- Негізгі бет
- Көкжиек
- Жазушылыққа жаңа көзқарас...
Жазушылыққа жаңа көзқарас
Жан де Лабрюйердің жаңа ғасырға жеткен жазушылық жайлы ескертпелері:
* * *
Әркім ақылмен ойлап сөйлеуге тырыссын, бірақ өзінің талғамдары мен сезімдерінің айна-қатесіз мінсіздігіне басқаларды сендіруден бас тартсын: бұл – өте қиын іс.
* * *
Шығармашының бар дарыны – көзбен көргендей қылып суреттеп және дөп сөздер таба білуінде. Гомерді, Платонды, Вергилийді және Горацийді басқа жазушылардан жоғары қоятын – тек олардың образдары мен анықтамалары. Кімде-кім шынайы, көркем және күшті туынды жазғысы келсе, ол үнемі ақиқатты көрсетіп отыруы керек.
Жазушылар өз еңбектерін шығарманың кемшіліктерін көретін және оған дұрыс бағасын бере алатын білімді адамдарға шын ықыласпен оқып беруге тиіс сияқты.
Тек педант қана ешкімнің ақылын тыңдамайды және түзетулердің бәрін түкке алғысыз етеді.
Шығарма жазатын адам мадақтауды да, сынды да байыппен тыңдауы тиіс.
* * *
Сіздің ойыңызды жеткізетін көптеген сөздердің ішінде біреуі ғана шынымен сәтті болуы мүмкін; әйтсе де әңгімелесу, не жұмыс үстінде оны бірден таба алмайсың, дегенмен ол бар, ал қалғандарының барлығы дөп келе бермейді және өзін түсінсе екен дейтін ойлы адамды қанағаттандыра алмайды.
Жақсы және талғампаз автор ұзақ та қиын ізденістерден кейін табылған сөздің әдетте ең қарапайым, ең табиғи, ешбір қиындықсыз бірінші болып ойға оралатын сөз болып шығатынын жақсы біледі.
Бір сәттік қана көңіл ауанының жетегінде жазатын адамдар кейін өз шығармаларынан көп түзетеді. Бірақ бұл көңіл ауаны әртүрлі жағдайлардың әсерінен өзгеріп отырады, сол кезде бұл адамдардың көңілі өздеріне ерекше ұнаған қолданыстар мен сөздерден суынады.
* * *
Біздің сынағанды жақсы көретіндігіміз сондай, тіпті, шынында да керемет шығармаларды терең сезіну қабілетімізден айырылып қаламыз.
* * *
Шығарма қандай мінсіз болғанымен, егер автор сынға құлақ асып, өзінің барлық қазыларына сенсе, онда одан түк те қалмайды, себебі олардың әрқайсысы өзіне ең ұнамаған тап сол жерді алып тастауды талап етеді.
* * *
Ақымақтар кітапты оқиды және одан ештеңе түсіне алмайды; қатардағы адамдар барлығы түсінікті деп ойлайды; шынайы ақылды адамдар кей кездері бәрін бірдей түсіне бермейді: түсініксізді олар - түсініксіз деп, айқынды – айқын деп табады. Ал небір ақылгөйлер айқын дүниені – күңгірт деп табады, айдан анық нәрсені түсінбейді.
* * *
Жазушының өз еңбегіне таңдай қаққан мақтауларға ие болсам деген талпынысы – бос әурешілік. Ақымақтар кейде таңдай қаға тамсанып жатады, бірақ бүйтпесе олар ақымақ болар ма еді, бірақ олар – сол себептен ақымақтар. Ақылды адамдар сыпайы ғана сыр сақтайды, олар үшін ештеңе жаңалық емес: олар таңдай қақпайды, жай ғана қолдайды.
* * *
Тек өз ғасырының талғамының тұрғысынан жазатындар шығармаларының тағдырынан гөрі, өздері туралы көп ойлайды. Тоқтаусыз кемелдікке ұмтылу қажет, сонда, кейде замандастарымыз бізге қимайтын сый, болашақ ұрпақтар арқылы беріледі.
* * *
Біреулер жақсы жазғаны үшін, екіншілері, мүлдем ештеңе жазбағаны үшін мақтау мен дәріптеуге лайық.
* * *
Сын – бұл кейде ғылым ғана емес, ақылдан гөрі төзімділікті, қабілеттен гөрі ыждағаттылықты, дарындылықтан гөрі дағдыны талап ететін қолөнер. Егер онымен сұңғыла емес, көп оқыған адам айналысса, егер ол шығарманы өз талғамына қарай таңдаса, сын оқырманды да, авторды да бүлдіреді.
* * *
Түсінікті етіп жазу үшін жазушы өзін оқырмандардың орнына қоюы тиіс; ол өз шығармасынан бұрын-соңды оны көрмегендей, бірінші рет оқып тұрғандай, оған қатысы жоқ және ол туралы өз пікірін айтуға тиіспін деп қарасын; ол осыны істеп, көзін жеткізсін; оның еңбегінің адамдардың есінде қалмайтыны – олардың тек өз-өздерін түсінгілері келгендіктен ғана емес, оны түсіну шын мәнінде мүмкін болмағандықтан.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
сурет: vk.com
Л. Лига