Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің «Ғибратнәмә» жинағына 160 ғибратты шағын әңгіме енген. Көлемі шағын ғана, тіпті 5-6 сөйлемнен аспайтын әңгімелер бірнеше кітаптық әңгімелермен парапар. Бұл әңгімелер сіздің таниым көкжиегіңізді кеңейтіп қана қоймай, қысқа дүниеге де үлкен ұғымдарды сыйғызуға болатындығын көрсетеді.
Жеті ата
- Біз бір емес, бес ағайындымыз! – деді Бір Елі. – Мен ең кішімісін. Менің үлкен ағаларымды: Екі Елі, Үш Елі, Төрт Елі, Бес Елі деп атайды. Ал сендер неше ағайындысыңдар?
- Біздер тіптен көппіз! – деді Мысқал сәл қысылып. – Өйткені ол, шынында да, өздерінің неше ағайын екенін біле бермейтін.
- Ең болмаса, жеті атаңды білесің бе өзі?! Кім кімнен тарайды?!
- Білем!
- Білсең, айта ғой!
- Мысалы мен, Мысқал – Қадақтан, Қадақ – Пұттан, Пұт – Батпаннан, Батпан - ... – деді де Мысқал одан әрі бара алмай, оқыс мүдіріп қалды.
- Сөйтіп, Батпан кімнен тарайды?!
- Батпан Зілден!
- Ал Зіл кімнен туған?!
- Оны ұмытып қаалыппын!
- Ұмытқан жоқсың. Білмейсің! – деді Бір Елі Мысқалды одан бетер ұялтып.
- Ия, сен білетін шығарсың!
- Білем! Неге білмеймін?! Мысалы, менің әкем – Сынық Сүйем. Сынық Сүйемнің әкесі – Сүйем. Сүйемнің әкесі – Кез. Кездің әкесі – Аршын. Аршынның әкесі – Көш жер... – Осы тұста Бір Елі де мүдіріп қалды.
- Білмейсің! Білмейсің! Сен де білмейсің! – деп Мысқал қуанып кетті.
- Білем! Сасқаннан ұмытып қалдым!
Осыдан кейін алтыншы-жетінші аталарын естеріне түсіре алмаған екі дос әкелерінен сұрап алмақшы болып, үйлеріне жүгіріп кетті.
Кім кімнен тарайды?
- Апа! – деді бір күні кішкентай Мішім. – Біздер осы Жолбарысқа қатты ұқсаймыз. Соған қарағанда Мысықтар солардан тараған болуы керек.
- Неге біз жолбарыстан тараймыз? – деді апасы жұлып алғандай, ренжи сөйлеп. – Біз олардан емес, олар бізден тарайды! Ғылыми кітаптардың өзінде Жолбарыстар Мысық тұқымына жатады деп кесіп айтқан.
- Жолбарыс үлкен, біз кішкентаймыз ғой. Әдетте кішкентайлар үлкендерден тарамай ма?!
- Үлкен болса ше?! Онда тұрған ештеңе жоқ! Біз де – Мысық, олар да – Мысық. Бірақ біздер адамдармен ерте жақындасып, мәдениетке ертерек қол создық та, үй хайуанына айналдық. Ал олар сол баяғы жабайы күйлерінде қала барды! Өркениет деген сөз олардың ойына да кіріп шықпайды. Жылы пеш, жұмсақ диван бізге бұйырған... Әй, қойшы соларды! Жабайының аты жабайы! Кейде біреулер оларды бізбен аталас, туыс дегенде... қатты намыстанам!
Шаңсорғыш. Электр қуатын есептегіш.
Қай мейрам екені есінде жоқ, туған күн болуы да ғажап емес, қызметтес құрбылары Алмагүл апайға Шаңсорғыш әкеп сыйлады. Темір-терсекке онша әуестігі жоқ, не болса да өз қолымен жұмыс істеп үйренген қарапайым ауыл адамы әкелген сыйлықтан бас тартпай, алуын алғанмен, пайдаланбай үйдің бір бос қуысына тыға салады. Бірақ бір-екі жылдан кейін қаладан оқу бітіріп келген мұғалім қызы әлгі Шаңсорғышты көріп қуанып кетеді. Текемет, алаша, кілем дегендеріңді бұрынғыдай сыпыра салуды қойып, Шаңсорғыштың өзімен тазалай бастайды. Бәрі жақсы. Тек тоққа қосар қоспастан орманда ағаш кескен Электр Арасындай құлағыңды жеп, ойбайлағанды ұнатады екен. Ол бажылдай бастағаннан-ақ қызметсіз қалған көне Сыпырғыштың мазасы кетеді.
- Әжем де, шешем де, тіпті менің өзім де өмір бойы осы үйді тазалап өттік. Бірақ біз не істесек те үндемей істеуші едік! Мынау бір заржақ: бірден байбалам салып, бүкіл үйді басына көтереді, пәтшағар! – дейді ыза болған Сыпырғыш.
- Үндемей келген екенсің, үндемей өле бермейсің бе енді?! – дейді Сыпырғыштың сөзін құлағы шалып қалған дөрекілеу Шаңсорғыш.
Мұндай көргенсіздікті көргенде өмір бойы ешкімнің бетінен алуды білмейтін момын Электр қуатын есептегіш тіптен шыдай алмай, кеудесін басып, күйіп кетеді. Сол-сол екен, зарлап тұрған Шаңсорғыштың да үні өшеді...