Қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әлидің әдебиетімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның Олжасты қазақша сөйлеткеніне барша қазақ жұртшылығы жақсы біледі. Қазақ оқырмандары Олжастың отты жырларын Қадыр ақынның аудармасында жиі ұшыратады. Алайда, кешегі ғасырдың соңғы ширегінен бүгінгі күнге дейін Сүлейменовті қазақша сөйлеткісі келген ақындар көбеймесе азайған жоқ.
Осы тұста бір айта кетерлігі, қазақ оқырманы Олжасты Қадырдың аудармалары арқылы таныды десек қателесе қоймаспыз. Қазақтың Қадыры адамзаттың ақынына айналған Олжасты қалай қазақша сөйлетті? Бұл жөнінде ақын өз естелігінде былай дейді:
"Мен бұрын да тиіп-қашып аударма жасап жүретінмін. Бұл жолы Олжас өлеңдерін тәржімалауға белді бекем буып, білекті сыбанып, құшырлана кірістім.
Олжас жай ақын емес, психолог ақын. Ол орыс оқырмандарына не керек екенін өте жақсы біледі. Сондықтан ол қазақтар, қазақ даласы, қазақ тарихы, қазақтың өткен өмірі, керек жерде экзотикадан да тартынбайды. Мысалы, Махамбет туралы өлеңінде батырдың бір отырғанда бір қойдың етін бір өзі жеп қоятын еді дейді. Басқа халықтар үшін бұл, әрине, қызықты, әсерлі. Бірақ қазақтарды онымен елеңдете алмайсың. Сондықтан басқаша сурет, басқаша бейне, басқаша әрекет, бір сөзбен айтқанда, көркем балама іздейсің. Яки түпнұсқадан саналы түрде ауытқисың. Сол өлеңнің осы тұсын мен:
Ол даланың жолбарысы,
Көкжалы,
Көкжал бөрі қай кезде де олжалы! -
деп қазақшаладым. Бір қойдың етін бір өзі жеу қасқырдан ауысқан қасиет! Қазақтар сүйсінген адамын "Өй, қасқырым-ай!" дейді. Ал бір қойдың етін бір өзі жейді десең, оны қомағай, мешкей деп есептейді. Сондай-сондай батыл әрекеттерді дұрыс байқаған болуы керек, бір кездескенде Мұқағали марқұм маған:
- Әй, Қадыр! Сен Олжасты жақсылап сүндетке отырғызыпсың ғой! - деді. Осы сөйлемдегі "сүндетке отырғызыпсың ғой" деген тіркес көп ойды, көп пікірді қамтып тұр."