Қазаққа Толстой керек пе?

Кейінгі кездері жастар арасында оқуға міндетті кітаптар тізімін, белгілі бір авторлар рейтингін жария ету сәнге айналды. Бұл да бір жақсы үрдіс деп ойлаймын. Бізге қажетті бір-екі кітапты табу үшін қаншама дүниені төңкеріп шығу керек екені белгілі.

Орыс әдебиеті арасынан, әлем әдебиетінің классиктеріне айналған Достоевский, Толстой және Чеховтың шығармалары әр оқырманның міндетті тізіміне ілігері анық. Егер Достоевский діни философиясы терең жазушы десек, біз (яғни қазақ оқырманы), оның шығармашылығын дұрыс контексте қабылдай білуіміз қажет. Он тоғызыншы ғасырдың беллетрист жазушысы Чеховтың шығармалары шағын, әрі қазақ оқырманы үшін өзінше қызықты, өзінше пайдалы болары анық. Ал Лев Николаевичтың «Соғыс және бейбітшілік» кітабын (автордың еркі бойынша кітап деп атағанымыз жөн болар) міндетті тізімге қосу не қоспау таза субъективті таңдау деп ойлаймын. «Абай жолы» оқырманының «Соғыс пен бейбітшіліктің» атмосферасына елітіп кетуі екіталай. Қазақ мектебінде оқытылатын орыс әдебиеті пәнінде де міндетті түрде осы романды талқылау қателік деп санаймын. Әйтпесе, біз орыс әдебиетін не үшін оқимыз? Оның мәдениетін қабылдау үшін емес, өзімізге керегін алу үшін оқымаймыз ба?! Мәселен «Соғыс және бейбітшілік» («Соғыс және бейбітшілік» деген атаудың қазақша аудармасы да күдікке толы, немесе «мир» сөзі әлем, адамзат, дүние ұғымдарымен де тең келетінін романды оқыған кез келген адам дәлелдеп бере алады) алпысыншы жылдары жарық көрді. Яғни Толстой шығармашылығының орыс әдебиетшілерінің айтуынша нағыз гүлденген дәуірі десе де, бұл бәрібір автордың тек қалыптаса бастау дәуіріне жататынын мойындауымыз керек. Одан кейінгі жетпісінші жылдары Толстой жазушы және философ ретінде үлкен өзгерістер кешеді. Жарыққа «Анна Каренина» шықты. Егер «Соғыс және бейбітшілік» кітабында Толстой Достоевскийдің ізімен діни филосфия аясында әңгіме өрбітсе, Каренинаның өз-өзіне қол жұмсауы ерекше құбылыстың бастамасы деп түсінгеніміз абзал. Одан кейін Толстойдың маржандары – «Исповедь», «Крейцерова соната» және «Воскресение» шығармалары дүниеге келеді. Менімше бұл шығармалар Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясына бергісіз шедеврлер. 1890 жылы жазылған «Отец Сергий» повесінен кейін 1901 жылы Толстой синодтың шешімімен шіркеуден қуғындалады.  Дүниеге «Хаджи Мурат» повесі мен «Живой труп» драмасы келеді.
 
Осы жоғарыда атап өткен шығармалар арасында, қазақ оқырманы «Отец Сергий» повестіне ерекше назар аударса екен деймін. Егер орыс мәдениеті және тарихымен тереңірек танысам десеңіз, әрине «Соғыс және бейбітшілік» кітабынан артық дүние таппассыз. Ал Толстойдың жазушы ретінде жеке әлемімен тілдескіңіз келсе «Отец Сергий» шығармасының өзі жеткілікті деп сенемін.
 
Он тоғызыншы ғасырдың қырықыншы жылдары Петербург қаласында ешкім ойламаған жерден жаңалық тарайды: ақылына көркі сай, болашағынан үлкен үміт күттірер князь Степан Касатский – мемлекеттік қызметі мен сол заманға сай сәтті отбасын құрудан бас тартып (періштедей пәк қалыңдығы бір жыл бұрын Николай І ашынасы болғанын естігеннен басталады бәрі...), бар дүние-мүлкін әпкесіне тастап, монастырда діни қызмет етуге бір жола шешім қабылдайды. Касатскийдің ішкі және сыртқы әлем айқасы сюжет желісін одан әрі дамытып, ақыры оны түрлі сынақтардан өткізеді. Жеті жыл тәлім алып, одан кейін Отец Сергий есімімен дін әлемінде аңыз-адамға айналады. Тән қалауымен талайы оны сынап көрсе де, Отец Сергий әйелдің  көз алдында есін жию үшін өз саусағын өзі кесетінге дейін барады. Дегенмен саны көп сынақтардың бірінде сүрініп те кетеді.  «Енді дұға етудің де қажеті жоқ, өйткені құдай да жоқ...» деумен Сергий ғұмыр бойы іздеп келген жауаптың соңында тығырыққа тірелгенін сезінеді... Бұл әлемдегі ең ауыр сезім де шығар...
 
Өмір деген бір бағытты жол ғой... Күндердің бір күнінде Отец Сергий жол жүріп келе жатып, бір үйге дем алайын деп тоқтайды. Есікті әйел ашып, жолаушыны демін басып алу үшін үйге шақырды. Сергий әйелді бірте-бірте тани бастады. Пашеньканы ол жас кезінен білетін. Қазір болса бір үлкен отбасының анасы екен, бар өмірін сол отбасы бақытына арнаған екен. Осы көрісуден кейінгі Сергийдің мына түйініне өз басым тоқтадым: «...Я жил для людей под предлогом Бога, она живет для Бога, воображая, что она живет для людей» (А:«Құдайдың атын жамылып, мен өзім үшін өмір сүрген екенмін, ал Ол болса өзгелер үшін өмір сүріп жүрмін деп, шын Құдайға табынып жүргенін байқамаған да екен») дейді... Иә, айналасындағы қоғамға  періште бейнесімен көрінемін деп, ол жүрек дауысы мен шын Құдайды ұмытып кеткен.
Бір жағында өмірін отбасы мен махаббатқа арнаған әйел. Ол өзгенің бақыты үшін өмір сүре білді. Екінші жақта өмірін дін мен діни авторитетке арнаған пенде. Өзін өзгеден биік екенін дәлелдеумен, өзі үшін өмір сүрген жан. Оның қаншама жылдар бойы табынып келген құдайы – тек өзінің эгоизмі болып шыққаны қандай өкінішті... Хақ жолын іздеуден бұрын, ОЛ ӨЗІН басқа пенделерден БИІК екенін көрсеткісі келді. Одан артық пендешілік бар ма?!...
 
Толстойдың бұл шығармасы қазақ оқырманына да берері көп деп ойлаймын. Және осыған Сізді де назар аударуға шақырамын, құрметті оқырман!
 
Автор: Ақерке Асан