- Негізгі бет
- Көкжиек
- Қадыр Мырза Әли...
Қадыр Мырза Әли қалжыңдары
Бірде «Жалын» альманағының жаңа санында бас редактор Тұманбай Молдағалиевтің жаңа өлеңдері басылады. Сонда:
«Бір тәулікте бір адамды,
Қуантпауға болмайды,
Бір тәулікте бір адамды,
Жұбатпаған оңбайды», – деген жолдар бар екен. Осы шумақ ақын Сәкен Иманасовқа қатты ұнайды да, Тұманбайға кездесіп қалған бір сәтте әлгі өлең жолдарын қайталап айтып: ... «деген екен қазақтың бір мықты ақыны, Тұм-аға!» – дейді.
– Қадыр ғой! – дейді Тұмағаң ойланбастан.
– Қайдағы Қадыр, Тұманбай Молдағалиев! – дейді Сәкен.
– Кет, сөйлемей! – деп Тұмағаң таң қалады.
– Мінеки, ендеше! – деп Сәкен журналды ашып көрсетеді. Тұмағаң өз көзіне өзі сенбегендей бір қарап өтеді де:
– Оқта-текте ондай-ондай менде де болады! – деп көзілдірігінің астынан күлімсірей қарайды.
Қадыр мен Тұманбай құрдас. Қайтер екен деп осы әңгімені Сәкен кейін Қадырға айтып береді. Сонда Қадыр:
– Жақсы өлең тек менде ғана болады деп ойлайтын Тұманбайбайдың ескі әдеті ғой, – деген екен.
***
Орал облысының Жымпиты ауданы – Қадыр Мырзалиевтің туған жері. Бірде Жымпиты ауданында болып қайтқан жазушы Сансызбай Сарғасқаев Алматыға келген соң, Қадырға әзілдеп:
– Жымпитың ит байласа тұрғысыз жер екен, – депті.
Сонда Қадыр:
– Сәке, мықты болсаңыз сондай жерда туа білу керек! – деген екен.
***
Қадыр кішкене ғана, киіктің асығындай шымыр, Жүсіп Қыдыров болса түйе үстіндегі адаммен бой теңестіргендей ұзын бойлы. Бірде екеуі Жазушылар одағының үйіне қатар беттеп келе жатса, жігіттер көріп күліпті. Сонда Қадыр:
– Несіне күлесіңдер, мен болсам Қазақстанның 1913 жылғы көрсеткішімін, Жүсіп болса 1973 жылғы көрсеткіші емес пе! – депті.
***
Қадырды құрдастары «сараңсың» деп әзілдесе керек. Соны әркімдерден ара-тұра естіп қалған Сейтжан Омаров бірде:
– Қадыр-ау, біздің ауылмен құйрық-бауыр жесер құда болып қалдың ғой. Енді де үйіңе шақырмас па екенсің? – деп үлкендікпен әзіл айтыпты.
Сонда Қадыр Мырза Әли:
– Сәке-ау, құда мың жылдық деген емес пе, асыққанымыз не, мың жылға дейін сіз болып, біз болып талай шақырыса жатамыз ғой, – деген екен.
***
Ақын Абдрахман Асылбековтің өтімді, пысық мінезін әріптес достары жақсы біледі ғой. Бірде Қадыр Мырза Әли Абдрахманның баласын көріп, сәлемін алып, тілдесіп көрсе, оның да ертерек жетіліп, болайын деп тұрғанын байқайды ғой. Байқапты да: «Абдрахманның баласы Абдрахманнан гөрі Абдрахмнырақ екен» десе керек.
***
Белгілі жазушылар Сәкен Жүнісов пен Адам Мекебаев 1985 жылы Москвадағы әдебиет институтына оқуға түседі. Сонда, тапқыр әзілге жүйрік ақын Қадыр мырза Әли: «Адам – Сәкен боламын деп, Сәкен – Адам боламын деп оқып жатыр», – деген екен.
Ел аузынан жинаған Ақселеу Сейдімбек
Н. Айдархан