- Негізгі бет
- Көкжиек
- Жарты бет қағаз...
Жарты бет қағаз (әңгіме)
Авгост Стриндберг (Швейцария)
Соңғы жүк арбасы кеткен кезде, шляпасына аза белгісін таққан жас жігіт қаңыраған үйде айналсоқтап, бір сәт жүрді. «Бірдеме қалып қалды ма?» дейтін сыңайлы. Ештеңе қалмапты. Дәлізге шыққан соң, осы үйде туылған істерді бұдан былай мүлде ойламауға бекіді. Бірақ қабырғада телефонның қасында жыпырлаған жазу толы жарты бет қағаз тұрған-тын. Әркімнің қолтаңбасы. Кей жазу қараған жерден танылады, ішінаралары қара сиялы қаламмен жазылған, ал кейбірін қара, қызыл, көк қарындаштармен сүйкектете салыпты, жарты жапырақ қағазға жігіттің рахаты да, жапасы да мол екі жылдық кешірмесі жазылған. Ол өткенге салауат айтуға бел байлады. Қағазды қолына алды. Сарғыш, жып-жылтыр тілкімдей қағаз-тұғын, жатын үйдегі қабырға пештің үстіне қойып, еңкейіп оқи бастады.
Ең басында, бір әйелдің есімі тұр − Элис, жігіт білетін есімдердің ішіндегі ең әдемісі, сүйген жары. Қасындағы телефон нөмірі − «1511» . Бір қарағанда, дін орнының хор айту тақтасының нөміріне ұқсап қалады.
Нөмірден төменгі орында «Банк» деп сүйкектете жазылыпты. Жігіттің жұмыс орны. Ол жөнінен алғанда, киелі жер, аузын асқа, иінін киімге жарытатын қамқоршысы, баспанасы, тұрмысының тиянағы. Одан төменгі тұста, әлгі телефон нөмірін қара сиямен баттастыра сызып тастапты. Өйткені банк күйреген-тұғын. Бір мезгіл сарсаңға түскен жігіт жаңа жұмыс тапты.
Мына бір тұсқа, ат арба жалға беру орындарының, гүл дүкендерінің аты жазылыпты, жігіт қалыңдығына үкі тақты, қолы аузына жетіп, тұрмысы жақсарып қалған кезі.
«Отбасы жабдықтары дүкені, үй әшекейлеуші» − олар жігіттің үйін келістіріп жөндеп берді. «Тасымал көлігі» − жаңа отауға көшіп кірді. «Театрға билет сату орны» − 5050. Олар некеленді, жексенбіні құр жібермей театр көруге барушы еді. Ылғи да шаттық сыйлайтын шақтар еді-ау, жұптары жарасқан екеуі сахнадағы ертегі әлемі сыйлаған жанға жайлы сезімнің әлдиіне елітіп, үнсіз ұйып қалатын.
Мұнда бір беймәлім еркектің есімі тұр, үстінен сызып тастапты, шаруашылығы шалқыған достарының бірі-тұғын. Ырғын тұрмыстың рахатына ессіз берілгендіктен, бағы тайып, ақыры, қарасын көрсетпей ізім-қайым кеткен еді. Байлық дегенің көзді алдайтын сағым секілді баянсыз нәрсе баяғы.
Жас жұбайлардың өміріне жаңалық қосылған сыңайлы. «Бүбі» депті − әйел адамның қолтаңбасы екені даусыз. «Не қылған бүбі еді?», бәрекелді, дұрыс, әлгі ұзын сұры түсті көйлек киген, жылы шырайлы, ақ еділ әйел емес пе, қашан көрсең, жүзінен күлкі үзілмейді, даланға бас сұқпай, каридордан төте жатын бөлмеге кіретін. «Бүбі» деген жазудың төменгі жағында «L шипагер» деген есім жазылған.
Қағаздағы тізімдіктен, тіке туысының есімі бірінші рет кезікті, «шешем» дегені жігіттің қайын енесі. «Балалардың мазасын алмайын» дейтін болар, ол кісі бұларға көп ат басын бұрмайтын. Ал бүгін басқаша, балаларының шақыртумен қуана-қуана жетті, шешелеріне қажеті түскен. Былайғы жердегі істер қызыл, көк реңді қарындашпен жіпке тізгендей жазылыпты: «Қызметші таныстыру орны» − әйел қызметшісі кетіп қалды, тағы бір қызметші іздеу керек. «Дәріхана» дейді, бұлардың қалы мүшкілдей бастаған секілді. «Сүт заводы» − залалсыздандырылған сүт әкелуді тапсырды. Ұсақ-түйектер дүкені, ет дүкені, үй жұмысы дегеннің барлығын телефонда бірден ұқтыруға тура келді. Бұл үйдің әйел қожайыны аман ба өзі?! Иә, аман, әйел босанған еді.
Одан төмендегі жазуларды тануға жігіттің дәрмені жетпеді, өйткені жанарына жас толып, көз алды мұнартып кеткен-тін.
Қара сиялы қаламмен тайға таңба басқандай қылып «Атқарушы» деп жазылыпты.
Соңына «Жерлеу жұмыстары» деп жазылған. Жігіт басына түскен тіл жеткізе алмас тағдыр тауқыметін қағаздағы «бір үлкен, бір кішкентай табыт» айтып тұр.
Олардың бетін жасырды, көңілге медеу боларлық ештеңе қалмады. Екеуін де жер қойнына тапсырды. Қара жер − тәннің ақырғы тұрағы.
Ол қағазды қолына алып, сүйді де, еппен бүктеп төс қалтасына салды.
Жігіт зәуім уақытта екі жылдық ғұмырды қайта бастан өткергендей сезінді.
Десе де, есіктен шыққанда, қоға сүйектеніп, еңсесін түсірген жоқ. Сенімі берік, үміткер жанша қасқая шықты. Өйткені бақыттың өзіне тән несібесінен жетерлік ләззат алды. Ал өмірде тарыдай бақыт бұйырмай, тамсанып өткен пенде қаншама?!
Аударған: Қадила Нұрғалиқызы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nanzhao1.com
M. Auelkhan