Қадырдың Сәбит Мұқановты алғаш көруі

Бүгін – қазақтың Қадырының туған күні. Қадыр Мырза Әли – Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Осы орайда Қадырдың Сәбит Мұқановпен алғаш қалай кездескені туралы жазбаны ұсынамыз.

***

Университте жоспар бойынша Сәбит Мұқановпен кездесу өткізілді. Қазіргі Байтұрсынов пен Төле би көшелерінің қиылысқан жерінде университеттің жаңа корпусы болатын. Филология және журналистика факультеттері сонда орналасқан-ды. Міне, осы корпустың үлкен залында сол кездегі қазақ ақындарының ағасын, әрі акуласын қабылдадық. Ол кезде кез келген мәжіліс, кез келген кездесулер орыс тілінде өтетін-ді. Бұл кешке филология факультетінің орыс-қазақ бөлімінде оқитын барлық студент түгелге жуық қатынасты.

Сәбеңді бұрын-соңды бұлай жақыннан көрген жоқ едім. Ақ сары келісті қазақ екен. Үстіндегі өзі өңдес жеңіл костюмі бойына қонып-ақ тұр. Бірнеше күн жорықта болып, аттан жаңа ғана түскен жауынгердей теңселіңкіреп жүреді екен, сахнада түрегеп тұрып, ұзақ сөйледі. Сөйлемдері күрделі емес, қарапайым. Логикасы мықты. Тыңдаушыға жағымды. Қысылмайды, өзін барынша еркін ұстайды. Орыстың бір сөзін есіне түсіре алмаса, залда отырған студенттерден қазақша сұрап алады. Жастар оған жамырап жауап береді. Бір кезде ол жеңінің түймелер тұсын көрсетіп:

– Осы жерді орысша не деуші еді? – деп сұрады.

– Манжет!

– Манжет! –деп айқайлады залдағылар.

– Иә, иә. Манжет! – деді Сәбең студенттерге қосылып.

Сәбең негізінен, отызыншы жылдардағы орыс ақындары, әсіресе, Маяковский және оның серіктестері туралы ұзақ және қызықты әңгімелер айтты.

– Маяковский түйе секілді болса, оның жанында Кирсанов ешкі сияқты болатын! - деп бір күлдіріп қойды. Мәскеуде Красная профессурада оқып жүрген кезінде Сәбеңнің оларды жиі көргені рас. Сәбең оларды көріп қана қоймаған. Сөз саптасына қарағанда оларды оқыған да, білетін де тәрізді.

Бұл кеште мен залдағы көптің бірі болып, ықыласпен тыңдадым. Бірер жылдан кейін Сәбеңмен кездесіп, ойламаған жерден әңгімелесіп те көрдім. Ыңғай білдірген де мен емес, Сәбеңнің өзі. Ол кезде мен университетті бітіріп, жақында ғана ашылған "Балдырған" журналында қызмет етіп жүргем. Жазушылар одағына жиі барам. Бұл жолы да сол жерде жүргенмін. Екінші қабатта Сәбеңмен жолыға кеттім. Сәлем бердім.

– Сен осы қай баласың? – деді Сәбең маған жылы жүзбен.

– Қадыр Мырзалиев деген балаңызбын! – дедім.

– Е, Қадыр Мырзалиев деген ақын сен бе едің? – деді ол. – Мен сені сыртыңнан жақсы білемін. Қазақ балалар бақшасына баратын немерем сенің өлеңдеріңді жатқа біледі. «Сөзін жазған Қадыр Мырзалиев» дейді тақылдап. Өлеңдеріңді ғана емес, сын мақалаларыңды да үзбей оқып тұрамын. Сен өзің, байқаймын, высокий штильмен жазады екенсің. Мысалы, Ілияс Омаровтың кітабы туралы жазған «Еркін серпінің» сондай! – деді ол. Үлкендердің аузынан мұндай жылы сөз естіп көрмеген сорлы басым сасып қалсам керек. – Сен неге үндемейсің? Менің "стиль" демей "штиль" дегеніме таң қалып тұрсың ба? Таң қалма! Ломоносов заманында көбіне-көп "штиль" деп жазған.

Кез келген ақын-жазушы, әсіресе әдебиет есігін енді-енді ашып, сөз сарайына енді еніп келе жатқан жас дарын жетім бала тәрізді біреу-міреу арқамнан қақса, басымнан сипаса деп тұрады. Сәбеңнің ойда-жоқта жылы шырай білдіріп, көңіл жомарттық жасауы жүрегіме бал құйғандай әсер етті.

"Иірім" кітабынан алынды