- Негізгі бет
- Көкжиек
- Көшедегі кітаптар... Аллеядағы...
Көшедегі кітаптар... Аллеядағы оқырман...
Көшедегі кітаптар
Тротуардың жиегіндегі кітап сатып отырған кісілерге қараймын. Қағазы сарғайып, мұқабасы мүжіле бастаған көне қазыналарды күнге жайып, кептіріп отырғандай әсер қалдырады.
Еріксіз үңілесің. Сол баяғы, студент кездегі оқыған классика. Э. Л.Войнич «Бөгелек», Стендаль «Қызыл мен қара», Ги де Мопассан «Новеллалар», Э. Сетон-Томпсон «Хаюанаттар туралы әңгімелер»…
Ескі басылымдар мен еңкейген қарттар: «Кітап көнереді, адам қартаяды» деп тұрғандай болады.
Есесіне біздің төңірегіміздегі техника күн сайын жаңарып барады. Соңғы кезде олардың маркасын да жаттап үлгере алмайтындай күйге жеттік.
Алайда… Жас кездегі біз қызыққан техника, біз қызыққан заттар, біз қызыққан киімдер қазір мүлде көрінбейді. Бірте-бірте ұмытылып, естен шығып барады.
Есесіне сол бір жылдары оқыған кітаптар жадымызда әлі сайрап тұр.
Аллеядағы оқырман
Кешкілік бой сергітіп, аллеяда қыдырыстап жүретін кісі қарасы көп-ақ. Жол бойындағы сәкілерге жайғасып алып, газет-журнал оқып отыратындары қаншама. Көпшілігі – өзіміз. Яғни, қазақтар. Бірақ, олардың қолдарындағы газеттер, ұяттау болса да айтайық, көбінесе «Время», «Крыша», «Колесо», «Из рук в рук» болып келеді.
Іштей келісесің: «Бұл кісілердің бірі – бүгінгі саясат туралы қысқаша мағлұмат, екіншісі – үй-жай, үшіншісі – көлік, қосалқы бөлшек, төртіншісі – жер телімі, құрылыс жайында мәлімет алсам дейді. Сөз жоқ. Өте зәру нәрселер.»
Бір күні кенет қасымда отырған кісі құрысып қалған арқасын жазып, керіліп-созылып отырып, жайбарақат қана: «Мен осы, қазақша газет оқи алмаймын,» дегені.
«Оу, неге? – деймін таңғалып. –Қазақша тәп-тәуір-ақ білесіз ғой!»
«Ой, литературный язык қиын. Түсінбеймін.»
Мәссаған! «Мына қазақтың кеудесі қаңсып қалған екен-ау!» деген сұмдық ой келеді басыма.
Есіме бала кездегі бір оқиға түсті. Шөп тасимыз деп жүріп әбден шаршап, шөлдеп келген ағам екеуміз арша күбінің ішіндегі қымызды тегешке түгел құйып алып, сарқып іштік те, үйге кіріп, домалап жата кеттік. Ал босап қалған күбі ашық күннің астында қаңсып, ағашы айнып кетіпті.
Әй-и, сол күні атам бізді аямай-ақ қамшының астына алып еді-ау!..
Ғани Балтағарин
Н. Айдархан