Ақын адам үшін жазудан рахат дүние жоқ шығар. Өлең жазудан бөлек күнделік жазу да ерекше сезім. Себебі, күнделік адамның ең жақын досы, сырласы, сенімді серігі. Күнделік жазу адамның бір күнде атқарған, көрген-білген, істеген һәм істемеген шаруаларының хатқа түскен көшірмесі деп қана ойлау жаңсақтық болар еді. Ол – рухани әлем. Онда әр адамның ешкімге айтпайтын немесе айтылмайтын сырлары жазылуы бек мүмкін. осы орайда қазақ ақындары күнделік бетіне не деп сыр ақтарды екен деген ой туары сөзсіз. Ендеше, белгілі қазақтың ақындарының күнделік бетіне үңіліп көрелік.
Мұқағали Мақатаев:
Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизімімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер — ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарды. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, «борозданы бүлдірмейді». Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді, тамақ ішеді және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті.
Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқ асты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың орнын баса қоюға дап-дайын және қарасаңызшы, «орнын басады да». Орынға отырады да, таланттардың үстінен бұйыра бастайды. О, қандай күйінішті! Одан өткен күйініш болмайды...
1 октябрь, 1974
Жұмекен Нәжімеденов:
Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге /немесе мысалдап деуге келер ме екен / бейімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық сипат бердім. Творчествоның бір ғажабы: сен бірдеңені солай етіп жасағың келгенімен, ол мақсатыңа -99 процент – жағдайда жете алмайды екенсің. Ал, аракідік, осыны осылай етейін деп ұмтылған мақсатың орындала қалған жағдайда – ол шығарма болмай шығады. Қ. Мырзаның трагедиясы, меніңше, сол: өз заказын өзінің мүлтіксіз орындай алуы. Мен, мәселен, бір жолды бастағанда, төртінші жолдың /ұйқастың / қалай шығатынын алдын ала біліп көрген емен. Білсем, тура жаңағы айтқанымдай, нашар жансыз шығады.
1960 – жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген / «Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі / ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар поэма деп айдар тағуға қорқып, әнгіме /лер / деп атадым. Оны түсінген адам болған жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын...
Осы күні сюжетті дүниелер жазуға /притча песенно-балладного характера / құмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс /еркімнен тыс десем жұрт сенбейді / солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғам жоқ, немесе почти / «Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең / жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын. 1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет, журнал беттерінде де мол - мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұқтар мен Қадірдің бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /»Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, Мұқтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар / қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де –қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой - бояуын қаншама сақтайын десем де – бәрібір өз өлеңім болып кетеді.
Өткенде бір жігіт / ақын / менің Вознесенскийден аударған өлеңдерді мақтай келіп, «точно аударма екен» деп қорытты. Ақымақ! Там Нәжімеденов больше, чем Вознесенский. Мен шынымды айтсам, өзіме - өзім тәнті боп көрген кісі емеспін. Соның ішінде аударма... кімді аударсам да /Бартоны мен аударғам жоқ, бір жолын да аударғам жоқ, жолдастар өздері аударып, ақшасын мен арқылы алған / өзім болып шыға келем. Ал, біреу оригиналдың аузынан түскендей, аумай қалады. Ғафу аударған Мақтымқұлы, Қадыр аударған Расул Ғамзатов сондай дүниелер. С. Есенинді Қадырдан гөрі Ғафу жақсы аударды. Олжастың поэмасын Темірханға аударту керек секілді /әттен, культура /. Сергей Есениннің қайсыбір жолдары Мұқағалида жүр дегенді Оразбек айтып еді. Қарап көрсем, рас екен. Назым Хикметті - Әбішке аударту керек. Мен аударып, шығара алмадым: Хикмет түгілі, Нәжімеденов те шықпай қойды. Қолдан келмесе – амал не.
Қалай дегенмен, Андрей Вознесенскийді қазақша оқуға болады. Керек.
1982 жылы «Советский писатель» жинағымды шығарды. Бұдан артық нашар аударма болуы мүмкін емес. / Біз /, өзімде бармын / ешбір елдің ақынын бұлай қорлаған емеспіз. Мендегі төрт жол өлеңді А. Юдахин он алты жолға жеткізген. Сөздердің белін сындыра берген, сындыра берген. Ақша тауып отырған /бәрімізде табамыз ғой, дегенмен.../менің досым Қайрат Жұмағалиев секілді. О кісі Маяковскийден де көп сындырады. Жарасқан екеуі. Бірақ ептеген мағына, ақындық күш-қуат деген секілді ұғым-түсініктерді сызып тастаса – екеуі де ешкімнен кем біз деп жүрген жоқ..
«Жалын» баспасының директоры баяндамасында: «Біз былтыр жаңадан бұрын аты белгісіз 30 талант ашып ек, келесі жылы олардың санын 40 - 50-ге жеткіземіз деп отырмыз». Міне біздің творчестволық мекемелердің басшылары партия мен үкіметтің творчестволық жастарға жасап отырған қамқорлығын тап осылай түсінеді. Күлесіз бе? Жылайсыз ба? Екеуін де істей алмайсыз!
3 сентябрь
Төлеген Айбергенов:
«Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірімнің ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткізген, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды қағаз бетіне түсіре бергенде ғой, басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!»