- Негізгі бет
- Көкжиек
- Көкірегі поэзиясыз адам...
Көкірегі поэзиясыз адам жоқ
Ақындық – Тәңір сыйы. Ол кез келген пенде баласына бұйыра бермейтін бақ. Ақындық қасиет пешенеге жазылады. Шын көркем дүние адамның жан дүниесін қозғап, мың сан түрлі күй кешкізеді. Сірә, ақындықтың да міндеті адам жанының құпияларын ашу болар. Осы сәтте қазақтың классик 3 ақыны осы ақындық туралы не деді? Оқып, ой қорытыңыз!
***
Ақындық дегеніміздің өзі екінің бір айтқысы келетін қарапайым ойды ешкім айта алмастай қылып айту ғой деймін. Ал енді, екінің бірі айтқысы келетін ойды екінің бірі айтатындай етіп айту — ақындық емес. Ол ақындықты қорлау!
***
Ақынның міндеті – өз сезімін өзі тұтқындамау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойдан айтып құтылу. Өзінің жан дүниесін қауымға жайып салу. Ойып айта алды ма, жоқ па, сезімінің құсы басқа жүректен ұя таба алды ма, жоқ па, оған төреші – оқушы қауым. Бұл сапарда ақын өзіне өзі қайшы келіп жатса, қуана отырып жылап, жылай отырып қуана алса, оған танданатын дәнеңесі жоқ. Ол – ақын мінезінің күрделілігі, асау сезіміне ауыздық сала алмағандығы, бар сырын бүге алмағандығы.
***
Көкірегі поэзиясыз адам жоқ. Өмірдің бүкіл құбылысы мен қимылына зер салып махаббатпен қарай алғандықтан ғана ол нағыз ақын. Сондықтан да оқырман көпшілік ақынға шексіз ілтипатпен қарайды. Оның шексіз шұғыласына заңсыз ортақтасып, ақын атын жөнсіз иеленіп жүрген жолбике өлең кəсіпкерлері біздің əдебиетімізде де баршылық болғанымен, нағыз ақындар кеудесінен құлаған көк айдар мөлдір өзендер шабысын таптатқан жоқ. Әдебиетімізде біз ұнататындар аз болмағанымен, үлкенді-кішілі оқырман көпшілік пен қаламдас ағалардан кешірім өтіне тұра, өз басым «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» жатталып қалмаған өлеңді ақындық асқақ қуатынан туға шын мәнісіндегі нағыз поэзия деп есептеймін. Нағыз өлең адам денесі сияқты құрамды құбылыс. Оған ой да, сезім де, шеберлік те – бәрі де керек.
Ж. Жұмағұлов