- Негізгі бет
- Көкжиек
- Қабдеш пен Мұхтар...
Қабдеш пен Мұхтар бір-біріне ұқсай ма?
Қабдеш Жұмаділов ағамыздың әдебиеттегі қалам сілтесі ғана емес, сырт келбетінде де ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті еске түсірер белгілер аз емес. Осы ұқсастығы арқылы ол Әуезовтің мүсінін жасаған Төлеш Досмағамбетовке талай рет ақы үшін суретшіге жалданатын адам болғаны да бар. Бұл аз болғандай, көшеде кездескен кейбір бейтаныстар да жазушыны тоқтатып:
– Кешіріңіз, сіз Мұхтар Әуезовтің баласы не туысы емессіз бе? – деп сұрай беретін көрінеді. Ондайларға Қабдеш:
– Жоқ, біз туыс емеспіз, жай ғана жерлеспіз, – деп сыпайы жауап береді екен.
Бір күні жаңағыдай әуесқойлардың бірі «жерлеспіз» дегенді өзінше жорып:
– Ауылдарыңыздың арасы тым жақын болған-ау, шамасы?– депті жүзіне жымысқы күлкі жүгіріп. Сонда жазушы:
– Сіздің көмейіңізді түсіндім. Бірақ ондай күдікке орын жоқ. Мен осындай әңгіменің боларын біліп, әдейі үстінен құстан басқа ештеңе өте алмайтын шекараның ар жағында туып келгенмін! – депті әлгіге.
Ж. Жұмағұлов