Биыл Қазақстаннан қырыққа жуық студент Мәскеудің Баспа университетінде оқуға мүмкіндік алды. Болашақ баспа ісі, кітап ісі және полиграфист-инженер мамандарын дайындау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Кітап Палатасы, Баспагерлер мен полиграфистер ассоциациясы Мәскеу Мемлекеттік Баспа университетімен келісімге келіп, шарт жасасты. Сөйтіп, тамыз айының соңында Қазақстаннан бір топ студент боп оқуға аттандық.
Метро шағын кітапханаға ұқсайды
Мәскеу бізді суық қарсы алды. Алматының аптап ыстығына үйренген қазақтарға ауа-райы жақпады. Әуелгіде жан-жағымыздағы жайттардың барлығына жатырқай қарадық. Тіпті, бұл қаланың өміріне үйрену мүмкін еместей көрінді. Көліктерден бір тыншымайтын көшелерінен, асығып жүретін адамдарынан, қаланың у-шуынан әбден мезі болдық. Жасыратыны жоқ, бір аптадан соң ауылға қайтқымыз келді. Алматыдағы өзімізше «қарбалас» деп жүрген өмірімізді сағындық. Мәскеу – нағыз қайнаған өмірдің ортасы. Ағылған адамдар тасқыны бізді айдап әкететіндей көрінді. Бірақ қоғамдық көліктерде, дүкенде, асханада – көпшілік бар жерде жүрсек те, қақтығысып-айғайласқан адам көрген жоқпыз. Барлығы сыпайы, мәдениетті сөйлейді. Көмек сұрасаң, жылы шырай танытып, қолдарынан келгенше көмектеседі. Нағыз мәдениетті адамдар. Мәдениетті деуге тағы бір себеп: үлкеннің де, кішінің де қолынан кітап түспейді. Әсіресе, метрода көп оқиды. Мәскеудің метросына алғаш мінген адам да көлікке емес, кітапханаға кіргендей сезімде болады. Жасы да, кәрісі де кітаптан көз алмайды. Қарттардың қолынан көбіне шағын, сөмкеге салуға ыңғайлы, жұқа мұқабалы кітаптарды байқаймын. Кәдімгі қағазға басылып, бояудың иісі сіңген дәстүрлі кітап. Ал жастар электронды кітап немесе ұялы телефондар арқылы оқиды. Тіпті, келбеті келіскен, бетіне бояу жағып, соңғы үлгімен киінген «әдемі» қыздардың өзі кітапты ықыласпен оқиды. Метроның әр вагонында тегін wi-fi желісі орнатылған. Бірақ бұны пайдаланып, әлемеуттік желіге, не өз парақшасына кірген жолаушыны кезіктірмедім. Олар көбіне керек кітабын жүктеп алу үшін, не жаңалық оқу үшін пайдаланады екен. Мәскеуліктер орыс әдебиетімен қатар, әлем әдебиетін де аса қызығушылықпен оқиды. Метродағы әр үшінші оқырман Достоевский мен Толстойды парақтап отыратынын да аңғарып жүрміз.
Нарық заманындағы кітап насихаты
Мәскеуге келген қонақтардың барлығы Қызыл алаңға соғып, Кремльге жиналады. Кейін әйгілі «Третьяков» галереясын тамашалауға асығады. Біздің де бағытымыз солай болды. Кремльден кейін көрмеге бардық. Кірер тұста жолдың шетіндегі автобусқа көзім түсті. Түрлі-түсті кітаптармен безенген сары автобус. Қызығып ішіне кірдік. Іші мектеп жасындағы балалардан көрінбейді. Барлығы кітап таңдап жүр. Бергі шетте сатушы қыз балалардың жарыса қойған сұрақтарына жауап беріп тұр. Бұл балаларға арналған жылжымалы кітап дүкені екенін сол кезде түсіндік. Мәскеуде кітап тарату, сату мәселелері бір жолға қойылған. Жарнама да жақсы жұмыс жасайды. Мәселен, қаланың барлық қоғамдық көліктерінен жаңа шыққан кітаптың жарнамасы ілініп тұрады. Ол авторға да, оқырманға да өте тиімді. Кітаптың бағасы, тапсырыс беру нөмірі, қай дүкеннен табуға болатыны сынды барлық қажет ақпарат жазылған. Баспа ісіндегі менеджмент те жақсы дамыған. Мәселен, күн жылы кезде, А.Пушкин атындағы саябақта ашық аспан астында кітап оқи беруге болады екен. Таңертеңнен кешке дейін кітап сататын дүңгіршектер жұмыс істейді. Кітапты сатып алуға немесе оқып қайтаруға болады. Дәл осындай игі бастама бізде де жалғасын тапты. Алматының Панфиловшылар саябағында буккроссинг ұйымдастырылды. Бірақ оқырмандар саны өте аз болып, шара тоқтап қалды.
Қаладағы кітап дүкендері ірі сауда орталықтары секілді зәулім, биік ғимараттарда орналасыпты. Дүкендерде кітап ассортименті өте көп, қызмет көрсету деңгейі де жоғары. Бірақ бұған сәйкес кітаптың құны да қымбат. Орташа баға – 300 рубль, егер сіз жұқа мұқабалы, шағын кітап алғыңыз келсе, 1000 теңгедей ақша жұмсайсыз. Классиктерді оқу одан да қымбат. Рас, аты затына сай. Кітаптар да нағыз классика: баспа өнімінің полиграфиялық сапасы жоғары, безені де оқырманды бірден баурап алады, кітапқа қойылатын стандарттардың барлығы орындалған. Бұл кітаптарды оқығыңыз келсе, қалтаңызда кем дегенде, екі-үш мың теңгедей қаражат болуы керек. Қазақстандағы кітап құнымен салыстырсақ, еш айырмашылық байқалмайды. Әрине, әр мемлекеттің күнкөріс деңгейін де ескеру қажет. Қазақстандықтар айына орташа есеппен жиырма бір мың теңгеге күн көрсе, ресейліктер он мың артық жұмсайды екен. Қосыша құн салығын тағы есептеңіз. Ресейде он пайыз болса, Қазақстанда он екі пайыз. Демек, біздегі кітаптың бағасы әлдеқайда қымбат.
Ресейліктер неге көп оқиды?
Біз түскен университетке орыстың тұңғыш баспагер-полиграфисі Иван Федоровтың аты берілген. Бұл Ресейдегі мамандандырылған, тек кітап ісі саласы бойынша кадрлар дайындайтын бірден-бір университет. Бұрынғы полиграфия институты. Ресейдің Владимир Маяковский, Аркадий Мильчин, Эйнтин Юрий сынды мақтаныштары оқыған университетте оқу біз үшін мәртебе болды. Сабаққа келіп, кабинет іздеп жүрген кезде дәлізден «Кітап алмасайық, оқып болсаң, бізге бер» деген маңдайында жазуы бар сөреге көзім түсті. Жақынырақ келіп, кітаптар тізімін қарадым. Ресейлік студенттер екі тілде қатар оқиды екен. Ағылшын, орыс тіліндегі Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй, Теодор Драйзер, Оноре де Бальзактың кітаптары сөреде тұрды. Және бұл кітаптарды студенттер күн сайын өзді-өзі ауыстырып отырады.
Кейін мені «Ресейліктер неге көп оқиды?», «Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?» сынды түрлі сауалдар мазалады. Осылардың барлығына жауап алғым келді. Әр бейсенбі сайын бізге университетінің профессоры Г.И.Матрюхиннің дәрісі болатын. Ресей Кітап Палатасында қызмет жасап, басшылық еткен ұстаздан көкейдегі сұрақтарға жауап алмақшы боп, әңгімеге тарттым. Әңгімені бастамас бұрын, Қазақстандағы кітап, баспа ісіне қандай баға беретінін сұрағанымда:
– Әрине, Кеңес Одағы құлаған соң, әр ел өзінше күн көрді. Одаққа кірген он бес мемлекеттің әлеуеті нашар болған кезде, баспалар жайында сөз қозғаудың қажеті жоқ. Уақыт сол алмағайып кезеңнен өткізді. Қазір барлық мемлекет аяқтарына нық тұрды деуге болады. Бүгінде Қазақстанның баспаларына, кітапханаларына, кітап палатасына қарап, мен оң баға бере аламын. ТМД елдерінің көшбасшы бестіктің қатарында деп сеніммен айта аламын. Ресейде басылатын кітаптардың Қазақстанда сатылып, оқылуы халықтың кітапқа деген сұранысының барын айқындайды. Қазақтар кітап оқымайды дегенге сенбеймін. Студент кезімде, 60-жылдары Қостанай облысына қарасты, Шортанды ауданында болдым. Студенттік құрылыс жасағымен бірге бардым. Сол жерде отыздан астам өзге ұлт өкілдерімен араласып, жақсы дос болып кеттік. Барлығымыз тату едік. Сол күндері қолынан кітап түспейтін талай қазақ жігіттерін көрдім.
Кітап оқу мәдениеті, жалпы кітап оқу әдеті бала кезден қалыптасатын қасиет екенін түсіндім. Баланы кітапқа баулып, күнделікті төрт-бес бет оқуды әдетке айналдырған жөн. Бұл, ең алдымен, оның ата-анасы мен мұғаліміне тікелей байланысты. Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігі ұсынған мектеп бағдарламасында «чтение» пәні жүреді. Бұл «әдебиет» сабағынан бөлек. Арнайы оқу-әдістемелік құралдар да пайдаланылады. Мектеп қабырғасынан-ақ баланың «оқырман» боп қалыптасуына ықпал етеміз. Кітап ісін дамытуға үлес қосып жүрген ғалымдардың көмегімен түрлі жобалар да іске асырылады. Жақында мектеп кітапханалары «Читающяя мама – читающая нация» атты іс-шараны ұйымдастыруды қолға алды. Балалар, оның ішінде қыз бала анасын үлгі етіп өседі. Демек, ана балаға тікелей әсер етеді. Анасының кітап парақтап отырғанын көрген бала оған еліктейді. Кейін баланың өзі қызыға бастайды. Кітап оқитын халықты көрсеңіз, ең әуелі сол елдің анасы кітап оқиды деп түсінген жөн. Ұлы Русьті билеген Иван Грозный Грек елі арасындағы бейбітшілікті сақтап қалу үшін амалсыздан сол елдің қызына үйленбекші болады. Қыздың төркіні екі арба жүкпен аттандырады. Сөйтсе, қыздың әке-шешесі екі арбаның барлығына кітаптар тиеген. Гректен алған әйелінің арқасында Грозный кітапхана салдырып, оны келер ұрпаққа сақтаған. Бүгінде Патшаның игі ісінің арқасында Ресей Ұлттық кітапханасының қоры 25 млн.-ға жетіп, әлем бойынша Америкадан кейінгі ең үлкен кітапханалар қатарына енді, – деп жауап берді.
Расымен, бүгінде «ең көп оқитын» елдер қатарында Еуропа көш бастап тұр. Еуропа мен Америкада оқырмандардың жетпіс пайызы әйелдер қауымы екен.
Орыс халқының кітапты құмарлықпен оқығанын көріп, іштей сүйсінесің. Біздегі метро мен автобустардан да дәл осы көріністі көргің келеді. Қаланың барлық көшелерінен театр, кино афишаларымен қатар, жаңа басылған қазақ кітабының да жарнамасы тұрса...
Ардақ Әлімбетова, Мәскеу қаласы
2015.02.17