Жазушыдан гөрі сыншының сауатсыз болғаны қатерлі

Сын айту – кез келген адамның қолынан келетін іс. Ал, дұрыс сын айту – нағыз жанашыр адамның ісі. Мұхтар Әуезовтің "Сын – шын болсын, шын сын болсын" дегені осыған саяды. Ал, әйгілі Белинский "шығармадан қате табу – туындының дұрыс еместігін дәлелдеу деген сөз емес" дейді. Асылы, сыншының басты міндеті – автор тұлғасын, болмысын ашып беру болса керек. Осы орайда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик Асқар Сүлейменовтің сын туралы ойларына назар салайық! 

***

Сыншының жазушыда немесе ақында, олардың жеке басында шаруасы болмау керек.

***

Қазақтың сыны, ол шығарманы оқымай жатып қалыптастырған алдын ала пікір, сыншының авторға деген пиғылы тағы қаншама қиястық.

***

Жастар сыналсын. Сыналсын, бiрақ, сойыл жемесiн. Оларға түйенiң боздағаны, иттiң қыңсылағаны сияқты бүгiнгi қат-қабат өмiрдiң бөлекше әрекет-харекетiмен қабыса бермейтiн абстракты ойларды қызықтама деген сөздi дауысты көтере айтқанның өзiнде жер тепсiнбей, нұқымай, нығартпай сөйлеу керек.

***

Нашар шығарманы сынамауыңыз бен жақсы шығарма жайында үнсіз қалуыңыз – екеуі бір-ақ нәрсе.

***

Критика – самокритиканың iшкi мәнi мен сын және өзара сын емес. Сыны дұрыс, ал самокритикасы басқадан сын ғана емес, өзiңдi өзiң сынайтындай жауапкершiлiктiң, суреткерлiк тазалықтың деңгейiнде болу ма деп топшылаймын. Ал жазушының өзiне, өз қаламынан бой түзеген өз iшiнен шыққан шұбар жыланға қаталдық көрсетуi, қашаннан келе жатқан үрдiс...

***

Жазушыдан гөрі сыншының сауатсыз болғаны қатерлі.