Қарттарым, аман-сау жүршi

Қарттарым, аман-сау жүршi
Фото: massaget.kz

28 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды "Халықаралық қарттар күні" деп жариялаған болатын. Сол уақыттан бері бұл мереке атап өтіліп келеді.  

Асылында бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.

Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат - аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады.

Қазақ қариясын сыйлаған халық. Қарты бар үйдің қазынасы бар, - деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген.

Қарттарым, аман-сау жүршi

Дүниеге келер бiр рет,
Дария-кеуде тау мүсiн.
Құрыштан құйған құдiрет – 
Қарттарым, аман-саумысың?!

Өздерiң болсаң жанында,
Ел iшi жомарт, еңселi.
Дән иiсi жүрген қанында,
Даламның бiр-бiр бөлшегi.

Арада жылдар жөңкiлiп,
Алыстап кеттiм бiртiндеп.
Айта алмай ауыз толтырып,
«Ассалаумағалейкум!» деп.

Өзге бiр менде жоқ тiлек,
Өздерiң көзбен баққаным.
Жайлы жер iздеп кеттi деп,
Жазғыра көрме, қарттарым.

Ердiм бiр сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшiн.
Болғам жоқ алаң, даламда,
Әулие қарттар жүргесiн.

Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат, дем берсiн.
Киесi де оның сендерсiң,
Иесi де оның сендерсiң.

Алдында жүршi көзiмнiң,
Асылым, алтын қазынам.
Ауыра қалсам өзiңнiң,
Пейiлiңмен-ақ жазылам.

Сағынып талай жыр туар,
Оралар әлi-ақ сан жыршы.
Даламның иiсi бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүршi!

С. Жиенбаев

Қариялар азайып бара жатыр

Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр. 

Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға.

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.

Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір алуыда.

Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр. 

М.Мақатаев

Мен қарапайым қарттарды сүйем

Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы - қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді.

Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?

Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын.

Осылай деп қарттардан қалап келем,
Өнеге, өсиетін санап көрем.
Санап көрем... тоймаймын... сұранамын,
Себебі мен де бір күн жауап берем.

Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл...

М. Мақатаев

Тоқта, ботам

Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.

Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда,
Жастық дейтін көктеменің шағында,
Өскен едік сенің анаң екеуміз
Осы қарттың мәпелеген бағында.
Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,
Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.
Жинап алып жүрер еді жарықтық
Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін.

Ей, болашақ!
Қарт келеді зиялы,
Кейімесін ата-қыран ұялы.
Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін,
Атаң саған ұзақ өмірін қияды.
Ақылына айырбаста күлкіңді,
Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі...

Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда.
Дария шалқар даналығын ал, тыңда!
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалып
Айырбастап таба алмай жүр алтынға.
Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!

М. Мақатаев

Шалдар туралы

I - өлең

Шалдық өмір қызық екен өзінше,
Аштым міне сол өмірдің қақпасын.
Арман қалай қажыдым деп тоқтасын
Жүрек шіркін дамыл таппай жатқасын.
Ойлаушы едім: қартайғанда қамсыз боп
Жатармын деп араласпай өмірге.
Болмайды екен су себуге көңілге,
Керек екен қимылдауым менің де.
Тыпыршығыш келеді екен шал жаны,
Әрине, ол күтпейді оңай олжаны.
Керек емес өзгелердің шолжаңы,
Әйтсе де оның бөтен емес болжалы.
Түнде оянып Әміртайым жыласа,
Тұрамын да тербетемін бесігін.
Тербеткенім немереме ұнаса
Жастығымды жоғалтқанның несі мұң?
Күтем таңды күн еңкейіп батқасын,
Құмартамын көруге аман от басын.
Арман қалай қажыдым деп тоқтасын,
Жүрек шіркін дамыл таппай соққасын.

2 - өлең

Жұлдыз түгел үлгірмепті батуға,
Аспан тура сауысқандай қарала.
Төзе алмадым төсекте ояу жатуға,
Келем жалғыз көшелерді аралап.
Менен де ерте тұрған екен құрдасым,
Әдетінше сыпырып жүр көшені.
Көшеміздің ең тәртіпті көсемі
Тастапты үйіп ыластарды кешегі.
Жауыннан соң кеппей жердің ылғалы
Сілтегені сыпырғысын бір қызық.
Талай жерді тазартыпты тұрғалы,
Құлап қалған урналарды тұрғызып...
Кәзір ғой жұрт жөңкіп жүре бастайды,
Бәрі соның өзіміздің балалар.
Шылымдарын, шыныларын тастайды.
Былғанады көшелер мен қоралар.
Біледі оны менің мына құрдасым,
Айтып кейде ренжіп те жүреді.
Тастамайды бірақ шалым қолынан
Қос қаруын: сыпырғы мен күрегін.
О, қайран шал, сабыр таппас құрдасым,
Ойламайды ол күйттесем деп бір басын.
Жатсын қалай, жарқыраған зор ғасыр
Жүрегіне тоқтама деп тұрғасын!

Ә. Тәжібаев

Қария мен дария

Алтын сақал омырауын алқалап,
Қария тұр қабағынан ой тарап.
Күркірейді орғып долы дария,
Аласапыран толқындарын арқалап,
Шал сөйледі күліп қана мұртынан:
«Уа, бүлікшіл жарға сыймай бұлқынған,
Білмейсің-ау...
Батыр қолдар түйіліп,
Келе жатыр төніп сенің сыртыңнан».
Саған шоқ-шоқ!
Неге есіріп тасыдың?—
Батты маған сенің кесір-асырың.
Әлек салдың талай апат нөсермен,
Мені тіпті жан демедің, басындың.
«Ту-түлегей толқыныңды тулатып,
Талай кеттің қырларыма құм атып.
Талай менің лашығымды әкеттің,
Талай бұздың қорғанымды қиратып».
«Ал далада, шөлдегенде көрмедің,
Үркіп менен өз бетіңше өрледің.
Уа дариға, бұл асауға бір тұсау —
Болар ма деп, баяғыдан шерлі едім».
«Енді өрмін, тұрмын тіпті қуанып,
Тентек шіркін, биле алдымда бұралып.
Құрыш қолын өрендерім сермеді,—
Қыл мойныңа түседі енді бұғалық..»

Қ. Бекхожин

Шалдарды сағыну

Әруағыңнан айналдым, ұлы шалдар,
Өздерің жоқ, сөздерің — тірі шалдар;
Сонау жылы бір ақыл айтып еңдер:
"Ақыл сырын, ұланым, дұрыс аңғар. —
Кезде де осы жыр тілі күрмелмеген,
Қиын сынды келісу күнде елменен.
Өлеңшалық болдың сен қайдан ғана —
Басқа пәле, шырағым, тілден деген?!
Талапты ерге іс көп қой жүз амалды,
Тізіп санап қайтеміз біз оларды.
Қалыңды ойлап қабынбай, қарын байлап
Талай бала тірлігін түзеп алды...
Нұрым, Ақтан — пенде боп тақ - тұққа олар,
Зарлы Аралбай айтыпты ақтық хабар ...
Пірлі арманнан не пайда, пұл болмаса
Жыр ақыры, қарағым, жоқтық болар.
Шықсаң - дағы күн болып қасқа белден,
Бақ көрмедік өлеңнен басқа келген.
Маңғыстаудың қара ойын жырмен қырған
Ізбас атты нағашың аштан өлген!.."
Ақындықпен арманым өлшенерде,
Поэзия аулына жол шегерде —
Тап осылай деп еңдер,
Қояр ем ғой
Өлең жазбау қолымнан келсе егер де.
"Күйді екен, деп, шалдардың неге жаны?" –
Самсаған ой тұтқынға мені алады.
Бір сөзіңді екі етіп көрген жоқ ем,
Сол тілекті ақтамай келем әлі.
"Шайырлықтан таппассың ырысты, ұлым,
Тірелмейді өлеңге шын іс бүгін..." —
деп едіңдер,
Мойындап қалам кейде
Сол ақылдың шынымен дұрыстығын ...

17.11.1982 ж. Алматы.

Шалдарды сағыну – II

Жетелеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар. —
Құдайдай күтіп алады,
Ақ шұнақ шалдар, сары шалдар.
"Жеті жұрт көшкен жерленбей", —
Маңғыстау осы дейін мен ...
Сен жаққа Қызыр көргендей
Қарайды шалдар бейілмен.
Сойғызып бағылан қозыны
Босайды сосын жан - жүйе.
Аяттарының созымы —
"Үш жүз де алпыс әулие..."
Болмасаң, бауырым, сөзге олақ
Жатырқар дейсің ол кімді? —
Өкпелей көрме, қазбалап
Тергесе арғы — бергіңді.
Мәшһурат — кеңес құрарға
Жинайды ол бастас бар шалын.
Кезінде шыққан ұранға —
Еліңнің сен де айт жайсаңын.
Есіне өткен кезді алса,
Аруана - қарттар боздайды.
Жетпеген бізге сөз болса —
Жеті атасынан қозғайды.
Желбіреп күміс сақалы
Сайрайды Абыз Атадай.
Ширылып шыққан мақалы —
Алшы боп түскен сақадай.
Ой салып қапы тұстарға,
Бағыштар небір ерге өлең. –
Жалмауға келген дұшпанға
Ақырып қылыш сермеген.
Соғыстың ізін көптеген
Нұсқар ол, әлі өшпеген. —
"Бұл жерден кімдер өтпеген,
Басынан нелер кешпеген"...
Тербейді кенет көңілін
Жыр, күйі екі Абылдың ...
Отырар жаңа нөмірін
Парақтап "Жұлдыз", "Жалынның".
Жандарын алма жүдетіп,
Оқи біл — тірі хаттарды.
Жатады қайта түлетіп —
Қашаған, Нұрым, Ақтанды.
Болғандай бейне қасында
Бедерлеп тарих өрнегін —
Бәленшекемнің асында
Бәйгіден қай ат келгенін;
Айтады бәрін аңыз ғып,
Кімдерді кімнің жыққанын;
Мәйегін сөздің ағызып
Қай бидің қалай ұтқанын.
Жыр мен күй жетер ертіп ән,
Жарқ етер мида ғайып хал. —
Ақшора менен Белтұран,
Ақбөбек пенен Қайыптар!..
Көңілдің көгін кезсе мұң —
Кезеңді еске ап үрейлі;
Мәтжаннан өтіп,
Сөз соңын
Тобаниязға тірейді ...
Ексіміне еріп кей заңның,
Батасын бөліп жүрме тек. —
"Оңдай гөр, жолын мейманның,
Қолдай гөр, дейді, Пір Бекет!.."
Аттанар шақта, күбірлеп
Кеудеңе сенің төс басып:
"Жақсы атың шыққай, ұлым", — деп,
Қалады қимай қоштасып ...
Жетектеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар. —
Құдайдай күтіп алады
Қара шалдар мен сары шалдар ...
Өртемей мені тынбас - ты,
Сағыныш өрті — ұлы алау.
Қиырда жүрген кіл жақсы
Азайып қалған шығар - ау.
Кеттім мен неге қасыңнан? —
Жыраққа жылдар сүйреді - ау.
Назырқап барсам басымнан
Сипайтын шалдар сиреді - ау.
Барады кеміп біртіндеп
Кеуделер — шыққан саз аңқып.
"Жабы боп кетер жұртым", — деп,
Жандарын жүрген тазартып.
Шалдарды жоқтап жас тамды
Торыққан, тозған жүйкемнен. —
Төлежіп кеткен Аспанды
Төбелерімен итерген...

25.05.1982. Алматы

С. Нұржан

Н. Үсенова