Еркіндік, ең әуелі, кітапханаға бару үшін керек. Жалпылама ұғымдағы шексіздік – кітаптың барынша айқын аспектілерінің бірі. Өйткені, кітап авторын өзі талпынған биігінен де кең ауқымға шығаруы мүмкін.
Кітаптардың, бізбен салыстырғанда, болашаққа бару мүмкіндігі көп. Тіпті ең жаман деген кітаптың өзі авторынан ұзақ жасайды. Оған ең қарапайым себеп – кітап сақталуы үшін, оны жазған адамға қарағанда, физикалық тұрғыдан аз кеңістікті қажет етеді. Көп жағдайда жазушының денесі топыраққа айналып, даңқы уақыттың дауылына көмілген кездің өзінде, оның жазған кітабы сөреде шаң басып тұра бермек. Десек те, жазушы қауым үшін болашақтың сөредегі сол формасы кей туысының не досының жадындағы естелігі ғана болып қалудан әлдеқайда артығырақ. Осы нәрсенің өзі-ақ талайы бөлек жандардың қарыс сүйем қаламды серік етуіне себепкер болды. Хадис-шәріпте ой қуғандарға «білгенін жазып бекітуді» өсиет еткен. Сондықтан, біз түптеулі төртбұрыш күйіндегі кітап деп аталатын нәрселерді қолға алған кезде ғайыпқа кеткен тағдыр иелерінің рухымен, потенциялды не шынайы болмысымен тілдесеміз десек артық болмас еді. Түптің түбінде, кітап оқуға жұмсалатын нәрсе – ол роман, философиялық трактат, өлеңдер жинағы, биография не триллер болсын, - адам өмірі: ал өмір жақсы болар, жаман болар, ең бастысы – өтпелі нәрсе. «Философиямен айналысу – өлімге дайындық» деген адам абсолютті ақиқатқа тым жақын болған, өйткені кітап жазу қартайу процесіне тосқауыл бола алмайды. Басқаша айтқанда, кітап жазғаннан ешкім де жасарып кетпейді. Кітап оқудан да солай.
Демек, біздің онсыз да бағалы уақытымыз тек жақсы кітаптарға жұмсалуы керек қой?! Бірақ, сол жақсы кітаптардан парадоксальді мәселе туындайды. Барлық жердегідей, әдебиетте де «жақсы» дегеніміз автономды категория емес: жақсы өзінің жаманнан артықшылықтары арқылы анықталады.
Кітап оқу көп уақыт алатындықтан, ал уақыттың бүгінгі технократтық заманымызда өте тапшы екендігінен, біз кітап оқудың үнемді жүйесіне мұқтаж боламыз. Қалыңдығы қос елідей томдардың ішіне сүңгіп кетудің қызығы ерекше екендігін жоққа шығара алмаймыз. Десе де, кітап бізге жай ғана оқу үшін емес, таным көкжиегін кеңейту үшін керек. Бүгінгі күні баспа өнімдерінің көптігі сонша, кітапханаға бара қалсақ, өзімізді мұхиттың ортасында жалғыз қалғандай сезінеміз. Сол себепті жедел фокустағы, нақтылыққа негізделген, мейлінше қысқа әрі мазмұнға бай шығармаларды ғана жүйелеп оқуға қажеттілік туындайды. Бір сөзбен, кітап мұхитының ортасында қалған бізге таным деп аталатын жағалауға жетуіміз үшін ең әуелі компас қажет.
Ондай компас рөлін, әдетте, әдебиет сыншылары мен рецензенттер атқарады. Бірақ олардың жасаған сілтемелері үнемі дұрысқа шыға бермейді. Өзімізге жасағымыз келетін үнемді жүйе үшін рецензенттерге сүйенудің негізгі үш қолайсыз жағы бар:
а)рецензент шығармашылық иницативасы төмен яки тәжірбие тұрғысынан біздің өзімізбен тұстас болуы мүмкін;
ә) ол бір салаға ғана қызығушылық танытуы не бір баспагердің ғана тапсырысына жұмыс жасауы мүмкін;
б) егер ол талантты жазушы болса, өз рецензиясын тәуелсіз өнер түріне айналдырып жіберуі мүмкін де, біз кітаптың өзін емес, тек рецензиясын оқумен ғана шектеліп қалуымыз ықтимал.
Аталған тығырықтан шығудың альтернативасы біздің өз компасымызды жасау болғаны дұрыс шығар. Яғни өзіндік талғам мен көзқарас қалыптастыру жолында шамамыз келгенше кітаптар әлеміне жалпылай шолу жасап көру. Бірақ ол үшін өте көп уақыт кетеді де, күндердің бір күнінде сұрықсыз том кітапты қолтығыңызға қыстырып алып, аппақ қудай кәрі күйіңізде тәлтіректеп үйге қайтып келе жатуыңыз әбден мүмкін. Тағы бір альтернатива – басқа пікірлерге сүйену: досыңыз кеңес берген болмаса көңіліңізге жаққан авторлық мәтіннің сілтемесі. Дегенмен, ресми бекітілмеген мұндай процедуралар барлық қара таныған жұртқа бала кезден таныс шығар. Бұл шешім жетістікке кепіл бола алмайды. Өйткені әдебиет сәт санап ұлғая, тереңдей беретін мұхит. Оған кез-келген кітап дүкеніне барсаңыз-ақ көз жеткізе аласыз.
Суда тірек жоқ. Сонда бұл мұхиттан танымның құрлығына қалай шықпақ керек?
Өз түсінігімдегі әдебиетке дұрыс талғам қалыптастырудың жалғыз жолын сіздерге ұсынбастан бұрын, сол идеяның егесі, яғни мына мен хақында бірер сөз айтсам. Бұл жеке менмендік емес, бірақ идея өзі шыққан контекстпен тығыз байланысты. Шыны сол, егер мен баспагер болсам, кітап мұқабаларына автордың аты-жөнін ғана емес, сол кітапты жазған кезде нақты неше жаста болғандығын қоса жазар едім. Сонда ғана оқырманға өзінен белгілі бір шамада жасы үлкен, болмаса кіші автор ұсынған ақпаратты пайдалануда тиімді таңдау жасауына мүмкіндік туғыза аламыз.
Мен үшін әдебиет дегеннің мәні жүздеген адамдардың есімі ақылы түсіндіріледі. Өзімді у-шудың ортасында өзін жайсыз сезінетін, сауық кештерінде билегенді ұнатпайтын, күнделікті тірлікте қылған қарапайым қателіктерінің өзінен метафизика арқылы ақталғысы келетін, саясат туралы пікірталастан бойын аулақ ұстауға тырысатын адамдар категориясынанмын деп есептеймін. Осыған сай қабыл алған кеңестерімді бөліскім келеді. Кітапты бастаған екенсіз, ол міндетті түрде аяқтауыңыз керек деген сөз емес. Автордың бір шығармасы ұнады екен деп, сол авторға тиесілінің бәрін сүзіп шығу да қажетсіз. Қазғанның бәрінен қазына шыға бермейді. Енді осы айтқандарымның мәнін аша түсу үшін негізгі айтпағымызға көшсек.
Әдебиетке дұрыс талғам қалыптастыру үшін поэзия оқу керек. Мәселе поэзияның қай тілдің болсын ең жоғарғы формасы болуымен қатар, адамдық тәжірбиесін жеткізудің ең мығым да тиімді әдісі саналуында. Поэзия кез-келген лингвистикалық әрекеттің мүмкін болғанша жоғарғы стандартын ұсына алады.
Біз поэзияны неғұрлым көбірек оқысақ, соғұрлым көпсөзділіктің қай түрінен болса да(мейлі ол саяси не философиялық, тарихи, тіпті қоғамдық ғылымдар мен көркем әдебиет шығармалары болса да) қашықтай түсеміз. Прозадағы жақсы стиль – асқан дәлдікке, жеделдік пен интенсивті поэзия тіліне тәуелді. Ойдың кез-келген тарабына барудың төте жолы ретінде, поэзия прозаны дисциплинаға бағындырушы өлшем. Ол әдебиеттің түп негізі және проза поэзиядан бастау алған. Осы себептерден-ақ, поэзия экономиямен синоним және үнемді оқу жүйесі үшін ең басты нәрсе деуге болады.
Мақсатыңыз көздеріңіз бен ми клеткаларыңызды көптеген пайдасыз баспа материялдарынан арашалап алу болса, бұл әлдеқайда оңай. Аталған әдіс поэзияның басқа әдебиет үлгілерінен көлем жағынан айтарлықтай қысқалығымен түсіндіріледі. Мысалға сізді қазіргі заман әдебиеті қызықтырады делік. Онда сіз алдын ала өзіңіз оқығыңыз келген тілде бірнеше ай оқуға жетерлік поэзиялық шығармалар аласыз. Лажы болса өткен ғасырдың екінші жартысынан бері қарай жасаған ақындар болса тіпті жақсы. Менің жобалауымша, ондаған жұқалтаң поэзия кітапшалары мен екі ай уақыт сіздің сол тілдегі көркем әдебиет атаулыға деген көзқарасыңызды бұрынғыдан әлдеқайда айқындай түседі.
Егер қазіргі қазақ прозасына құмартар болсаңыз, алдымен Жұмекен Нәжмединов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Жәркен Бөдеш, Төлеген Айбергенов, Жұматай Жақыпбаев, Жарасхан Әбдірашев, Қадір Мырзалиев, Ұлықбек Есдәулетов, Мұқағали Мақатаев секілді ақындармен жақсылап танысып алыңыз. Аталған ақындардың қайсыбірін оқығаннан кейін, сіз қолыңыздағы проза кітабына көңіліңіз толмай қалса, бұл сіздің кінәңіз емес. Ал егер жалғастырып оқи берсеңіз, бұл сол кітаптың авторының мерейін үстем етпек. Әрине, сіздің алдыңыздағы. Яғни, бұл автордың жоғарыда аталған ақындар айтқан өмір сүру шындығына алып қосары бар деген сөз. Сонымен қатар, бұл автордың тілінде еркіндік энергиясының мол екенін, кісі қызықтырарлық идеялары бар екенін, тіпті жоқ дегенде, іш пыстырмайтынын көрсетпек. Дәл осы әдісті басқа әлемдік әдебиетке қолдана аламыз. Енді соларға қысқаша тоқталсақ.
Егер ағылшын тілді прозаға құмартар болсаңыз, мен сіздерге мына ақындарды ұсына аламын: Роберт Фрост, Томас Харди, Йейтс, Т.С.Элиот, У.Х.Оден, Марианна Мур, Элизабет Бишоп. Неміс тілді әдебиеттен – Райнер Мария Рильке, Георг Тракль, Питер Хухель, Готфрид Бенн. Испан әдебиетіне – Антонио Мачадо, Гарсия Лорка, Луис Сернуда, Рафаель Альберти, Хуан Рамон Химинес және Октавио Пас. Өткен жүзжылдықтағы әлем әдебиетінің ең жоғары деңгейдегі поэзиясын поляк әдебиетінен көруге болатын сияқты. Сондықтан, поляк тілді әдебиет үшін Леопольд Стафф, Чеслав Милош, Збигнев Херберт және Вислав Шимборскилерді ұсынар едім. Француздардан Гийом Аполинер, Жюль Сюпервьель, Пьер Реверди, Блез Сандрар, Поль Элюар, Арагон, Виктор Сегален, Анри Мишо. Грек әдебиетіне – Константин Кавафис, Георгий Сеферис, Янис Рицос. Голланд тілді прозаға Мартинус Нейхоф. Португалдықтар үшін Фернандо Песо мен Дурмонд де Андраде. Швед тіліне Гуннаp Экелёф пен Гарри Мартинсон. Итальян әдебиетіне Унгаретти және Монтале. Ал егер орысша болса, жоқ дегенде Маpина Цветаева, Осип Мандельштам, Анна Ахматова, Боpис Пастеpнак, Велимиp Хлебников, Hиколай Клюев сияқты ақындармен танысығыңыз болу шарт.
Сөз соңында, осы айтқандарымызды нақтылай түсер бір мысал. Оқырман екі қолына екі кітап алды делік. Сол қолында өлеңдер жинағы, оң қолында прозаның томы. Ол қайсысын бірінші тастар еді деп ойлайсыз? Әрине, ол ең алдымен нағыз поэзияның нашар өлеңнен қандай айырмашылығы бар, өзінің сол қолында ұстап тұрған нәрсесі шынымен де бас қатыруға тұрарлық нәрсе ме дегендей ойға келеді. Осы күмәнді ойына біз былай жауап береміз:
Біріншіден, оның сол қолындағы кітап оң қолындағысына қарағанда әлдеқайда жеңіл болады.
Екіншіден, поэзия – Монталенің сөзімен айтқанда – мейлінше семантикалық өнер.
Үшіншіден, оқырман сол қолында ұстап тұрған кітабының қандай екенін үш-ақ жолын оқып бастағаннан түсіне алады. Себебі поэзия тез сіңіріледі де, ондағы тілдің сапасы бірден сезіледі.
Ендеше, біз жоғарыда атап өткен ақындардың әрқайсысынан тым болмаса үш жолдан оқып шығыңыз да, қалаған кітабыңызды оқи беріңіз. Зейініңіз ашылсын!
Автор: Биболат Сәтжан