Ол қазақ поэзиясында өзіндік жол қалыптастырған ерекше тұлға. Оның өлеңдері мен поэмалары қазыналы қазақ әдебиетінің қорын байытты.
Бүгін Жазушылар үйінде халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері, аса көрнекті ақынның таңдаулы топтамаларының тұсауы кесілді. Салтанатты жиынның басты себебі – келесі жылы республикалық деңгейде аталып өтілетін ақының 100 жылдық мерейтойы. Ол «Әдебиет әлемі» сериясы бойынша мемлекеттік тапсырыспен «ҚАЗақпарат» баспасынан 2 мың данамен жарық көрді.
Қалижан Бекхожин 1913 жылы 15 желтоқсанда Павлодар облысы, Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызыл тауда дүниеге келген (азан шақырып қойған шын аты Қали–Мұхаммед). Әкесі мәшһүр Нұрғожа Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның медресесін үздік бітірген. Мәшһүр Жүсіппен, Ақан Серімен, Исамен айтысқан, кейбір болыстарды шенеп сын айтқан ақын болған адам. 1932 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін шығарған. Сол жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген.
Бала кезінде жалдамалы молдадан арабша хат таныған Қалижан бала кезінде қисса-жырларды көп оқып, әдебиетке ерте құмартады. 1924 жылы дін оқуынан кеңес мектебіне ауысқан. 1929 жылы комсомол қатарына өтеді. 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу ауылында мұғалім болып істеген. 1932 жылы 19 жасында аудандық «Колхоз» газетінде 8 наурыз – әйелдер күніне арналған тырнақалды өлеңі басылып шықты. Содан кейін осы газеттің жауапты хатшысы қызметіне жұмысқа шақырылады. 1934 жылы мамыр айында Алматыға Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болған. 1934 жылы ҚазПИге оқуға түседі. 1938 жылы 4 курста жүріп Қазақстан Орталық Комитетінің Комсомол баспасында бас редактор, кейіннен директор болып қызмет атқарған. 6-8–10 сыныптар оқулықтарының авторы болған. Ағылшынның атақты ақыны Байронның «Чайльд Гарольд» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, ол қазақ әдебиетінің 8 сыныбына арналған хрестоматияда (1937) жариялаған.
Қалижан Бекхожиннің поэзиядағы ғұмыры 1949 жылдан басталды. Ұлы Отан соғысына қатысқан ол өзінің қатарластары жайлы жырлады. Одан соң оның тарихқа деген қызығушылығы артып, «Ақсақ құлан», «Кек», «Жиырма сегіз», «Александр Невский», «Мәриям Жагорқызы» сынды шығармаларын дүниеге әкелді. Бірақ оның көп шығармалары баспа беттерін көрмей келді. «Батыр Науанның» өзі тек тоқсаныншы жалдардан кейін ғана жарияланды. Тарихи туындысы «Ақсақ құлан» поэмасында күй өнерінің құдіретін, 13 ғасырдағы қазақ халқының ерлігін суреттесе, «Батыр Науан» поэмасы қазақтардың Ресей отаршылдығына қарсы қаһармандық күресінің шежіресі ретінде танылған шығарма. Бекхожинның осы және өзге де туындылары жаңадан жарыққа шыққан жинаққа топтастырылған. Көбі Қалижан Бекхожиннің сауатты аудармашы болғанын айтады. Әдеби әлемде осы үшін Мемлекеттік сыйлыққа да қол жеткізген.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет:writers.kz