"Айтұма" - жас ақын Бауыржан Әліқожаның тұңғыш жыр жинағы. Өмірге шынайы қарай білетін Бауыржан шынайы баға да бере алады. Бүкіл әлемді шықтың жанарынан көретін ақын жастық шақтың жалынды кезі мен қызықты сәттерін әдемі, әсерлі, кестелі тілмен жеткізе алған.
Айналдырып тауларды баспалдаққа,
Шақырарардай сол әлем дос болмаққа, -
Жүргеніммен жер басып ісім болмай,
Неге елеңдей беремін аспан жаққа?! -
дейді. Аспан жаққа елеңдеген ақынның көңілінде бір алаңдау бар. Бірақ, жылап, өзін-өзі құрдымға жіберетін мұңнан ада алаңдау. Сондықтан болар, қазіргі таңда жас ақындардың ішіндегі Бауыржанның аяқ алысы тіптен бөлек. Аманхан Әлімұлы секілді алдыңғы аға буын ақындар жоғары баға беріп, Бауыржанның болашағынан үлкен үміттер күтілуде.
Ең бастысы, Бауыржан лирикалық жырлардың нағыз майталманы десек, артық айтқандық емес. Тастай қатты ұйқастар мен нәзік сырлар, жарасымды теңеулер Бауыржанның қолтаңбасы іспетті. Өмірде де, өлеңде де салқынқанды Бауыржан жыламайтын мұңы бар санаулы ақындардың қатарынан.
Көңілдің қылын шертетін тұмса өлеңдер сізді елең еткізіп, жүрегіңізден жай табатыны сөзсіз.
Бұл кітап - табиғат пен көңіл-күй үндестігінің көрінісі және тұнық лириканың жиынтығы һәм сұлулықтың мөлдір әлемі.
Сурет: ақынның жеке мұрағатынан
Дайындаған:Фараби Бақыт