Жұмекен қазақ поэзиясының алтын сандығы

Жұмекен- қазақтың кең байтақ даласынан шығып болмыстың терең сырларын айқара ашып түсіндірген философиялық ойлардың иесі; табиғаттың таңғажайып құпияларын көркем  сөзбен жеткізе білген ақын; нәзік әуеннің ырғағын тауып, оған поэзиялық ерекшелік сіңдірген жан («Менің –Қазақстаным»); әдебиеттің кейінгі өрлеу дәуірінде поэзияның өрлеу шыңын көрсетіп кеткен тұлға. Ол өрлеу жолды мейлі соқпақты болсын, мейлі жеңіл болсын өзі бағындырып келер ұрпаққа қандай екенін сезіндіріп өлеңіне сидырып кеткен қазақ әдебиетіндегі қайталанбас құбылыстың иесі.

Ақын болып туылу барда, ақын болып күн кешу бар. Адамның өзіне қояр мәңгілік  «Мен-кіммін?» - деген сұрағы әкелді мына әділ,әсем әлем-поэзияға.

« Кіммін осы? Не бердім мен? Не берем?-

Алушы еді пенде не.

Лақылдатып жалынды жыр төгер ем-

Тарлау екен кеуде де.

Қырсыз ойдан күйініш пен ыза алдым,

Жан екенмін тас маңдай...

Ақырында өз-өзімнен қызардым,

Таң алдындағы аспандай».

 Жұмекен « Кіммін осы, не бердім» деген сауалына өзі ісімен жауап беріп кетті. Біз оның жырынан не алдық, не аламыз?. Жұмекен Нәжімеденов – қазақ поэзиясына өзіндік өрнегін салып келген, елдің елдігін, мұңын, қуанышы мен қайғысын бірге көтеріп, кешегі «зар заман» ақындарындай заманның кертартпа кезеңін, әділетсіздігі мен жоқтығын тілге тиек етіп, поэзия әлеміне бір қырынан емес, дәл үстінен келіп түскен ақын. Оның:

Жұмыр жерді түгел көріп өтем деп,

Мен отырмын бір төбені мекендеп.

Анда барсам мына жақты көрмеймін,

Мында келсем ана жақты көрмеймін.

Айтыңдаршы, айтыңдаршы өр Адам,

Бір мезгілде бәрін қалай көре алам?!

Түн болсам да көрер ем тек бір бетін,

Күн болсам да көрер ем тек бір бетін.

Ал, егерде аспан болсам мын мен-

Бар жағынан бірдей көріп тұрар ем!... деп, жеке өмірдің әлдиін ғана емес, барлық жұрттың бесігінде тербелгісі келген, еркіндік пен елдің жырын бар әлемге көрсеткісі келген,Қартпанбет жыраудың ( алтыншы атасы) ізін жалғап, атаның емес адамның баласы екенін танытатын ақын екеніндігін көруге болады. 

Жұмекен қайдан, кімнен шықты? Өзіндік ой-өрнегі, өлең кестесі қалай құрылды? Қай тарап пен танымал талантқа ұмтылды? Бәрінен бірдей оқып, үйренді ме? Әлде есте жоқ бір елеске еліктеді ме? Қазақ аудармасы әлем әдебиетіне енгеніне небір заман өтті. Өнер маңайындағы ептілер мен пысықтарды есептемегенде, ар майданында алысқан алыптар қаншама. Қазақ және әлем әдебиеті көкжиегін соншалықты тарылтып жібергені несі мына жұрттың? Негізі, ақын, ақындық деген қайдан, кімнен, неден шығуы тиіс? Өлең мен өмірді зерделей, зерттей отырып біз Жұмекенді өзінен-өзі шықты дейміз. Өнерінің бірден-бір бастауы- Өзі.  « Ана сүтімен, ақ сүтпен дарыған. Ешкім тартып ала алмайтын, ешкім, ешкім. Өз ойымен өзі ғана боп өскен. Бәрін, бәрін өзінен бастаған». Әрқашан өз еңбегіне, ақылына сенген- бұл қазақ баласы.  Өлең сөздерімен, көркем ой өрнегімен өріледі:

« Мен тірімін, жылдар тірі мен көрген.

Мені санам- естеліктер жинағы».

Шынында да ақын тірі. Ол өткерген жыл мен күн тірі. Өшіруге кімнің дәті барады? Саналы ақын ғұмырын сызып тастауға құдіретің жете ме? Мен тірімін деген Жұмекен қазір де тірі.

Жұмекен жыры адамды өзіне тартпаса, қаққан емес.  Олай болары да хақ. Өлең өлкесінде жүрген Жұмекеннің өткір жырларының алмастай өткір болуы оның табиғатпен етене байланысы, елмен бірге тууы, осынау өмір сүріп жатқан өмірдің шеңберінен шығып сонау кеңістікті жырлауда да оның қаламынан ұшталған.

Ақын –мұңды, толды жаны ызаға,

Ол ызаны, мен мынаны ойладым:

«... Сол адамды жасағанда ақын ғып, 

Құдайға да біткен шығар батылдық!» дей келіп, пенде, Құдайға құл бола тұра ақындық дейтін дертпен аурып, ол дерттің тылсым күшке ие, әрі тылсым күшті тудырушы Құдайдың ерекесі екенін көрсетеді.

 Жұмекеннің кеңістікті жырлауда, оның қасиеті мен ерекшелігін суреттеуде оның  алдына түсіп кетер ақын кемде –кем. Жұлдыздар мен айлы аспан, күннің нұры, ай сағымы, түн барлығы табиғаттың тылсым жаратылысы. Осынау жаратылыспен етене байланыста болатын біргей тумалар ақындар десек, оның ішінде Жұмекен салған ізгі жол бір бөлек. Оны:

Тамшы терді сығып алып денеден,

Жұлдыз қылып жағайыншы деген ем...

Оу, көк аспан, тесіліпті тегенең,

Тегенеңде құюлы екен көп өлең.

Алыс жақтан албырт сәуле себелеп,

Құйылып тұр, құйылып тұр не керек!

Жер ырысын бекіттік біз шамдармен

Көшелерді қатар-қатар шегелеп» -деген жолдардан көруге болады. Жердегі барды аспандағы бармен өлшеу, оған баға беру, жай ғана баға емес өлеңнің өрілген өрнегімен беру бір бөлек. Осы жолдарың жалғасы тіптен басқа ойды береді,

Әр тірлікті түні мынау, күндізі-

Әр тірліктің жұлдыз болып күлді ізі.

Жұлдыз көп қой,

Жұлдыз көп қой аспанда,

Одан да көп біздің жердің жұлдызы!

  Шынымен соңғы жолдарда теңелген жұлдыздың жыры-жердегі адамдар. Аспанның жарығымен таласқан таланттың жұлдыз іспетті жарқырауын суреттей білуінде.

Бір ғана өлеңде емес жұлдызды сәт Жұмекеннің көптеген өлеңдерінде кездесіп , астасып жатады:

Жұлдыз болып жарқырамас қандай жан!

Жұлдыз болып терім тамды маңдайдан. 

Осынау жыр жолдарын оқып отырып, Жұмекен жайында  өзекті де өзіндік мәні бар мақаланы көрсетіп кеткен жөн болар. Самал Дәрібайұлының « Қияға самғаған қыран –ақын» атты мақаласында мынандай жолдар кездеседі:

Француздың ұлы жазушысы Ромен Роллан: «Өнердің бірінші заңы: егер айтатының болмаса, аузыңды ашпа. Егер айтатының болса, адалын айт, алдама», - деп өсиет қалдырған екен. Бұл заңдылықпен Жұмекен ақынның поэзиядағы өсу эволюциясы да, азаматтық кредосы да толық үндесіп жатыр. Ол қазақ поэзиясында ақындар әлі бара қоймаған жайларға өзінше сүрлеу жол ашты. Осы күнге дейін жұмбақ ақын ретінде танылған Жұмекеннің көпшілік оқырманға түсініксіздеу көрінуінің себебі де - поэзияда қалыптасқан кейбір жаттандылыққа көнбей, өзінің оқырмандарын қалыптастыру мақсатынан туатын ойларының тереңдігінен, игерілер дүниесінің құпиялылығынан еді. Сондықтан ақын оқырманынан өзіне көп үңілуді, табиғат әлемінің санқилы құбылыстарына бірге енуді талап етеді. Көп ақындарды саралап, бағалап жүретін оқырман жұртшылықтың біразы Жұмекен ақынға келгенде пікір айта алмай, тұйыққа тірелетіні де осыдан болса керек.»

Ия, шынымен Жұмекен жырларында бір құпиялық бар. Ол өзі де бір жұмбақ ақын. Жалпы Жұмекен жөнінде жазғаннан кейін поэзия тілімен сөйлеу міндет. Ақынның тұлғалық бейнесін толық ашып көрсететін өз өлеңдері болуы себепті, оның сөздері, ойлары толық, тікелей пайдаланылады. Ақын өнерін өзінің өлеңі арқылы зерттеуге тән тәсіл. Басқа балама жол жоқ. Бұл ақын сөзін ұрлау, не болмаса сыпыра көшіру емес. Поэзия- әсем, әділ әлем десек, Жұмекен де бір бөлек, бүтін әлем. Аспанмен астасқан әлем. Әсерлі де, әдемі, әнді әлем. Әділ, әлді, әрлі әлем. Сенімді, сезімді. Сұлу да сырлы. Сырнайлы, арайлы. Сәні де, мәні де жарасқан. Ой мен тілді жарыстыра, жарастыра, көңілді күймен кестеленген. Ойдың өзін жердің түпсіз тереңінен тартқан. Кәрі тарихтың көмір болып қатып қалған қабырға-қамалын қайла, қаламымен қақыратқан. Жұмекен жырының тереңін, тұңғиығын, тұнығын, тамырын, тексеру, түгендеу. Түпсіз тереңіне тарту. Ізденіс жолында бірден-бір бастауды табу. Ішкі арпалысты, ширығуды сыртқа, жарыққа шығару кезеңі келгенін түсіну. Өз, мендік шеңберінде ендігі қалу қауіпті.

1950-55жылдардан бастап қолына қалам алып, поэзияның ортасына енген Жұмекен алғаш баспа беттеріне өзінің жырларын ұсынуды «Лениншіл жас» газетіне « Шахтаға мен де барамын», «Таңсәріде» деген өлеңдерімен жұрттың көзіне іліге бастады. Оның жұртпен қатар күн кешіп, өлеңдерінің де кәсар бұлағын даладағы аңызғақ желден емес, аспандағы самсаған өзінің жырларында көрсеткендей:

Ұнайды-ау, ұнайды түнгі ызғар,

Түнгі ызғар туады жұлдыздар.

Жұлдыздар аспанда жайылар,

Ортада ақ марал айы бар 

жұлдыздардан да емес, тау суларынан да емес халықтың көз жасы мен олардың бақытты бір күні үшін қуанышта да қайғыда да бірге болған кеудедегі жалғыз жүректің күшінен туатын. Сол жүрек жетелеп Жұмекенді түсініксіз әлемге бастаушы еді. Жұрт Жұмекен жырларын оқи отырып бірден түсініп кете алмас. Себеп, оның өлеңдері кеудедегі жүректің лүпілімен егіз қағатын. Ал ол сол лүпілді суреттеу үшін табиғат ананың құдіретімен үндесетін. Оны мына жолдардан көруге болады:

Менде де арман бар, айым бар-

Қараңғы атаулы, тайыңдар!

Тайыңдар! Тайыңдар, тайыңдар,-

Менің де жұлдызым, айым бар!

Ал, бірақ шынына келгенде,

Жұлдызым көктем емес, кеудемде-

( Ой-толқын, малтиды айым да,)

Міне, осы біздегі айырма.

Жалпы Жұмекен жайында сөз қозғау оның сонау тектілікте жатқан аталы жыр мен отбасы ошақ қасының тәрибесі болса керек. 1935 жылдың 28 қарашасында Гурьев (Атырау) облысы Теңгіз (қазір Құрманғазы) ауданындағы Қошалақ деген жерде дүниеге келген Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін. Осынау Махамбеттің болмысы мен тарихын естіп жадына түйіп өскен Жұмекен:

Салмақтар кетті азайып,

Қақты ғой сонда жыр дабыл,

О, ғажайып, ғажайып!...

Шамданған жерден шау шығып,

Шашты бұлттар пұшпағын.

Найзағайды қамшы ғып

Айдады ақын дұшпанын.

« Ереуіл атқа» белдеме

Батырдың махаббаты ғой.

Нарында- үлкен кеудеде,

Көтерді басын ақыл-ой... деп, «Махамбетке» өлеңінде аса бір шебер суреткерлікпен батырдың ақындығын оның жаужүректігін тағы да табиғаттың тылсым күштерімен ұштастырып, өрнек құрады. Жұмекен Нәжімеденовтің әдебиет сарайының қасиетті табалдырығын аттарда таптаурын жолға түспей, өзіндік соқпақ салған, пәлсапалық ойлары мен терең толғаныстары, адам мен табиғат арасындағы диалектикалық байланысты оқырманына  иін қандыра жеткізген терең де мазмұнды, өрнекті де ойшыл жырлары халық қазынасынан мәңгілік орын алды. 

Жұмекеннің данышпандылық, даралық құпиясын түсіну үшін әуелі адамның жан дүниесінің не екенін біліп алуымыз керек. Адам өміріне әсер ететін оның ата-тегі, өскен ортасы. Әуел бастан бабадан тараған қанның текті болғанын болар Жұмекеннің бойынан, оның жырларынан өмірдің ақ пен қарасын ерте түсініп оған өзіндік ерекше баға беріп кеткенін де көруге болады.

Оның «Темірқазық» деп отырғаны да, туған жер, туған халық.

Ей, Жер-ана, не ойласам

Ораласың тілге сен,

Жапырағыңмен күнде сен,

Мен өнерде өзімнің

Салмағымды білмес ем- дейді ол. 

Әрі қарай- « Салмақты бас» дән болар,

« Жел, байқап ес, жәй ырға.

Талқыңа сал,о, тағдыр,

Саулығымды ал,

Санамды ал

Туған жерден тек мені,

Салмағымнан айырма»- деп, барып, сол мотивті енді, сол ойды жеке-жеке өлеңдерге, нақты оқиға, сюжетті жырларға үйлестіреді.

Туған жер болған соң – оның халқы қайда кетсін,толып жатқан адамдар алуан тағдыры, қисапсыз харакетімен Жұмекен қаламның ұшына ілінеді. Жүрек, ми- деген құдіретті магниттер арқылы ол тіршіліктің ұсақ шегелеріне, ине, тебеніне дейін тартып алады.