Қараша айының 23 жұлдызында ҚазҰУ-дың филология факультетінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Назарбаев университеті студенттерінің арасында онлайн форматта "Қазақ әдебиеті және әлем әдебиеті: жаңа ғасыр тынысы" атты әдеби-танымдық дөңгелек үстел болып өтті.
Ұйымдастырушылар қатарында факультеттегі "Көкжиек" клубы болды. Аталған шараның мақсаты – қазіргі жастар арасында әдебиетке деген қызығушылықты арттырып, төл әдебиетімізді насихаттау. Шараның кіріспе сөзін әдеби-танымдық дөңгелек үстелді ұйымдастырушы ұстаздар ф.ғ.к., доцент Ләйла Мұсалы, ф.ғ.к., доцент Ермек Адаева, ф.ғ.к., аға оқытушы Еркінгүл Солтанаева алып, өткізіліп отырған дөңгелек үстелдің жөніндегі ойларын айтып, студенттерге сәттілік тіледі.
Кеш барысында екі университеттің спикерлері қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелер жөнінде өзіндік ойларын ортаға салып, пікірталас жасады.
Атап айтатын болсақ, "Дәстүрлі әдебиеттен не үйренеміз", "Қазіргі оқырманға қызықты болатын әдеби жанрлар", "Қазақ жазушылары және Нобель сыйлығы", "Қазіргі жас ақын-жазушыларға қойылатын талаптар" секілді қазіргі әдеби ортада жиі талқыланып жүрген тақырыптар турасында Назарбаев университеті атынан Жалмұратов Азамат, Әділханова Альбина, Сарқытбаев Қуаныш, Мәрдісадық Аружан пікірлерін ортаға салса, Қазақ Ұлттық университеті атынан Есімжанов Екпін, Бейсен Айдана, Зиядибеков Нұрасыл, Әбдіраманхан Марат сөйлеп тақырыпты жан-жақты аша түсті.
Сондай-ақ шараға қатысып отырған басқа да студенттер өздерін қызықтырған тақырыптар төңірегінде сұрақтарын қойып, тың пікірлерімен бөлісіп белсенділік танытты. Ұйымдастырылған шараны ұстаздар қорытындылап, талқыға түскен мәселелердің қазақ әдебиеті үшін маңыздылығын, қажеттілігін тілге тиек етті.
Кештің модераторлары Назарбаев университетінен Әміршейір Әбділда, Жансая Сиезғазиева болса, Қазақ ұлттық университетінен Мағазбеков Нұр, Құмарбекова Гүлім болды. Алдағы уақытта екі университет арасында осындай әдеби-шығармашылық байланыс одан әрі нығая түседі деген сенімдеміз.
Н.Мағазбек, магистрант
Г.Құмарбек, студент