іс келетіндер көп болмаса да бар. Мысалы, ізімізді басып келе жатқан Қонысбек Ботбай «партизан» бола жүріп, прозаға тұщымды нәрселер бере алады деп ойлаймын. Басқалар игере алмаған заман технологиясын ол игерген, енді жапандағы жалғыз үй боп Құдайдың бойға бергенін қағазға түсіріп кетуге талаптанып келеді.
Мемлекет есебінен «Үркер» деген әдеби журнал шығарамын. Жазылуға, сатып алуға жастардың ынтасы зор, бірақ ақшалары жоқ. Жоғары оқу орнының бір проректоры: «Мен жастарға жазыл деп айта алмаймын, ол пәленбай бап бойынша қылмыс боп есептеледі» - дейді. Қоғам тек қылмыстан тұратын секілді, бұрын әдебиет пен өнерден тұрушы еді.
Партизандар шабуылды тұтқиылдан бастайды. Тұтқиылдан сәтті шығармалар тууы мүмкін. Қазір «Мен жазып жатырмын емес, жазғанымды қалай шығарам» әуені қалықтап жүр. Бірақ, қарап отырсаң, шығарушылар да аз емес. Куәлігі бар санаттағы жазушылардың саны одан да көп. Бірақ, оқитын кітап одан да аз. Әдеби қор деген қара қазан қайнаса, бәрі біртіндеп жолға қойылады. Қара қазанның жылуына шын қалам ұстағандар ғана жылына алады. Кезектен көз сүрінеді. Көбі бейтаныс. Көзтаныстар некен-саяқ. Ол «партизан» боп қара орманында қалам тербеп отыр. Бала күнімізде партизан боп «немістерге» шабуыл жасап ойнаушы едік.
«Ойыннан от шығады» деген осы.
Сауалнаманы жүргізген: Ардақ Құлтай
Сурет: Нұрғиса Елеубеков