Көз

Көз

"Қарға баласын әппағым, кірпі баласын жұмсағым" дейтін ана мейірінің шексіз өлшемі адамға өзгеше әсер сыйлайды. Біз бар тіршілікке ана көзімен қарай алсақ, бүкіл дүние сұлуланып, бүкіл әлем нұрланып кетер ме еді?!

Ол ес білгеннен бастап, шексіз ана мейірі мен махаббатының аясында бойжетті. Өзінің ақ қар ханшадан да сұлу екеніне сенетін. Ана көңілінде ол жүзі нұрлі, мөлдір көзді, сүйкімді періште еді. Бірақ мектеп табалдырығын аттағанда-ақ барлық сенімі селге кетті. Достары оның әдемі емес, керісінше тым көріксіз екенін айтатын. Басында оларға сене қоймады. Барлық адам қызғаншақ, күншіл деп ойлайтын. Бірақ, көп өтпей ол шындықпен бетпе-бет жүздесті. Анасының қардай әппақ деген әлпеті шешек ауруынан қалған қара даққа толы, ал әдемі көзі тіптен қыли екен. Қаншама жылдан бері қалай алдап келген?! Жас сәбидің көңіліндегі анаға деген махаббаты солғындай бастады. Бой жетіп, өзінің жұрт назарынан тыс қалғанын ойлаған сайын анасына деген өкпесі өшпенділікке айналған болатын.

Күн сайын әлсіреп бара жатқан көз нұры оны емханаға жатуға мәжбүрледі. Дәрігерлердің сыбысынан өзінің көп өтпей соқырға айналатынын естіп, азаптанып жататын. Соңғы күндері ол тіпті ана мейірінен де алыстап бара жатқандай сезінетін. Күн сайын өз жанынан жырақтап бара жатқан анасы аяқ астынан «Мен жұмысымды басқа қалаға ауысатыратын болдым» деді де, оның қасынан біржола кетті.

Көп өтпей ол үшін бүкіл дүние тас қараңғы түнекке айналды. Енді жалғыздықтың қасіретін шын сезіне бастады.

Бір күні дәрігерлер оған сәйкес келетін бір жұп қос қарашық тапқанын айтып, бойжеткенге операция жасады. Ол көзін ашқанда тағы да сол баяғы көріксіз келбетін көруден қатты қорқатын. Дегенмен, тас қараңғы соқырлықтан әлде қайда жақсы ғой. Тым құрығанда,  сүркейлі түнек ішінде өмір сүрмейді.

Операциядан соң айна алдына келген бойжеткен есінен адасып қала жаздады. Көз алдында «Нұрлы жүзді, мөлдір көзді, сүп-сүйкімді періште» отыр еді. Тіпті жүзіндегі сансыз дақтың өзі сұлулық бағыштап тұрғандай. Қыз дәрігерге таңырқай қарап: «Менің бет әлпетіме операция жасадыңыз ба? Рақмет, рақмет сізге...» деп жанары жасқа толып, алғыс айта бастап еді:

«Жоқ, біз сенің келбетіңе ешқандай да өзгеріс жасамадық. Тек қана анаңның саған арнаған көзін салдық. Сен қазір оның көзімен өзіңді көріп тұрсың» деді күлімсіреп. 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: redbat.ru, wallpaper.zoda.ru

Қ. Қауымбек