Бағзыдан бүгінгіге дейін ешбір елде, ешбір ұлтта аспаннан аяғы салбырап түсе салған жазушы жоқ. Мейлі ол қандай атақты, даңқты болсын, кезінде әйтеуір біреуден үйренеді, біреудің шапағатын көреді, біреуден болмағанда жылы сөз, жақсы пікір естиді. Сөйтіп жүріп қаламын ұштайды, талантын шыңдайды. Талаптану талайда болады. Бірақ талантпен құдай әркімді жарылқамаған. Ал біреудің талантын біреу қалай таниды? Мақтағанға маңдай жарқырап кете ме? Бұл жағынан Флоберге қараңыз. Өзінің рухтас ұлы Мопассанның «Томпыш» атты тұңғыш әңгімесін оқыған ол жас талаптың шешесіне: «Бұған енді тек жазу ғана қалды» деген. Бір-екі-ақ сөз. Алайда, мұнда қаншама баға, қаншама сенім жатыр десеңші. Қысқа сөздің құнын, шіркін, осылай білсек қой.
Француз Флоберге керісінше сөзді қазақ Қалихан Ысқақ айтқан. Не деп? Кімге? Бірде жас жазушылардың кеңесінде (80-жылдардың басы) әдеби ортада жиі бас көрсетіп жүретін бір жігіт шығармасын өзі оқып беруді өтінген.
– Оқы. Тек бір-ақ бетін! – деген Қалағаң. Амал не, бір беті былай тұрсын, жарты бетке жетер-жетпесте Қалағаң:
– Тоқта! – деген даусы тарғылданып. – Әдебиет еріккеннің ермегі емес. Саған айтарым – қолыңнан келетін іспен айналыс. Тек жазудан басқа!
Бұл жерде ол тым қаталдыққа барғаны рас. Бұнысын ақтау да, даттау да қиын. Бірақ шындығы сол, талантсыз бен татымсызға келгенде Қалағаңның тілі ешқашан тіске қыстырылып көрген емес-ті.
Ал осы Қалихан Ысқақтың өз талантын алғаш таныған кім? Зейнолла Қабдолов. «Қоңыр күз еді» деген тұңғыш повесі жарық көргенде бірінші боп жақсы пікір жазған да, кейінге дейін Қалағаңның төбесінен құс ұшырмаған да – сол Зекең еді.
Сол Зекеңнің өз ұстазы кім? Мұхтар Әуезов.
Ал Мұқаңның жанашыры? Ахмет Байтұрсынұлы іспетті алаш арыстары болған.
Иә, қазақтың жас таланттары қай уақытта да жанашырлық пен қамқорлықтан, демеу мен сүйеуден кенде болған емес. Бір Мұқан Иманжановтың өзі ғана қаншама жастың жолын ашып, қатарға қосқанын күні кешеге дейін аға жазушылар аңыз етіп айтып отыратын. Ақжарылқап Сәбең, Сәбит Мұқановтың, абыз сынды Әбең, Әбу Сәрсенбаевтың аялы алақаны жөнінде де жырға бергісіз жылы сөздерді талайлардан естігенбіз.
Шүкір, өз басым да ағаларымнан аз жақсылық көргем жоқ. Бірінші рет аудандық газетке жолдаған өлеңімді Оралхан жариялады (1965). Алғашқы әңгімемді Зейнолла Қабдолов өз алғысөзімен «Жұлдыз» журналына бастырды (1976). Одан кейін де жазушылық, журналистік, аудармашылық жұмысымда кімдерден шапағат көрмедім десеңші?! Екі Қалағам – Қалихан мен Қалтай, бір Шерағам – Шерхан Мұртаза, екі Секем – Сағат Әшімбаев пен Сейдахмет Бердіқұлов, тағы да екі Әбекем – Әбіраш пен Әбілмәжін. Бұны соза берсем, кете береді. Жоқ, созбаймын. Көзіме жас келеді. Қайран ағаларым! Мен олардың бәріне қарыздармын. Ал қарыз қайтуы керек. Қалай қайтарамын? Байқаймын, бұның да жолы бар сияқты.
Егер өзім бір таланттың көзін ашсам – бір қарызымның өтелгені шығар.
Егер бір жасқа жылы пікір білдірсем, кешегі бір ағамның рухы риза болар.
Дидахмет Әшімханұлы, "Қазақ әдебиеті" газеті.
Сурет: zhasorken.kz
Ұқсас жазбалар:
Алматыда «Әңгіме туралы әңгіме» атты кеш өтті
Оралхан Бөкейдің таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді