Қазақ әдебиетіндегі фантастикалық көркем шығармалар

Қазақ халқы ертеден ырымшыл келеді. Айналасында болып жатқан оқиғаларды, табиғи құбылыстарды, ауа-райының құбылуын, жұлдыздардың көкте орналасуын ғажайыпқа теңеген. Тіпті, ғажайыпқа балаған дүниелерді ырым – тиыммен сабақтастырған. Осы мәнде қазақ әдебиетінде қиял-ғажайыпқа толы туындылар да жоқ емес.

Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік фантастикалық туындылардың топтамасын ұсынудан бұрын, ең алғашқы фантастикалық туынды туралы мәлімет алсақ. Әдебиет саласында ең алғаш фантастикалық туындыны Ф. Бекон жазған деседі. 1627 жылы жарық көрген "Жаңа Атлантида" кітабын фантастикалық жанрда жазған. Яғни, бұл кітап – барлық фантастикалық туындылардың алдыңғы шебінен орын алған. Ал қазақ әдебиетіндегі алғашқы фантастикалық туынды – А. Машанидің 1957 жылы жарық көрген "Жер астына саяхат" кітабы.

А. Машани. "Жер астына саяхат"

Әлбетте, адамдар үшін жердің асты, аспанның үсті құпия. Жердің қандай қабаттан тұратыны, үстіңгі қабаты, жұқа қыртысы, терең қабатының құрамы жаңа туған сәбидей әрнәрсеге қызыққыш келетін адамзат баласы үшін – беймәлім дүние. Осы бір мәнде жазылған Ақжан Машанидің  "Жер астына саяхат кітабы" – геологиялық тақырыптағы оқырманды өзіне елітіп, қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастикалық туындыларға жол ашқан алғашқы кітап. Аты айтып тұрғандай, кітап бастан аяқ жер астындағы оқиғалар туралы суреттеледі. Автордың өзі сол саланың адамы болған соң, мантия мен ядро туралы сыр шертеді. Жер астындағы саяхаттың көрінісін, ғылыми-фантастикалық түрде әдемі жеткізеді.

Т. Сұлтанбеков. "Лұхман Хакім"

Бұл фантастикалық шығармада – Лұхман Хакімнің өміріне жастайынан қызыққан, тіпті, Хакім өмірін зерттеуге де қамданған жас жігіттің бастан кешкен оқиғалары суреттеледі.

"Лұхман Хакім — шығыс ауыз әдебиетіндегі аңызға айналған адамның есімі. Ол өз заманында асқан дәрігер, адам тағдыры үшін бүкіл өмірін сарып қылған ақыл-ой иесі болған екен. Оның жасаған шөп дәрілерінен жазылмайтын дерт жоқ десе-ді. Хакім туралы аңыздарға зер салсақ, ол тіпті табиғаттың заңына қарсы тұрып, ажалмен айқасқа түсіп, оны жеңіп шыққан көрінеді. Адам баласы үшін мәңгілік өлмес өмір іздеген" дейді кітапта.

Бір күні Боппоздың жұмыс орнына хат келеді. Әлгі хатты әріптесі Сая ашып қояды. Оны көрген Боппоз хатты Саяның қолынан бірден тартып алады. Хат ішін ашып, оқи бастап еді: ол хаттың досы Қайрақтан келгенін түсінді. Хаттың ішіне жазылған кейбір сөздер, әріптер мүлде көрінбеген соң, ол хатты жауып, жұмыс уақыты аяқталған соң, ашып оқуды жөн көрді. Сезгендей-ақ бар екен, хатта: "Ардақты Боппоз! Сау-сәлемет боларсың. Сенің Лұхман Хакім жайында зерттеп жүргеніңді есітуші едім. Кеудеңде жаның болса, тездетіп маған жет. Мен оны таптым. Тұрағы — Қарағайлы. Әлі тірі көрінеді. Бәлкім Қайрақтың есі ауысқан деп ойлауың мүмкін. Шынайы Боппоз болсаң асық, өкінбейсің, - деп жазылған. Хатты оқып болған соң, жігіт мең-зең күйде қалады. 

Кейін бұл хат – әріптестер арасында әзіл хатқа айналып кетеді. Оның үстіне осыдан екі жыл бұрын Боппоз Қарағайлыға демалуға барған еді. Тау-тасты аралап жүргенде, жерде жатқан бір тасқа көзі түседі. Бұл не болды екен деп, қолына ұстағаны сол-ақ еді, "Хұрмәтлу саятшы, екі қадақ ашудас, бір тустахан тотияйын тауып бер" деп жазылған екен. Жазудың астында "Лұхман Хакім" деген домалақ мөр тұр. Осы оқиға Боппоздың қиялын тағы бір рет қозғағандай болады. Бастан өткен жәйттердің нәтижесінде ол, Лұхман Хакім туралы тереңірек білуге ұмтылады.

М. Сәрсеке. "Ғажайып сәуле"

Медеу Сәрсеке – қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастиканың дамуына өз үлесін қосқан алғашқы фантаст жазушылардың бірі. 1959 жылы "Ғажайып сәуле" хикаяты жарық көрді. Әңгіме ерекше сюжетте өршиді. Көрінбейтін адам мен ғажайып сәуленің қайдан шыққаны, адам ағзасына зиян химиялық және физикалық қосылыстардың немесе жердің құрауыш бөлігі ядроның құрамындағы нейтрондар мен протондардың тіршілік иелерінің ағзасына тигізетін зияны, сондай-ақ, романның не үшін "Ғажайып сәуле" деп аталатынын жеткізеді. Осы ғылыми-фантастикалық әңгімені оқымастан бұрын, автордың "От пен Атом" хикаятына көз жүгіртіп шыққан артық болмас. Себебі автор жазған фантастикалық әңгімелер бір жүйемен жазылған. Бір әңгіме екіншінің жалғасындай.

Ж. Сахиев. "Шолпанға көшкен ауыл"

Жүніс Сахиев — жазушы-фантаст. Қазақстанда сериялы ғылыми-фантастикалық романдар жазуды бастаушы. "Шолпанға көшкен ауыл"  романы – "Кеңістік көшпенділері" ғылыми-фантастикалық романдар сериясының жалғасы. Романда аспан әлемін зерттеушілер мықтыларының таңғажайып оқиғалары баяндалады. Ғалым зерттеушілердің қазақ жерінен ең көрікті, топырағы құнарлы, жұмақ мекенді таңдап алып, жарық жұтқыш құрылғы арқылы оны Шолпан жұлдызына қондырғаны туралы адам сенгісіз хикая ғылыми түрде баяндалады. Бұл романның өзге романдардан ерекшелігі ғарыш әлемі мен қазақ ауылын байланыстыруда. Роман 4 бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім "Аптапты аймақта" деп аталады. Бұлай аталу себебі, Шолпан ең ыстық ғаламшардың бірі. Оның тұрақты температурасы 700 градусқа дейін жетеді. Ал шығармада күн энергиясының мәңгілік емес екені, сондай-ақ, Шолпан жұлдызының келешекте Жер ғаламшары сияқты болатыны сөз етіледі. Ондағы табиғи ерекшеліктер: емшекке ұқсаған таулар мен жазық ойпаттар, тап бір Жер ғаламшарындағы қыраттар іспетті. Келесі бөлімде ғалымдардың жердегі ауылды құрылғы арқылы Шолпан жұлдызына көшіруі баяндалады.

Екінші бөлім "Іздеу сапарында" деген атауға ие болған. Бұл бөлімде Шолпан жұлдызын өзімізге бағындырамыз деген ғалым зерттеушілердің арман-тілектері, табандылығы, өз істеріне деген құлшыныстары көрінеді. Әлбетте, Шолпан жұлдызы өзіне бейімделем деушілерге қатаңдық көрсетеді. Алайда, бұл сынаққа сынып, беттері қайтпайды. Бұл оқиға тек зерттеушілер мен жұлдыз арасында ғана емес, ауылдың әрекетімен де өрбиді.

Үшінші бөлім "Дүниенің көзі" деп аталады. Бұл тұста – табиғи серігі жоқ Шолпан жұлдызына серік қосу жолындағы адами әрекеттер көрінеді. Әрине, оның жердегілердің көмегінсіз жүзеге аспайтыны анық. Осы бөлімдегі оқиғалар – Абзал мен Шолпан есімді қос ғашықтың таза, риясыз махаббатынан көрініс табады. Оқиға арасында Елназар мен Шадыман сияқты кейіпкерлер де болады. Барлық кейіпкердің негізгі ойы – Шолпан жұлдызын адамзат үшін бейімдеу еді.

Төртінші бөлім "Шолпанға көшкен ауыл" деп аталады. Бұл бөлімде Шолпан мен Абзалдың махаббаты шарықтау шегіне жетеді. Ауыл тұрғындарының да арманы ашық бейнеленеді. Шолпан қыз енді, жердегі ауылға емес, Шолпан жұлдызына келін болып түседі. Романның осы тұсы адамды биік мақсатына жетуге жігерлендіреді. Өмірде "мүмкін емес" дейтін нәрсенің жоқ екенін ұғындырады.

Ж. Сахиев. "Космотарих куәсі"

 

Осыдан миллион жыл бұрын жер ғаламшарында адам сенгісіз оқиғалар болған. Күннің аптап ыстық болуы, кенеттен жер жаһанды дүр сілкіндіріп, жанартаудың атқылауы, әлденеше көңіліне жақпағандай, ауа-райының әп-сәтте-ақ құбылуы, аспаннан қатер төңгендей алапат дауылдың, жерді асты-үстіне келтіруі, тіршілік иелерінің көзді ашып жұмғанша, планетаны қаңыратып, бос тастап, о дүниеге безіп кетуі, өзен-көлдей боп, сарқырап аққан қызыл оттың жер үстінде таң-тамаша өнер көрсетуі, біз айтатын жабайы жануарлар мен айдаһар-аждаһаның түлен-түрткен дәуірі, адам айтса таңғысыз, динозаврдың жоқ боп кетуі, ай мен күннің ерекше құбылысы, айдың ең суық арша-паршасы шыққан нүктесінде болған таңғажайып оқиға, аспан әлеміндегі зерттеу жұмыстары Ж.Сахиевтің "Кеңістік көшпенділері" сериясымен шыққан "Космотарих куәсі" романында суреттеледі. Ғылыми-фантастикалық роман өз оқырманына аспан әлеміне бір мезетке саяхаттауға мүмкіндік береді. Шығарма адамды сонау аспан әлеміне, ішкі түйсігіндегі арман – мақсатына, жарқын болашағына жетелейді. Сіздерге қызық болуы үшін кітаптың бір құпиясымен бөлісейін. Бұл әңгіме – динозаврдың жер бетінде болып, қалай жоқ боп кеткенін, құйрықты жұлдыздың аңызын ғылыми түрде, еркін тілде жеткізеді.

Абдулхамит Мархабаев. "Ғарыштағы қымыз"

"Альфалықтар - сыйлы қонағымыз. Басқа жұлдыз жүйесінің өкілдері бізге достық ниетпен келе жатыр. "Альфалықтармен" ертеңгі танысу - адам цивилизациясының жарқын көрінісі". Газеттердің соңғы  кездегі нөмірлерінен осы тәріздес сөздерді жұрт жиі көретін боп кетті. Бірталай адамдар жаңа туған қыздарының атын "Альфа" деп қойыпты. 

Осылай басталатын қысқаша әңгіме – "Альфа" планетасына сапар шегіп, қонақ боп барған бір топ делегат, оның ішінде ақсақалдың оқиғасымен өрбиді. Бұл жерде Нептун, Сатурн планетасының аты аталады. Өзге планетаға қонақ боп барған, ақсақалдың кенеттен құлауы, роботтың ақсақалға көмек беріп, ұстап қалуы, жат планетадағы роботтардың ақсақал өмірін аман алып қалуы үшін, істеген әрекеттері әңгімеде өте қызық баяндалады.

Ақсақал аяқ астынан сырқаттанып қалады. Бұл үшін планетадағы роботтар ыңғайсызданады. Өзге планетада өзге планеталықтың сырқаттанып қалуы "кімге жақсы" деп бір-бірімен күбірлесіп, ақсақалдың аяққа тұрып кетуі үшін, түрлі ем-шараларды ойластырады. Олардың зерттеуінше, ақсақалдың ағзасына 91,8%-дан 95,6 %-ға  дейін суы,  2 % ақуызы,  1,8% дан 2,1%-ға дейін майы, 1,1%-дан 3%-ға дейін көмірсуы да 0,1%-дан 0,8%-ға дейін көмірқышқылы,  0,6%-дан 1,1%-ға дейін сүт қышқылы, 0,5%-дан 2,5%-ға дейін спирті бар дәрі жетіспейді. Бұл қандай дәрі болды екен деп ала сұрып, бәрі жан-жақтан іске жұмылдырылады. Сөйтіп бір дәрігердің күбірін, роботтың құлағы шалып қалады. "Бұл не дәрі болды екен, біз бұны таба аламыз ба" деп робот дәрігерден сұрайды. Дәрігер "ол дәрі күйіс қайырмайтын жануардың қышқыл сусыны, осы ғой ақсақалдың ағзасына жетпей тұрғаны" дейді. Ендеше оны іздеуге кірісейік. Мүмкін, ол сусын планетада бар шығар деп бәрі жабыла іздейді. Иә, расымен-ақ, сусын табылды. Ақсақалға да жеткізілді. Міне осы себеппен, әңгіменің тақырыбы "Ғарыштағы қымыз" деп аталған.

Қазақ әдебиетіндегі фантастикалық жанр өз оқырманын, қазақ қоғамын жаңашылдыққа жетелейтін жанр. Сондай-ақ фантастикалық туындылар әдебиетіміздің керегесін кеңейтіп, көсегесін көгертетіні анық. 1950 жылдан бергі жазба әдебиетіміздің ілгері жылжуына, жаңа бағытқа бет бұруына, биікке ұмтылуына әдебиеттің бұл жанры елеулі серпін берді. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік жазушыларымыздың ғылыми-фантастикалық алақандай әңгімелері қазақ қоғамын еркіндікке баулыды.