Тұрсынжан Шапай дұрыс жазады. «Табиғатынан малшы болуға бейiмделiп жаратылған адам» ғалым болып кеттi. Өйткенi жақсылы-жаманды кiтап оқи алады, сауаты бар. Олай болса, шын қабiлет-қарымы ауылдағы қатын-қалашқа тақпақ шығарудан әрiге аспайтын сөзуар пенденiң неге атақты ақын болмасына. Өзiне-өзi демеушi болып, екi-үш кiтабын шығарса жетiп жатыр.
Ондайларға экологтың көзiмен қарағың келедi. «Кiтап - қағаз, қағаз - ағаш, ағаш - ауа. Ауаны ұрламағаныңыз жөн» деп.
* * *
Соңғы кезде кiтап оқырманы азайып кеттi деген пiкiр жиi айтылады. Солай ма?
Менiңше, оқырман азайған жоқ. Сүзгiден, дәлiрек айтқанда ауытқымалы сандық көрсеткiштен тұрақты сапалық деңгейге өтiп жатыр. Кешегi кеңес дәуiрiнде кiтап бiр қабырғаны тұтас алып тұратын пұтқа айналып кете жаздап едi. Қазiргi оқырман ондай асырасiлтеушiлiктен ада, есесiне сұранысы да шынайы.
Мына көршi Ресей әдебиетi орыс мұжығы сауатсыз болған кезде де әлсiз болған жоқ. Шамасы, әдебиеттiң мықтылығы оқырманның көптiгiмен анықталмайды ғой деймiн. Атақты Достоевскийдiң романдары 80 миллион орысқа 3-ақ мың данамен таралған кездерi болған. Бiрақ, сол Достоевскийлердiң тұсы басқа емес, орыс әдебиетiнiң дәл алтын дәуiрi болып саналады.
Кiтабының саудасын жүргiзiп, сол Достоевскийдi жоқтықтың құрсауынан алып шыққан кiсi әйелi болғандығын да ұмытпаған жөн.
Бiзде осы кiтаппен сауда мәселесi, оқырманмен қарым-қатынас дұрыс жолға қойылмай жатыр десек болады.
* * *
Өз басым қазақ әдебиетiнiң бiр тұрақты оқырманын, жанашыр оқырманын жақсы бiлемiн. Сол оқырман ертеректе басылып шыққан «Ғибрат наме» деген кiтапты бiр қойдың құнына бағалайды. Кiтап грузин ақсүйектерiнiң өкiлi, өз заманының бiлiмдi жандарының бiрi Сулхансаба Орбелиани деген кiсiнiкi болса керек. Қазақшаға тәржiмалаған, шамалауымызша, Мұзағаң (Әлiмбаев). Солай болып жатса, осындай кiтапты тәржiмалағаны үшiн де Мұзағаңа көп-көп рахмет айтуға болады. Тек аудармашы емес, кiтаптың шынайы бағасын бiлетiн зиялы оқырман ретiнде де. Бiрақ маған, шынымды айтсам, осы кiсi аударған Сағдидiң «Жәннаты» мен «Гүлстаны» аса ұнай қойған жоқ. Бәлкiм, өзбекше нұсқасын ертеректе оқығандықтан болар. Әлде Жұмекен аудармасының салқыны тидi ме?
Мұзағаңның тағы бiр аударма дүниесi «Маржан сөз». Мiне, бұл еңбек, үлкен еңбек. Бүгiнгi маған мәңгiлiктiң баламасындай болып әдемi естiлетiн шумер атауын да алғаш осы кiтаптан оқыған болармын-ау. Дәлiрек айтқанда, олардың мақал-мәтелдерiн.
* * *
Ацтектердiң түбiне кiтап жетiп тынды. Ұйғыр қағанатына да. Бiздiң түбiмiзге не жетуi мүмкiн? Менiңше, қазақтың түбiне жетсе Абылай ханның түсi жетедi. Иә, иә, сол түс... Бұл да аңыз әңгiме.
* * *
Гетенiң «Жас Вертердiң қасiретi» романы шыққан кезде, шығарманы оқыған бiраз жас атылып өлiптi. Романның әсерi күштi болған ғой. Роман бiраз деңгейде автобиографиялық та болып табылады. Бiрақ романның шын кейiпкерi Гетенiң өзi емес, өйткенi кейiнiректе романды бiтiргесiн өзi де атылып өле салмағанына өкiнген.
Менiңше, қазақта өлеңiмен ғана емес, өмiрiмен де өзiнен кейiнгiлердi бiраз елiктiрген, тамсантқан, тiптi әурелеген ақын бар. Ол - Мұқағали. Оған елiктегендердiң бiразы «Ұлы бола алмай iшемiз» емес, «Мұқаң бола алмай iшемiз» деп жүрiп сорлап қалды. Алыптардың кейде ергежейлiлермен осылай да әзiлдесiп ойнайтыны бар.
* * *
Екiнiң бiрi iшкiш болған деп бiлетiн Есенин табиғатында шымыр денелi жiгiт болған. Америкаға барғанда ондағылар оған спортшы болатын-ақ жан екенсiз деп тамсаныпты.
Сол Есенин келбеттi де жiгiт екен. Бет әлпетi бiр қарағанда бейкүнә перiштедей көрiнетiн болған болса керек. Алғаш кездескендер анадай тентек өлеңдер мұның қай жерiнен шығады екен деп те ойлайды екен.
Сол Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу айтыпты:
«Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса адамды да өлтiре алады».
Бiзге де сондай ақындар керек. Байрон, Лермонтов, Петефи сияқтылар. Жылауықтар емес!
* * *
Кiтап өлген жоқ... Кiтап өлмейдi... Кiтаптың ақырғы күнi - адамзаттың ақырғы күнi.
Бұл - Жазмыш.
2000 жыл
Автор: Әмірхан Балқыбек
Түпнұсқадағы тақырып: Қағанатты кітап құлатты...
Сурет: luxfon.com
Ұқсас жазба:
Қағанатты кітап құлатты...
Пифагордың парасаты немесе Эйнштейннің қателігі