- Негізгі бет
- Көкжиек
- Қазақ әдебиеті тарихындағы...
Қазақ әдебиеті тарихындағы қағысулар
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғ. бірінші жартысындағы дәстүрлі ақындық поэзиядағы сөз сайыстарының "қағысулар" деп аталатын түрлері де мол жырланған.
Қағысулардың көлемі шағын болып келеді. Ол екі ақынның кездесіп қалған сәттеріндегі мегзеулі, мағыналы ойлармен бір-бірін қағытып, мысқылдап жырлауымен ерекшеленеді.
Қағысулардың арқауында сатиралық сарындылықтың юморлық сипаты басым. Ақындар күнделікті тұрмыстың сан салалы қозғалыстарының арасындағы қарама-қайшылықты мәселелерді саралау, талқылау, өзіндік сыншыл пікірлер айту мәселелерімен жырлаған. Көбінесе, қарсылас ақындардың қазақ тұрмысы қатынастарындағы іс-әрекеттері, мінез-құлық қасиеттері таразыланады. Қағысулардың поэтикалық түйіндеулері арқылы адамгершілік қарым-қатынастар мәдениеті, ұлттық дүниетанымның көркемдік-эстетикалық тағылымы ұлықталады.
Қазақ әдебиеті тарихында "Жанақ пен Садыр", "Сақау мен Орынбай", "Шөже мен Орынбай", "Өске мен Шал ақын", "Ақан сері мен Орынбай", "Серәлі қожа мен Ұлбике қыз", "Біржан мен қыз", "Бұдабай мен қыз", "Шашубай мен Ажар" сынды қағысулар белгілі. Сондай-ақ "Наурыз ақын мен қыз", "Жанақ пен Сабырбай", "Шөже мен Аққалай", "Асаубай мен Құлтума", "Бармақ пен Кенжеқожа", "Көкбай мен Жүнісхан", "Көкбай мен Кемпірбай", "Үмбетәлі мен Нұрсапа" және т.б. бар.
Қағысулардың тақырыптары әртүрлі мәселелерге арналған. Көпшілігі қыз бен жігіттің, кейде шал мен кемпірдің әзіл-қалжыңына құрылып жырланады. Негізінен деректі шағын сюжетке негізделеді. Қазақ тұрмысының көшпелі тұрмыс мәдениеті өркен жайған халықтың тіршілігіндегі сан алуан көріністер қамтылған. Мысалы, "Біржан сал мен қыз" қағысуында жолдастарымен бір ауылға жақындап келе жатқан Біржан салға ауыл сыртындағы көлде шомылып жатқан қыздарға қарата бір қалжың өлең айтуын серіктері сұрағасын айтқаны қағысуға себеп болған:
Бауыры Көкшетаудың қара қайың,
Қар кеткен соң болады малға жайың.
Ішінде адам да бар, арам да бар,
Ей, қыздар, былғамаңдар судың лайын.
Қағысуда Біржанды және оның серіктерін сөзден тосылдырған су ішіндегі қыздың жауабы өте әсерлі:
Ұшады аққу көлден сабаланып,
Біз қалдық сіздің сөзге назаланып.
"Келед, - деп – игі жақсы ауылымызға"
Шомылып жатыр едік тазаланып.
Қағысуларда ақындардың азаматтық біліктілігі де, білімділігі де сарапталады. Ақындық өнер иелері арасындағы өзара сыйласу, бірін-бірі құрметтеу мәдениетінің деңгейлері де бағалана жырланады. Сөз арқауындағы айтылған ақындардың барлығы да замандас, елдес, қандас ретінде ағайындық-туыстық жақындық негіздерін тарихи таныммен негіздеп жырлайды.
Көкбай мен Кемпірбай ақындардың арасында өткен қағысуды ұйымдастырушы да, тоқтам жасаушысы да хакім Абай болыпты. Кемпірбайдың Көкбайға шамалы салқындау қарап жүргенін байқаған Абай Көкбайдан осы қағысу жырын бастауын сұрайды.
Көкбайдың бастау жырында өзінің Кемпірбайға неге жақпай жүргенін түсінбейтінін, тоңторыс жүре бергенше бет ашысып, сынасып, арнайы сарап-сынақ өткізу керектігі айтылады:
Не екен Кемпірбайға жақпағаным,
Көңілін түйе беріп таппағаным.
"Бір күн дәм татқанға – қырық күн сәлем",
Естідім татқан тұзын ақтағанын.
Кемпірбай хат танисың өзің молда,
Думан ғып жүруші едің қара жолда,
Менімен қалайша сен соқтығасың,
Тіленші әкең мойнында неше дорба.
Қағысуларда ақындардың өзара қарым-қатынастары мәдениетінің сақталу ұлағаты дәріптеледі. Дәстүрлі ақындық поэзияда өзіндік парасатымен халық махаббатына ие болған тұлғалар барлық уақытта да адалдығынан, шыншыл мәрт мінезінен жаңылмайды.
Н. Үсенова