Көзі тірісінде қоңырқай ғана күн күшкен Жұмекен ақынның әдеби ортадағы бітім-болмысы, абырой–беделі айнадағыдай айқын болмағанымен, жарық дүниеден ғайып болғалы бергі 32 жылдың бедерінде оның ақындық бет-бейнесі еш көмескі тартпағанына куә болып келеміз. Әрі соған қуанамыз, шүкіршілік етеміз. Әрине, осы жылдар арасында ақын мұрасына қатысты «тірілер» тарапынан атқарылар іс-шара мен құрмет көрсетулердің кешеуілдегеніне де куәміз. Әдеби орта мен оқырман қауымның жаңа буыны қалыптасып келе жатқан тұста ақынның көзі тірісінде жарық көрген жинақтарын ғана қанағат тұтқан кезеңді де бастан өткергенбіз. Сонау 80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың басында «Темірқазық» аталатын бүтін бір университеттің мұрасындай, сонда білім алған жастар арасында қолдан-қолға өтіп, мұқабасы ақжем болған жинақтың ескіргені күні кеше сияқты еді. Рухани аш, өлең мен өмірдің қызығына мас – сол ұрпақтың да алды бүгінде қырықтан асыпты. Сол кезде Мұқағали, Жұмекендер сол арманшыл жастардың рухани әкесі, сырлас досы еді. Жатақханаларда өтетін түрлі кештер мен жұпыны дастархан басындағы басқосуларда да, арда туған сол ақындардың өлеңдері оқылып, дуға ду, шуға шу қосылып жататын еді…
1990 жыл. КазГУ журналистика факультетінің дайындық бөлімінде оқитын кезім. Аш құрсақты жұбату үшін асаба да болғанбыз ол тұста. Бірде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған әлдебір филолог әпкеміздің қуанышына орай жайылған дастарханын жүргізуге тура келді. Қонақтар академик Зейнолла Қабдолов бастаған кілең ығай мен сығай. Оларға арзан сөз керек емес екенін сезесің…
Аспанда күн барда, әлемде сыр барда,
Адамдар маңдайын жуған тер
құрғар ма!
Беремін барымды, аламын жоғымды
екі қол, бір кеуде өзімде тұрғанда…
Жұмекеннің осы өлеңімен басталған басқосу дөңгеленіп жүре берді. Тілек айтушы тіл мамандарының бәріне Жұмекен өлеңдерімен микрофон ұсынуды жөн көрдім. Мұным бәріне ұнаған сыңайлы. Үзілісте Зейнолла ағам – Қабдоллов шақырып алып жөн сұрады да:
– Жұмекен өлеңдері жиын-тойдың шеңберіне сыймайды деп жүрсем… Айналайын!.. – деп ризашылығын білдіріп, батасын бергені бар.
Бұл естелікті не үшін айтып отырғаныма аз-кем тоқтала кетейін.
Қазір бізде әдеби ортада болсын, оқырман тарапынан болсын, ақындарды ретке қоятын сырқат пайда болды. Бірінші, екінші, үшінші… деген сияқты. Одан қалса, «көрнекті», «аса көрнекті» деген анықтауыштар да тілдік қорымызға еніп үлгірді. Осымыз дұрыс па өзі? Бұл сырқаттың асқынып бара жатқаны соншалық, «көрнекті», «аса көрнекті» демесең тамағына тас тұрып қалғандай дем ала алмай қалатын қаламгерлер қаптап барады. Олардың қатары күндер сырғып, жылдар жылжыған сайын еселене түскендей. Өйткені бұл үрдіс ақ қағаз бетіндегі емес, жазу үстелінің басындағы емес, пенделік бәсекеге айналып бара жатқандай… Ақиқатын айтайықшы, қалам ұстаған жанға – «Ақын-Жазушы» дегеннен артық ардақты ат бар ма, өзі! Содан артық атақ бола ма? Содан артық не деңгей керек оған? Содан артық қандай бағалау қажет? Өзі дүниеден озған соң бірде-бір шығармасы оқылмай, жұрт жадынан сызылып қалатын «көрнектілер» мен «аса көрнектілерді» де көріп жүрміз ғой… Жер басып жүргендері қаншама?.. Том-том шығармасы отын болуға да жарамайтындарды да аймақтарды аралаған кезде айтатындар көп… Бұл сырқаттың ең сорақысы – оқырманды шатастыруға апарып соғатынын неге білмейміз?..Тіпті қолдан жасалған «ұлыларды» оқуға мәжбүрлейтініміз де рас. Рас емес – ақиқат бұл. Оқырмандық тәжірибесі енді қалыптасып келе жатқан жас өркенге бұдан өткен қасірет жоқ шығар. Жасанды дүниеге жады бейімделген жас өскін Жұмекенді осындай жағдайлардан кейін оқи қояр ма екен? Әңгіме осында. Бірде тұңғиыққа батырып, бірде тереңге сүңгітіп, біресе жұмбақ қып жасырып жүріп, өзі тәрбиелемекші болған оқырманнан – Жұмекенді, Жұмекеннен – оқырманды алыстатып, алшақтатып алған жоқпыз ба деген ой мазалайды кейде. Әйтпесе, талғампаз ақында кез келген талғампаз оқырманға жауап берерлік туынды жетіп артылады. Өкініштісі – Жұмекен күткен, Жұмекен сенген оқырман ылдидан жоғарыға қарай өрлей алмай, жоғарыдан ылдиға қарай құлдилап бара жатқандай сезіледі маған. Оған оның ештеңесі кетпейді. Өзімізге, әдебиетке обал-ақ. Оқырман жайлы тіл безеткен осы бір шағын көңілсіз ойтолғақты Жұмекен ақынның өз өлеңімен түйіндеп көрейікші:
Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім,
Бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім.
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім.
Қарсы біткен түк сықылды мақпалға,
Ажарыңды бұздым жанға батқанда.
Ей, өлеңім,
Қараулардан алыс бол,
Қайғысызға қанша оқысын,
жатталма!
Қазіргідей емес, ұстараның жүзіндей қылпып тұрған заманда, қолына ұстаған қаламды қамшыдай үйіріп, ұлт санасын Ұя биігіне көтеру үшін суреткерге тақырып таңдай білу – қиынның қиыны еді. Ол тұста қызыл жалауды қызықтап кеткен, жарты әлемді уысында сығымдап ұстаған қызыл империяның «сара жолын» өз жолы, өз сүрлеуі ретінде мойындап қойған ақын-жазушылар да аз емес болатын. Өйткені абырой биігіне «қызыл түсті» жырлаған ақындар мен «қызыл өлеңдер» алдымен көтерілетін. Мәжбүрлік қой баяғы…
Жұмекен де «қызыл сызықты» аттап кете алған жоқ. Ол да өз дәуіріне үн қосқандай болды. Алайда ол бұлбұл болып сайрамады. Заманымен жасырынбақ ойнауды құп көрді. Алдады. Алданған жоқ. Өйткені оның адами әрі ақындық концепсиясы дайын болатын. Біздерге – сол концепсияда ақ пен қара арасындағы аумақты тұтастыру тұрғысында – ақынның үлкен жанкештілік идеясы жатқандай сезіледі де тұрады. Содан да болар Жұмекеннің ақындық қырағы көзі шалмаған, ақындық сезімтал жаны шолмаған тақырыбы кемде-кем. Қай тақырыпты да ол өзінше жырлады. Оның қолтаңбасы ешкімге ұқсаған жоқ. Ол өлеңге басқаша рең берді, өлеңді басқаша киіндірді. Тіпті ол ретті жол санына байланған шумақты өлең – «Қара өлең» стиліндегі жазу машығынан бойын аулақ салған әдебиетіміздегі санаулы ғана ақындардың бірі болатын. Былайша айтқанда «төрт бұрышты» өлеңге онша-мұнша құмарта қоймаған Жұмекен ақын сол кездің өзінде-ақ бізді ойландырып кеткен сыңайлы. Күшеншек, кіжінгіш қайсыбір өлеңдерге ол өзінің қоңыр өлеңдерін қарсы қойды. Жарыстырып көру үшін емес, оқырман арқылы салыстырып көру үшін…
Жалт-жұлтқа жаны жақын оқырман Жұмекенге ілесе алған жоқ, әрине. Себебі түсінікті шығар. Белгілі бір шеңберден, белгілі бір қалыптан шыға алмайтын, алайда үнемі биік мінбелерден көрінетін қаламгерлер шоғырының қалыбына қалың оқырман да үйренісіп кететін заңдылық бар бізде. Ол заңдылық күні бүгінге дейін жалғасып келді. Жалғаса да бермек. Өйткені әр оқырман талғамында өзінің жанына жақын суреткер ғана өмір суретіндегі сөз патшалығы үшін қалыпты құбылыс.
1996 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген ақынның үш томдық шығармалар жинағына алғысөз жазған сыншы З.Серікқалиев: «Табиғаты төгілген күйші, он саусағынан өнер тамған Жұмекен Нәжімеденов – белгілі «Күй кітабымен» әдебиетімізде ғажайып із қалдырған қаламгер. Ақын шеберлігінің өзіндік, қайталанбас даралық сипатын ұстаздық үлгілер – Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев сияқты аға буындар тәжірибесімен дәйім сабақтас қарастыру заңды деп білеміз. Өйткені «Күй кітабы» – дарынды халық композиторлары тудырған әйгілі күйлер – аспаптық пьесалар, музыкалық мәңгілік мұралар шежіресі арқылы сөз өнерінің мүлдем жаңаша танымын негіздеген, күй тілі жыр тілінде жалғасын тапқан белгілі бір дәрежеде антологиялық туынды»,– деп тұжырым жасаған екен.
Шынында да Жұмекен ақынның күй тақырыбында толғаған туындыларына талдау жасау – қазақтың аңсар-арманына, өзегін өртеген өкініші мен жанына қаяу салған қайғы-қасіретіне барлау жасау болар еді. Өз жанымызға өзіміз үңілуге келгенде өкінішке орай осындай жағдайда кежегеміз кері тарта береді. Ақын лабораториясына үңіліп, оның мұрасын зерттеушілер үшін «Күй кітабының» жазылу тарихына арнайы тоқталған жөн дер едік. Өйткені сөз өнерімен қоса қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен қаламгерлер бізде баршылық. Алайда дәл Жұмекендей кестелі жырмен күй антологиясын жазып шыққан бір ақынды тауып беріңізші?! Онсыз да тақырып аясы кең ақынға орасан күш-қайрат жұмсап, азғантай ғұмырының бір бөлігін шығындап домбыра шанағына қаламмен өлең жазу не үшін керек болды? Қанша түн домбырадан күй төгіліп, қанша түн ақ қағазға жыр саулады екен? Бізге осы сауалдардың бәрінің жауабы маңызды.
Ж.Нәжімеденов өлеңдері көпті көрген көнекөз қарттардың әңгімесі секілді. Көкірек көзі ояу адамға беретін ғибраты мол. Тіпті көл-көсір. Тек тыңдай білу керек, зерделей білу қажет. Ақынның ең қысқа дейтін өлеңдерінің өзінде әлдебір данышпан қария сөйлеп отырғандай болады да тұрады. Ол ешкімді алаламайды, бөле жармайды, бөтенсімейді, сондай-ақ, сіз бен бізді жалықтырмайды. Жалқыға да, жалпыға да – әңгімешіл. Сенбесеңіз, бас-аяғы баланың бармағындай ғана мына бір өлеңіне көз жүгіртіп өтіңізші:
…Албырт жандар күйіп-жанып,
алаулап,
Сол алаудан күй дәметіп, ән аулап,
Естілгенде бір ғажайып гүл үні,
Тынып қапты бұлақтардың гүрілі.
Бұлт қарапты қаһарланып, тұлданып,
Жерге жарық түсірді екен күн нағып?
Сол бір күннен қызулырақ жүректі,
Ақын депті, ақын депті бұл халық.
Асқар шыңдар жасырыпты бойларын,
Асығыпты ақылға – арман, ойға – мұң.
Ақын – мұңды, толды жаны ызаға,
Ол ызаны, мен мынаны ойладым:
«…Сол адамды жасағанда ақын ғып,
Құдайға да біткен шығар батылдық!»
Иә, бұл өлеңді «Ақын туралы әңгіме» десеңіз де еш қателеспейсіз. Қабылдау, қабылдамау ол – әркімнің еркіндегі дүние.
Қазақтың даласы жүрек секілді. Ендіктері мен белдіктері, жазығы мен жалды құмдары, тауы мен қыраттары, шөл даласы мен көл даласы, ең бастысы – қалтарысы мен бұлтарысын айнытпай көз алдыңа көлденеңдеп қоя қоятын шеберлер мен байқампаздар болады. Ондай байқампаздар мен шеберлер қазақ топырағында қай кезде де болған. Еңісіндегі елді еңкейтпей, таудағысын тасытпай, көлдегісін көлгірсітпей, шөлдегісін шөлдетпей өлең дейтін асауды жуасытқан ақындар болады. Сондай ақындардың бірі – Жұмекен. Жұмекен ақын алшаң басып, Жұмекен жоспарлары жүректер мен жүректерге алмасып, арамызда жүре берері хақ.
Күн батады… Күнді қалай батырарын әр пенденің өзі біледі… Таңның атуы – Тәңірдің қолында. Ең бастысы әр таңда Әнұран тыңдауға жазсын!
Жарас Сәрсек, ақын