ХҮI ғасырдың басы. Төңiрегiндегi тайпаларды уысында ұстап тұрған, ашық майданда қай-қай жауына да 3 миллионнан артық жауынгердi сақадай сай етiп қарсы қоя алатын қаһарлы ацтектер айналасы бiр-екi жылдың iшiнде жалпы саны 800-дей ғана болатын испан конкистадорларынан быт-шыт болып жеңiлдi. Ұлы ацтек империясының шаңырағы ортасына түстi. Ацтектердiң патшасы Монтесума испандықтармен бiтiмге келуге тырысып бақты, бiрақ испандықтарға Монтесумамен мәмiле емес, алтын керек едi, ақырында өзi келiп қолға түскен патшаны да сол алтынның жолына құрбандыққа шалып жiбердi.
Соншалықты күш басымдығы бола тұра ацтектердiң мұндай абыройсыз жеңiлiске ұшырауына не себеп? Ел бастаған көсемдерiнiң арсыздығы ма, әлде жауынгерлерiнiң Еуропа қару-жарағының алдындағы әлсiздiгi ме? Бәлкiм, жалқынына көзi түссе перiште де жолдан таяр алтынның қадiрiн дәл еуропалықтардай бiлмегендiктерi болар?
Жоқ, жылнамалар басқа себеп айтады. Олар бiр ауыздан ацтектердiң жеңiлiске ұшырауына кiтап кiнәлi едi дейдi. Иә, көнекөзi бар, жаңасы бар, кәдiмгi кiтап. Сол кiтаптарда баяндалатын аңыз-әфсана, бағзыдан сыр шертетiн тарихи жазбалар. Соларды есту, оқу арқылы қалыптасқан халықтық сенiмнiң осыншалықты сұрапыл iшкi қиратушы күшi болады деп кiм ойлаған?
Таратып айтар болсақ, ол замандағы ацтектер басқа Тәңiрлермен бiрге ақ адам бейнесiндегi Тәңiрге де (Кецалькоатль) сиынатын. Аңыздар бағзы бiр замандарда шалқар теңiздiң арғы жағындағы белгiсiз жақтан ацтектер елiне келiп, оларға жер жыртып, егiн егудi үйреткен сақалы белуарына түскен ақылды да мейiрiмдi ақ адам туралы әңгiмелейтiн. Тәңiрi ретiнде дәрiптелетiн сол ақ адамның кеме сияқты әлденеге мiнiп түпсiз теңiзбен келген жағына қайта кеткендiгi жайлы да баяндайтын. Табиғатынан көсе, қызылтәндi ацтектер қаба сақал испандықтарды көргенде ескi аңыздардағы сол адам-Тәңiрi өз балаларымен қайта оралған екен деп қалған. Ал, үндiстерде, жазмыштың көрсоқырлығы емес пе, ақ адам бейнесiндегi Тәңiрiнiң оралуы ақырзаманмен байланыстырылатын. Испан кемелерi, аңыз бойынша, сапарына адам-Тәңiрi осы жерден аттанып едi делiнетiн бұғазға зәкiр тастағанын көргенде, ақырзаман жайлы қорқынышты ойдың зәрелерiн ұшырғандықтары соншалық, ацтектер басбұзар осынау аз ғана тобырға ешқандай соғыссыз-ақ берiлуге бейiл болып қалған-ды. Испандықтардың тойымсыз дүниеқоңыздығы ғана оларды қолдарына қару алуға мәжбүр еттi. Бiрақ санадағы алғашқы сәттегi жеңiлiс кейiнгi қанды майдандағы желiктен анағұрлым күштi болып шықты. Тұрғын халқы 200-300 мың болатын ацтек қалалары (ол кездегi Еуропадағы ең iрi қалалардың бiрi Лондонның 200-ақ мың тұрғыны болғандығын ескерсек, мұндай оп-оңай жеңiлiстерге таң қалмасқа шара жоқ) бiрiнен кейiн бiрi тiзе бүгiп жатты.
Осылайша, ауыздан ауызға, кiтаптан кiтапқа көшiп келе жатқан аңыз әңгiмелер ацтектердiң түбiне жетiп тынды...
* * *
Тарих түртiп алған факты осындай. Ащы да болса ақиқат. Ендi ацтектердi атом бомбасымен де, ақырзаманмен де қорқыта алмайсыз. Олардан қорықсақ, сiз бен бiз қорқамыз.
Бiрақ тарихтағы оқиғалар қайталанады дейдi. Олай болса, сiз бен бiзге атомнан да, ақырзаманнан да емес, ең бiрiншi, осы өзiмiз оқып жүрген кiтаптардан қорқу кезеңi келiп тұрған жоқ па екен?..
* * *
Кiтаптан теперiш көрген тек ацтектер ғана ма екен? Тарих мынандай да деректердi мысалға келтiредi:
ҮIII ғасырда Орталық Азияда алғашында бiртұтас болса да кейiн қаққа бөлiнiп, ақыры құлап тынған түркi қағанатының соңын ала ұйғыр қағанаты дүниеге келдi. Дегенмен, өмiрi ұзақ болмады. Бiр-ақ ғасыр дәурендеуге мүмкiндiгi жеттi. Бiлуiмiзше, оның түбiне де кiтап жеткен.
Тарих мол байлыққа, шексiз билiкке ие болған ұйғыр ақсүйектерi бабалар дiнi Тәңiршiлдiктi ұмытып, Мани iлiмiмен әуестене бастады дейдi. Олар осы iлiмдi қалың бұқараның арасына да таратуға тырысқан.
Манихейшiлiк III ғасырда пайда болған дiн-дi. Ол өзiне дейiнгi ұлы дiндердiң - буддизм, христианшылдық және зорастризмнiң синтезi iспетi едi.
Оның талабы бойынша ет жеуге тыйым салынатын. Яғни, манихейшiлiктi ұстанған рухы асқақ көшпелi жауынгер ұйғырға ендiгi жерде малдың керегi болмай қалды. Ол амалсыз аттан түсiп, егiншiлiкпен айналысуға мәжбүр болды. Кешегi жауынгер қарапайым шаруаға айналды.
Манихейшiлiк өзiн ұстанған пендеге бұл дүниеге қызықпауды, үйленбей, қолдан келсе дүниеге сәби келтiрмей салт басты өтудi де уағыз ететiн. Сонымен бiрге нәпсiнiң қажетiн қанағаттандыру үшiн пұтханада қызойнақ жасауға да рұқсат беретiн.
Бұның бәрi ұйғыр ақсүйектерiн қарапайым халықтан алшақтатып жiбердi. Олар азғындықтың жолына түстi. Сол кездердегi ұйғыр ақсүйегiнiң сарайы жезөкшелердiң притонына айналды десек те болады. Түпкi нәтиже ертең елге ие бола алар тәнi-жаны сау ұл-қыздың азаюына, яғни демографиялық апатқа әкелiп ұрындырды. Ал ел ағаларының өзi тәкаппар да өр бекзададан гөрi мәңгiрген бәңгiнi көбiрек еске түсiретiн.
«Балық басынан шiридi». Ақсүйегi азса бұқара халық қайда бармақ? Айналасы бiр ғасырдың iшiнде кеше ғана болашағы зор iспеттi көрiнген ұйғыр қағанаты да тарих сахнасынан өшiп тынды. Жұртында манихейшiлiктi дәрiптейтiн сырт көзге бейкүнә көрiнер кiтаптар ғана қалды.
2000 жыл
Әмірхан Балқыбек