Жібек Шахмарданқызы: "Жетпейді маған ешкім"

Жібек Шахмарданқызы 1998 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылында дүниеге келген. 15-жасынан айтыс сахнасында өз өнерін көрсетіп келеді. Облыстық, Республикалық жыр додаларының жеңімпазы. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы ҚазМемҚызПу университетінің "Дəстүрлі əн өнері" факультетінде білім алып жатыр. Айтыскерлік пен жазба ақындықты қатар алып жүрген Жібек қарындасымыздың сырлы сезімге толы өлеңдер топтамасымен таныс болыңыздар. 

Жетпейді маған ешкім 

Жаным - Жапырағым
Жарым-ақымағым
Маған алаңдама,
Бəрін қатырамын!

Дейсіңғой көзімде өзің
Ересің сезімге өзің.
Мен үшін қорықпашы,
Қорғаймын өзімді-өзім!

Сезімді аялаймын,
Өзіңді саялаймын
Ешкімге тиіспеймін,
Тиіссе аямаймын...

Сен мені бала көрме,
Қоймаймын талап ерге!
Өзің ше?!
Ерекше боп,
Өзінше бола берме!!!

Сен мені түсін,ұғын,
"Киносың" кішігірім
Сен мені түсінбейсін,
Əлде жоқ түсінігің!

Өмірдің сəті ерекше,
Сондықтан қателеспе!
Жылатпа!
Құдай үшін,
Сезімнен ұят емес пе?!

Жек көрем сезімді мен,
Дөрекі сөзім кілең
"Өзің біл" деме,күнім,
Бəрібір "Өзім білем!"

Сезімді ұға алмаймын,
Сонда да жыр арнаймын!
Шығарып өлеңімді,
Сені естен шығармаймын...

Мен мінсіз жан емеспін,
Сəл қырсық...
"Молодецпін!"
Өзгеге жетсе қолың,
Жетпейді маған ешкім...

Наз 

Сырласқанда "Сезім сырын" шертеміз,
Сендік сезім. Мендік сезім көркем ед.
Негізінде сен едің ғой "Ерке" қыз,
Керісінше мен жүремін еркелеп...

Сенсіз жылап. Сенсіз күнім күлмеймін,
Сенің әрбір қадамыңа келісем.
Өз қолыммен қалай үзем, білмеймін?!
Бағымдағы ең бір тәтті жеміс ең!

Сөзім тіке, айтам ылғи шынымды,
"Достық" сөзі ал, мен үшін Ұлы заң!
Жылап тұрып айтқан әрбір сырымды
Сенен басқа білмеуші еді тірі жан.

Мен мұңайсам "Қой, еңсеңді көтер!"-деп,
Өзің барда кеңейетін өрісім.
Кейде жаның қиналмаса екен деп,
Барлығынан бастартушы ем, сен үшін!

Жолығамыз! 
"Күтем!"-деген сөзің ше?
Бірақ...
Олар тәтті күндер болып ед!
Кейде бәрі мәңгіліктей сезілсе,
Кейде бәрі жалған болып көрінед.

Жанарымнан арылады мұң қашан,
Тоқтасыншы!
Осыменен болды ма?!
Бірақ енді жүрегіммен сырласам,
Тек сол лайық мына мендей сорлыға!

Күлімдеуге хақым бар ғой менің де,
Еш пендеге көңіліңді суытпа.
Қанша күліп, жүрсең дағы өмірде,
Дос жылатып айтатынын ұмытпа!

Мен саған көптің бірімін

Екеумiзде төтеп берiп сынаққа,
Сенiменен жетсем деп ем мұратқа!
Мен өзiңнен үлкен үмiт күтiп ем,
Жамандықты күткен жоқпын бiрақта.

Сезiмiм де, сенiмiм де болды жем,
Амалым жоқ, ендi сенен қолды үзем.
Мен сен үшiн көптiң бiрi болғанмен,
Сен мен үшiн бұл өмiрде жалғыз ең.

Аспандағы бұлт торыған күнсiң бе?!
Өкпелетiп алдым-ау деп күрсiнбе.
Сөздерiңмен жасырғанмен шындықты,
Көздерiңмен жасыра алмай жүрсiң бе?!

Бағындырар белестерiм көп алда,
Бұдан былай өмiрiме оралма.
Жiгiттерде намыс болса бар шығар,
Қыз намысы биiгiрек оданда!

Өмiрiмде сен ғана едiң сенгенiм,
Әлi күнге маған маза бермедiң.
Тырнағымның астынан кiр iздеме,
Тырнағыма татымайсың сен менiң.

Шер

Ренжімедім.
Өмірден түңілетін мен кім едім?!
Өкпелеп қалсамдағы бір күндері,
Барлығын кешіреді кең жүрегім.

Түңілмедім.
Таусылып, іштей бітіп үңілмедім.
Тек қана маза бермей тырналайды,
Ішімді ібілістей іңірдегім

Кектенбедім.
Әй, бірақ басымнан не өткермедім?!
Жаныма жазылмастай жара салған,
Жандарды қарғамадым, жек көрмедім.

Жыламадым.
Сынаққа төтеп беріп тұра аламын!
Тырысам жабырқаған көңілімнің,
Қайтсемде табамын деп бір амалын.

Мойымадым.
Қалмады көріп көңіл тойынарым
Дегенге көнбейтұғын тағдырымның,
Білмеймін менде қандай ойы барын.

Өзіме

Кей адамның өктем тиед(і) сөздері,
Жылулықты сыйлай алмас көздері.
Мені бəрі "Түсініксіз қыз" дейді,
Түсінбестен өздері...

Жаным таза, көңіл бар ед(і) менде шын,
Айтылады-ау маған көп-көп елде сын.
Мені бəрі "Өкпешіл қыз" дейді екен,
Өкпелете бергесін...

Жүрегімнен осылай жыр төгілсе,
Сөйлейді екем көпті көрген өмірше.
Мені бəрі "Ақымақ қыз" дейді ғой,
Аңқаулығым көрінсе...

"Жібек өлең" сəл мұнайып кетсе де,
Жүре берем жақсылықты ескере.
Мені бəрің жақсы көріп, адамдар,
Айтпаңдаршы ештеңе!

Күз 

Ағашқа тізбектелді жүзім денем,
Желменен ойраңдалып күз үрлеген.
Қасымда бір жапырақ үзілмей тұр,
Мендегі үмітімдей үзілмеген.

Тағдырың!
Тағдырыма кереғар ма,
Адамдар зәру осы неге адамға?!
Аспаннан тамған тамшы неткен шексіз,
Жанарымның тамшысы көп одан да!

Жүрегіңмен жұбатсаң жетер еді,
Сезіміңмен сезімім өтеледі.
Сағынышың тек мені сағындырса,
Төбем көкке жетпеуші ед(і) екі-ақ елі...

Күз келгенде қалам ба жылда күйреп,
Өң бойымда ұяңдық тұр ма билеп?!
Жердің жүзі қуарып жатқан кезде,
Сезімнің бүр жарғаны бір ғанибет!!!