Кітап – білімнің қайнар көзі. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы.
«Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп хакім Абай жырлағандай, кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтыны анық.
Кітап тек досың ғана емес, ұстазың… кеңесшің… ақылшың. Дегенмен, біз бұрынғы кітап оқу үрдісінен айырылып бара жатқандаймыз. Қазіргі кезде том-том кітап құшақтап, кітапханаға жиі баратын адамдарды сирек кездестіретін болдық. Мерекелерде, туған күндерде адамдар бір-біріне кітап сыйлаудан қалған. Соның салдарынан жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастағандай.
Өкінішке қарай, кітапқа деген адамдардың өз бетімен қызығушылығы азайып барады. Әдебиетке деген құлықсыздық пайда болды. Оның себептерін күнделікті қолданысқа енген ғаламтор, компьютер секілді құралдардың әсері деп білеміз. Қазіргі жастар кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидарға үйірсек. Мұның барлығы кітап оқуға үлкен кедергі келтіреді.
Ата-аналар да тым жұмысбасты боп алған. Баланың теледидар қарауын белгілі бір уақытқа ғана шектеп, кітап оқуына арнайы көңіл бөліп, қадағалап отыруға олар уақыт таппайды. Әрине, мұны себеп деуге де келе қоймас, өйткені бұл көзі қарақты адамның бәріне мәлім. Қоғамымыздың рухани әлемінің жұтаңданып бара жатқаны да осыдан деп ойлаймыз рас. Осы мәселеге орай, «Кітап неге оқылмайды?» деген сауалға жан-жақты жауап іздеп көрген едік. Алынған жауаптан төмендегіше ой түйдік.
«Жастар кітап оқымайды» деп байбалам салғанша, әрекетке көшіп, асыл қазынамыздың қадір-қасиетін арттыруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Оқырман мен кітап оқушы қоғамды қалыптастыру үшін ең алдымен ата-ана, мектеп, кітапханашы қызметі жоғары дәрежеде болуы керек. Әрине, сылтау мен себеп көп. Ал ол себептердің ар жағынан «кітаптың, әсіресе әдеби кітаптың оқылуы үшін не істеу керек?» деген қисынды сауал туындайды. Кітапханашылар жас ұрпақты әдебиеттен тыс елеңдететін ақпарат түрлері көп, қазақ тілінде балаларға арналған әдебиеттер тым аз деп шырылдайды. Әр баланың жасына сай, тіліне жатық, безендірілуі көркем орыс тілінде басылған кітаптар сияқты, қазақ тіліндегі басылымдардың сапасы да осындай болуын өтінеді. Әртүрлі саладағы балаларға арналған ана тіліндегі энциклопедиялардың жоқтығы да алаңдатады.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді кезінде Ғабит Мүсірепов. Қанша жыл өтсе де, қанша буын алмасса да кітап өз құндылығын еш жойған емес.
Қазақтың шұрайлы тілі – қазақтың көркем әдебиетінде. Ал кез келген ұлттың әдебиеті мен тілі ең алдымен сол ұлттың өзіне керек. Қазіргі қазақ қоғамының алдында жас ұрпақты кітапқа, оның ішінде қазақ тілінде жазылған кітапқа баулу міндеті тұр. Осыны ескерген абзал.
Автор: Абылайхан Жұмашев