- Негізгі бет
- Көкжиек
- Жоғалған жүзік ...
Жоғалған жүзік
Бәрі де кеш қалды... Өкінішті-ақ! Ертең үйленетін болыпсың, жүзімді жаспен жуып, еріксіз егілдім. Көңіл көгімде, махаббат биігімде арман болып қала бересің...
Бәрі де кеше болғандай-ақ, осыдан бес жыл бұрынғы сәттер көз алдымнан кетпейді. Досымыздың туған күніне бара жаттық. Мен сені іштей жақсы көріп жүрдім. Еш бағдарсыз, сезім тұманы ішінде. Сол туған күннен бастап біз жиі жүздесіп жүрдік.
Сен алысқа оқуға кететін болдың. Аттанардан екі апта бұрын мені кездесуге шақырдың. Арамызды үнсіздік басты. Әйнек қабырғалы дүкен қасынан өтіп бара жатып, бір жүзікке көзім түсе кетті. «Саған сыйлығым болсын!» деп сен күшпен сол жүзікті қолыма тағып бердің. Ап-арзан, 200 теңгелік жүзік. Сол сәтте дүниеде менен асқан бақытты адам, сол жүзіктен асқан қымбат сыйлық жоқтай болып көрінді. Қуанышымда шек жоқ.
Сен оқуыңа аттандың. Келесі жылы іздеп келетініңді айттың, "Жүзікті жоғалтпа" дедің. Келесі жылдың дәл сол жүзікті сыйлған күнінде сол теректің түбінде күтем дедің. Сен оқуыңа барып, онан да жыраққа самғадың, Жапонияға. Біз жиі хабарласып тұрдық. Мен «Сүйем» деген сөзді айта алмадым. Бірақ, сені ойламайтын минуттарым кемде-кем. Күзгі арай айналаны нұрға бөлеп тұрған күндердің бірінде мен әлгі жүзікті жоғалттым. Бәлкім, тағдырдың жазуы шығар. Мен өте бірбеткей жан едім. Кішкентай қателікті де кешіре алмайтын мінезім бар-ды. Сол себепті болар, тек жүрегім ғана тірі, онан басқаның бәрі өзгерді.
Саған тіл қатып, тіс жаруды қойдым. Дамылсыз келіп жатқан телефондарыңның бірде-бірін қабылдамадым. Хат сандығыма да, SMS болып та келіп жатқан хаттарыңа жауап бермедім.
Сен айтқаныңда тұрып, былтырғы уақытта, былтырғы жерге келдің. Жүздесуге батылым жетпеді. Ақыры төзе алмай, құрбыма сені байқап келуді тапсырдым. Ол қолына қызыл роза гүлін ұстаған бозбаланың терек түбінде тұрғанын айтып келді. Менің жастығым жасқа шыланды.
Тағы бір жыл өтті. Мен сенделіп жүріп әлгі теректің түбіне қалай келіп қалғанымды сезбей қалыппын.
Қолыңдағы роза гүлін ұсына: «Бүгін келетініңді сезгем» дедің. «Келмесем ше?» дедім мен, «Келер жылы тағы күтем» дем жымидың сен. Гүлді алмадым, бұрылып кетіп қалдым, «Әлгі жүзікті тағып жүрсің бе?» деп сұрадың, «Кешірерсің, мен оны жоғалттым» дедім қайырылмастан. Оның сол сәттегі бейнесін көруге дәрменім жетпеді. Қас қаққанша бес жыл да өтті. Сен үйленетін болып жатыр екенсің. Қалыңдығың өзіңе сай екен. Сен үшін қуаныштымын. Мен әлгі көшені, теректі мың рет айналып жүре бердім, жүре бердім... Бірақ, сенімен қайта кездесу мүмкін емес еді.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: adoptingmorethanme.wordpress.com
M. Auelkhan