Жазушы Төлен Әбдіктің тұщымды ойлары

Бүгін белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіктің туған күні. Көрнекті жазушы 74 жасқа толды.

Төлен Әбдікұлы – қазақ әдебиетіне 60-70-жылдары келген жазушы. Жазушының шығармалары адамгершілікке, ізгілікке, мейірімге, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерге арналған. Жазушы, драматург, қоғам қайраткерінің туған күніне орай, баспасөз беттерінде жарық көрген сұқбаттарынан топтастырылған өткір де тұщымды ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

***

Әдебиет пен ұлт бір-біріне өте жақын ұғымдар. Біріншіден, әдебиет, негізінен, ұлттық көркем ойдың жемісі болса, екінші жағынан, ұлттың өзі белгілі бір дәрежеде әдебиет беретін тәрбиенің жемісі. Өйткені ұрпақ тәрбиені әдебиет пен өнерден алады. Көзі ашық адамның дүниетанымы өткінші әдебиетпен емес, классикалық әдебиетпен қалыптасады.

Әдебиет өзінің құнын жоғалтса, ұлттық сипат та бірте-бірте өз ерекшелігінен айырыла бастайды. Ал ұлттың құруы – адамдардың қырылып қалуы емес, әрине, ұлттың жойылуы – тілінен, дәстүрінен айырылып, сипатсыз тобырға айналуы.

*** 

"Алдағы жазда", " алдағы күзде", "алдағы жылмен" мінеки енді өмірдің санаулы сәтінің үстінде отырмыз. Өмірінде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығынды жасай алмай бүкіл уақытынды өткізіп алу қандай өкінішті.

Өмірдің мағынасын үнемі алыстан іздейміз. Әлдебір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастағымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізгі мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдағы жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар.

***

Бұрынғы қазақтар да жас кездерінде жас адамша өмір сүрген. Жас келіп, өмірдің ыстық суығын көріп, жақсы мен жаманды, арам мен адалды таразылай алатын, ақиқатты тани алатын дәрежеге жеткенде барып, дінге бой ұрған.

***

"...Ұлтты сүюді нағыз ұлтжандылардан үйрену керек!"

***

Менің ұғымымда бүгінгі заманның әдебиеті билікке жалтақтамайтын, жағымпазданбайтын, әдебиетті мал табу мен нан табуға айналдырмайтын, бүкіладамзаттық құндылыққа негізделген, еркін ойдың, еркін тақырыптың, еркін ізденістің әдебиеті болуы керек. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінгі әдебиетті жасау үшін міндетті түрде бүгінгі оқиғаны жазуға тиіс емеспіз. Көркем идея бүгінгі өмірмен ұштасып жатса болғаны. 

 ***

"...Әдебиет пен өнерде «ұлтты қорлады» деген сөз болуға тиісті емес. Олай болмайды! Себебі, әдебиет біреуді тәрбиелеу үшін не болмаса, ұлтты көтеру үшін жазыл­майды. Жазу жазған кезде сенің алдыңда ең үлкен төреші жалғыз Құдай тұрады. Сен соған ғана жүгіне аласың. Қолыңнан шыққан дүниенің ақиқаты мен жалғанына Жаратушының алдында ғана жа­уап бересің. Ал, шындық, дәлдік – өмірдің ақиқаты, ол ұлттық мүддеге қайшы келмейді".

***

Адамның кісілік келбеті белгілі бір дәрежеде тұрмысқа байланысты. Кедейлік, қайыршылық, еріксіздік, зорлық-зомбылық – осының бәрі адамды кісілік қағидаларды бұзуға итермелейді. Сондықтан қоғам тазару керек. «Заман түзелсе, жаман да түзеледі». Өмірде жолы болмаған, сана сезімі төменгі дәрежедегі адам әр нәрсеге ұрынғыш келеді.