Дулат Исабековтің «Қарғын» романын оқыған жанға бас кейіпкер Жасын әсер етпеуі мүмкін емес. Ақылды, білімді Жасынды жігіттер үлгі тұтса, ешкімге илікпейтін паңдығы мен парасаттылығына қыздар ғашық болды. Дулат Исабеков бір сөзінде: «Маған бір қыздар келіп, жігітіме «Неге Жасындай болмайсың» деп, араздасып қалдым» деген кезі де болды», –дейді.
Жігіттерді жігерлендіріп, қыздарды қапа қылған Жасын кім? Өмірде болған ба? Бұл сұрақтың жауабын Айгүл Аханбайқызы 2007 жылы «Айқын» газетіне жариялаған мақаласынан табамыз.
«Анна Каренина кім?» деп сұрағанда, Лев Толстой «Мен» деп жауап берген. Ал «Қарғын» романындағы Жасын кімнің прототипі, Исабековтің өзі ме, өзге жазушы ма?
«Күлкісі де жанары да салқын екен», «жас қыз өн бойынан салқындық қана есіп тұратын, өзгемен ғана емес, өзімен де қарама-қайшы осы адамды неге, не үшін жақсы көретінін де әзірге білмеуші еді», бұл аз болса Бағила екекі арасындағы Ахалтеке жылқы туралы әңгіме, қалыпқа сыймайтын, әдепкі түсінікпен үйлеспейтін кесек ойлар бүгінде қаламгер құрдастары еске алғанда айтатын... Асқар Сүлейменовтің мінезі мен бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Дулат ағаның өзі былай дейді: – «Қарғынды» бастап жазған кезде дәл Асқарды прототип етіп алайын деп ойлағам жоқ. Асқармен бірге көп жүрдім, білім дәрежесіне, интеллектуалдық деңгейіне бір мысқал шек келтірген емеспін. Тіпті коньяктан ұрттап алса да, ол ешқашан ойынан жаңылыспайтын, кез келген шығарманың бір әрпінен мүлт кетпейтін, әлем әдебиеті, әлем кинематографиясы, әлем театры, ондағы белгілі режиссерлер, әйгілі актерлер, таңдаулы шығармалардың көркемдік деңгейі, идеясы, ондағы кейіпкерлердің аттарын бүгінгі компьютерден кем білмейтін.
Кез келген отырыстарда, әдебиетшілердің басы қосыла қалған әдемі ортада туындап қалатын, айтыла салатын, тап сол сәтке байланысты сол шығармалардан мысал келтіре салатындығы, әдебиет пен өмірді астастырып, үнемі байланыста ұстайтындығымен ол бәрінен ерекше, бөлекше болып тұратын. Ондай биік талғамды басқа біреудің бойынан көру де қиын еді. Асқармен етене жақын араласқаннан кейін шығар, оның бейнесі, мінезі санама әбден сіңіп, берік орнап қалған екен.
Романның ортасына жеткенде жазып отырған жазушы Жасынымның Асқарға ұқсайтынын, тіпті нақ Асқардың өзі екенін бір-ақ аңдадым...»
«Қарғын» романы арқылы жазушы қазақ әдебиетіндегі жауапсыздық, талғамсыздық көріністеріне жауап қайтарғысы келген ойы, өзінше талпынған әрекеті тым нәтижесіз қалмады – роман оқырман назарын өзіне бірден баурап алды, сонымен бірге, ел білетін, жұрт танитын белгілі жазушының прототипке айналуы да сирек болатын жағдай еді.
Олақ шығарма жазған жас жігіттерді жүндеу жеңілірек, әжептәуір аты бар жазушыларды сын тезіне алып, теперіш көрсете беру қиындау, сондай шақта саны көп болғанымен, сапасын сөз етуге жүрек дауаламайтын шығармаларға Дулат Исабеков Жасын бейнесінде жасырынған Асқар Сүлейменов арқылы соққы беруін азаматтық та, қаламгерлік те парызы санаған сияқты».