- Негізгі бет
- Көкжиек
- Жапондар құлтемірге повесть...
Жапондар құлтемірге повесть жазғызды
Жасанды интеллектті дамытуды зерттеп жүрген жапон ғалымдары құлтемірге повесть жазғызды. Ал ол повесть Хоси Синьити әдеби жүлдесінің бірінші іріктеу кезеңінен оң бағасын алып өтті.
Әдеби жүлдеге 1450 жұмыс қабылданған. Оның 11-і жасанды интеллект негізінде жазылған. Байқаудың әділқазылар алқасына қай шығарманың адам, қай шығарманың құлтемір жазғаны айтылмаған. Нәтижесінде құлтемір жазған «Компьютер роман жазатын күн» повесті бірінші іріктеу кезеңінен өткен.
Құлтемір шығармасы арнайы алгоритмдер бойынша жазылған. Ол үшін ғалымдар алдымен компьютер базасына шығарманың бас кейіпкері, оқиға желісі мен қанатты сөздерді енгізген. Өзге жолдары құпия сақталып отыр.
Бұл повесть - жасанды интеллект нәтижесінде пайда болған алғашқы шығарма емес. Осыған дейін де сөйлемдерді сауатты жазатын құлтемір ойлап табылған еді. Сондай-ақ «Automated Insights» компаниясы «Wordsmith» тілші-құлтемірді таныстырған болатын. Ол қысқа мақалаларды сауатты жаза алатын мүмкіндікке ие екенін байқатқан-ды.
Ақпараттық технологиялардың адамзат өміріне әсерін зерттейтін атақты футуролог ғалым Рэймонд Курцвейлдің айтуы бойынша, 2035 жылы компьютердің ойлау қабілеті адамдардың ойлауымен теңеседі. Ал 2045 жылы компьютердің ойлау қабілеті немесе ғылым тілімен айтатын болсақ, оның жасанды интеллектісі барлық адамзаттың интеллектісінен асып түспек екен. Бұл күн де жақындап келе жатқан секілді...
О. Сансызбай