Жаңылтпаш жер жүзіндегі барлық халықтың әдебиетінде бар. Мәселен, біздің арғы бабаларымыздан бізге келіп жеткен "Әй, Тайқарбай, Қойыңды Майқараға жай Тайқарбай. Әй, Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай?" немесе "Бұл – қай балқаймақ" деген сияқты жаңылтпаштарды бәріміз кішкентайымыздан айтып, талай рет мәз болып күлістік. Жаңылтпаш туралы не білеміз?
Жаңылтпаш әншейін күлкі үшін, ермек үшін ғана айтыла сала ма? Жоқ. Жаңылтпашты жасынан көп айтып дағдыланған бала тілін ширатады, не бір қиын сөздерді айтқанда тұтығып қиналмайтын болады, өзіне бейтаныс сөздерді үйренеді, яғни тілін байытады. Егер балаңыз жақсы сөйлесін десеңіз үнемі жаңылтпаш жаттатыңыз.
Жаңылтпаш сөйтіп ана тілінің бай сөздік қорын игеруге, тілдің әуенділігін аңғаруға көмектеседі, көркем сөзді қастерлеуге тәрбиелейді. Жалпы, халқымыздың қай әдеби байлығы да тәрбиелік тағылымға толы құнды қазына. Жаңылтпаштың дүние танытарлық, тәлім-тәрбие берерлік мәні бар.
Өзіңізді тексеріп көріңіз. Жаңылтпашты қаншалықты тез айта аласыз? Біз бірнеше жаңылтпаштарды ұсынып көрейік. Нәтижесімен бөліссеңіз болады. Ендеше, іске сәт!
***
«Дұрыс» деп Тұраш айтты,
«Бұрыс» деп Бораш айтты.
«Рас» деп Раш айтты,
«Жалған» деп Жарас айтты.
Қайсысы жалған айтты,
Қайсысы рас айтты?
***
Байқап-байқап тал арала,
Тал ішінде талар ара.
Араласаң, қала арала,
Таппай сені қалар ара.
***
Үш ұшқыш алды
Үш кірқысқыш,
Үш тісысқыш.
Кірқысқыш қымбат па?
Тісысқыш қымбат па?
***
Жақсы атты
Әп-сәтте Асқаттар
Ақсатты.
Ақсақты,
Тоқсақты
Жаза алмай бас қатты.
Ақсатса жақсы атты
Кім болар жақсы атты?!
***
Шағалаға
Камал аға
Қадала қарады.
Камал аға
Шағалаға
Қалада емес
Далада қадала қарады.
***
Қызыл сиялы қалам сенде,
Көк сиялы қалам менде.
Қызыл сиялы ол алты теңге,
Көк сиялысы ол жарты теңге.
***
Қарақат терген рахат па?
Тұра қап қарақат жеген рахат па?
Тауықтар да қарақатқа құмар ма?
Тарысы бар ала қап та ұнар ма?
***
Жолаушыны арбалы
Тонаушылар байлады.
Қырда жортқан көп аңшы
Тонаушыны байлады.
Жолы болған жолаушы
Қара жолмен заулады.
Тонаушылар байлаулы
Жаралы аңша аунады.