Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің туған күні. Жан сырын жырымен жеткізе білген ақынның көзі тірі болғанда 84 жасқа толар еді. Осы орайда қазақ елі қадір тұтқан ақынның тегін дұрыс жазып жүрміз бе деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік. Себебі Қадыр ақынның тегі туралы жазғанда бірі "Әлі" десе, бірі "Әли" деп жазады.
Қадыр ақынның тегі туралы белгілі ақын Оразақын Асқар жазушы, журналист Қали Сәрсенбай және Жүсіпбек Қорғасбекпен болған сұхбат кезінде айтып өткен екен. "Халық сөзі" газеті мен abai.kz cайтында жарияланған "Қадырдан сөз қалған ба?" атты сұхбат-әңгімеде Оразақын Асқар былай дейді:
- Аты-жөнін Қадыр Мырза Әли деп дұрыс айтып отырсың. Өзі қайтыс болғаннан кейін афоризмдерін "Өлке" баспасы жинақтап шығарыпты. Осы үлкен кітаптың басынан аяғына дейін Қадыр Мырза Әлі деп жүр. Ал 2004 жылы қос-қосынан шыққан "Жазмыш" пен "Иірімде" де, 2006 жылы шыққан "Алмас жерде қалмас" атты афоризмдер жинағында да Қадыр Мырза Әли деп көрсетіліпті. Осы кейінгі аталған кітаптың ішіне өзі "Қадыр Мырза Әли" деп қолтаңба қалдырған екен. Бұл аз болса, Қадырдың өзінің айтқаны тағы бар: "Осы мен қай жерге жазсам да, қолжазбаларымда Қадыр Мырза Әли деп жазамын, ал газет-журналдарға Қадыр Мырза Әлі деп шығып кетеді. Осыны қанша айтсам да ұқтыра алмадым", - деп. Сол енді есіме түсіп отыр. Қадыр Мырза Әлидің аты-жөні дұрыстап жазылса екен дегенді алдымен айтқым келіп отыр.
Демек, Қадыр ақынның өзі айта кеткендей тегін Әли деп жазғанымыз жөн-ақ болар. "Қадыр – найзағайлы ақын. Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы - өзіміз сүйіп отырған дәуір мінездес" - деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айта кеткендей, ақынның тегін дұрыс жазу да - қазақтың қара өлеңінің алдындағы бір парызымыз іспетті.