«Ақындық – Алланың сыйы», «ақындар – Құдайдың назарына ілігіп, өлең деген құдіретті иемденген ерекше жаратылыс иелері». Иә, дәл осындай мәндегі пікірлер қазақы ұғымда көптеп айтылады. Бүгінгі рухани дағдарыстың ықпалынан, лайықты дәрежеде құрметтелмей жатыр демесеңіз, алаш ақындарының абыройы асқақ. Сол себепті де, жалпы жұрт алдындағы бет-беделі аласармақ емес.
Қазақ ақынын ардақтаған халық. Ақындарына алғыс тілемесе, қарғыс айтты дегенді естігеніміз жоқ. Тек қазақ қоғамында емес, әлемдік өркениеттегі ақындардың орны орасан зор екені әмбеге аян. Алайда әлемдік әдебиетте «қарғыс атқан ақындар да» бар екен. Еуропадағы ең бір озық үлгідегі әдебиет – француз әдебиеті небір тарпаң тағдырлы, бөлек болмысты ақындарды түлетті. 1883 жылы француз ақыны Поль Верленнің «Қарғыс атқан ақындар» деген атта циклді мақалалары жариялана бастады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған, ішкіш, кедей, ғұмырсыз сезім мен ерте өлім құшқан ақындардың өмірі... Осы мақаладан аталған атау кейін ақындардың өміріне өшпес таңба боп қалды. «Қарғыс атқан ақындарға»: Артюр Рембо, Стефан Малларме, Тристан Корбьер және Поль Верленнің өзі жатқызылады.
Осы орайда ойымызға тұздық болу үшін Қадыр Мырза Әлидің «Жазмышында» жазылған мына пікірге назар аударалық: «Осыдан бірнеше жыл бұрын Францияда көрмеген теперіші жоқ, бүкіл өмірлері қайғы мен қасіреттен тұрған, дара тағдырлардың иесі болған, бірнеше ақынның өлендерін шығарып, ол кітапқа «Қарғыс атқан ақындар» деп ат қойыпты. Ауыр сөз. Көңілге келетін сөз. Бірақ, бар болғырлар тауып қойған. Өңшең бір шерлі жыр, шерменде ақындардың тағдырларына үңіле отырып, ақын боп туу азап үшін туу ма деп қаласың. Найзағай түскенде де ондаған, жүздеген тіпті одан да көп қалың ағаштың кез келгеніне түспей, ең биігіне, ең зәуліміне барып түседі екен ғой. Жазмыштың жұмыр добы да, қайысқан қалың халыққа жоламай, әлдекімдерді айналып өтіп, ақындарды барып ұратын тәрізді».
Иә, өте ауыр сөз... Осындай ауыр сөзді арқалаған ақындарымыз француз әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетіне жаңалық алып келген мықтылар еді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Еуропада буржуазиялық мәдениеттің дағдарысқа ұшырап, тарихи-әлеуметтік жағдайдың өзгеруінен символизм ағымы пайда болып жатты. Француз поэзиясында П.Верлен, А.Рембо, М.Малларме жырларынан көрініс таба бастаған бұл ағым, неміс философтары А.Шопенгауэр, Э.Гартманның идеалисттік теорияларымен үндесіп жатады. Осы ағымды қазақ даласында дамыта түскен Мағжан Жұмабаев секілді марғасқа ақындарымыз болды.
«Қарғыс атқан ақындар» жайлы айтылған кезде ең бірінші Артюр Рембоны ауызға аларымыз хақ. 20 жасында француз поэзиясында төңкеріс жасап кеткен Рембоның тағдыры жұмбаққа толы. 16 жасында тұңғыш өлеңі жарияланып, 17 жасында Парижде жазушы Поль Верленмен танысады. Париж коммунасы қозғалысына қатысады. 1880 жылы жазуды тастап, дүниежүзін саяхаттауға бел буады. Артюр Рембо жайлы режиссер Ришар Диндоның «Arthur Rimbaud – Une biographie» деген киносы бар. Леонардо Ди Каприо басты рөлде ойнаған фильмді тамашаладық. Сол киноның әсері талай жастың жасықтығын жеңіп, жігер сыйлады. Ешкімге бас имеген еркін өмірдің иесі, өзінің шеңберге симас болмысымен есте қалды. Рембоның Поль Верленмен достығы – ақындар арасындағы рухани байланыстың айқын көрінісі. Кей кездегі шеттен тыс «еркіндік сүйгіштігі» «қарақшы ақын» Франсуа Вийонды еске салады. Артюр Рембоның жырларымен қазақ оқырмандары Әмірхан Балқыбек, Светқали Нұржан секілді белгілі ақындардың аудармалары арқылы танысты.
«Қарғыс атқан ақындар» деген атау Рембо тектес ақындардың атына күйе жағып, қаралау емес. Бұл ақындар әдебиет әлемінен өз орнын алып, құнды мұраларымен халық жадында қалғандар. Олар ешқандай да «Қарғыс атқан ақындар» емес. Олар сол болмыстарымен «Қадірі артқан, абыройы асқан ақындар». Әлде бұл қарғыс: «Атақтарың аспандағыр», «Өлеңдерің өшпегір», «Есімдерің елеусіз қалмағыр» деген сыңайда айтылды ма екен...
Автор: Шерхан Талап
Сурет: livelib.ru, livejournal.com