- Негізгі бет
- Көкжиек
- Жанармай қымбаттады ...
Жанармай қымбаттады
Чишкок (АҚШ)
Терістіктің қарлы бораны ысқырып тұрған қаһарлы түнде үйде Дарк жалғыз өзі ғана еді. Ол салт бас, сабау қамшылы жігіт. Бұл ара өте шеткері әрі ермек етерлік бәлендей ештеңе болмаған соң, пеш алдында журнал оқып отырған.
Біреу есікті жітірмелете қақты. Дарк есікті ашып еді, қойын-қонышы қарға толған біреу үйге бір құшақ суық ауаны ала кірді. Дарк жалма-жан есікті жапты. Үйге кірген адам қалың мамық шапан, аяғына қарда киетін етік киіпті. Ол үйге кірген соң пеш алдына отырып жылынып алды да:
- Менің есімім Ларк болады. Автокөлігімнің жанармайы таусылып, осыдан 8 шақырымдай жерде өшіп қалды. Маған жанармай қажет. Бұл араға бірталай жол басып зорға келдім. Ханымым көлік ішінде қалды... Маған тек 2 калон жанармай болса болғаны...- деді.
- Сіз тым әбіржімеңіз,-деді Дарк аспай-саспай,- есіме енді келді, жүк көлігім бұзылып қалғаннан кейін ішіндегі жанармайын құйып алған едім, бәлкім, біразын сізге сатып беруіме болар.
Бұны естіген Ларк қуанып кетті, асығыс-үсігіс:
- Онда жанармайға қанша ақша аласыз?- деді.
Дарк Ларктің сөмкесіне қадала қарап:
- Мынадай ауа райында екеуіміздің танысып қалғанымыздың өзі бір ғанибет қой, бір калонын 500 доллардан берейін,-деді.
Ларк мұны естігенде өз құлағына өзі сенбеді:
- Қанша дейсің? 500 доллар дейсің бе? Мынауың тонаушылық қой.
Дарк салмақтылықпен:
- Қазір жанармайдың бағасы қымбаттап кетті, оның үстіне ойлап көрмейсіз бе? Мынадай қарлы боранда далада қалсаңыз көп өтпей-ақ үсіп қаласыз. Далада қалған көлік ішінде ханымыңыздың жағдайы не болып жатыр?-деді.
Ларктің амалы таусылып, сөмкесінен ақша алып санай бастады. Десе де, ақша қапшығында тек 600 доллар ғана бар екен, бұл тек бір калон жанармай сатып алуға ғана жетеді. Ларк «Қол сағатымды қоса берейін» десе де, Дарк 2 калон жанармай құйып беруге көнбеді. Ол:
- Сағатыңыз қажет емес, былай болсын, сіз әуелі бір калон жанармайды алып қайтыңыз, егер ханымыңызда ақша болса, қайта келіп жанармай сатып алуыңызға болады ғой, ақшаларыңыз аз болса, менің сіздерге ең арзан ас-тамақ, жатын орын әзірлеп беруіме болады,-деді.
Дарк ақшаны алды да, қоймаға кіріп бензин құйып берді. Сәлден соң Ларк тек бір ғана калон жанармай құйылған ыдысын алып, үйден шықты да, қарлы боранға сіңіп кетті. Ол қайта келуге тиісті. Ханымынан ақша алып, тағы бір калон жанармай сатып алуға, сөзсіз, келуі керек!
Қанша уақыт өткенін кім білсін, сырттан көлік сигналы естілді. Дарк барып есік ашып еді, Ларк ханымын көліктен сүйеп түсіріп жатыр екен. Оның ханымы шынымен қатты тоңыпты, үйге кіріп пеш алдына отыра қалып жылынды.
Хэйлон Даркке:
- Күйеуім жанармайға қатысты істерді айтты. Бағымызға қарай, менде біраз ақша бар еді. Біз тағы бір калон жанармай сатып алсақ дейміз,-деді.
Дарк жалма-жан басын изеп:
- Әбден болады. Десе де, жанармай тағы қымбаттады, бір калоны 650 доллар,-деді.
- Оқасы жоқ, біз аламыз,-деді де, Хэйлон қасындағы сөмкеден бір буда ақша алып, Даркке қарай лақтыра салды:
- Мынау жететін шығар?
- Жетті, жетті...-деп Дарк еңкейіп ақшаны алып жатқанда, бұл ақшалардың бетінде «Қарағай банкі» деген жазулардың бар екенін, нөмірлерінің де қатар екенін байқап, қатты таңырқады. Бірақ ол басын көтергенде, Ларктың тапаншасы маңдайына кезеліп тұр еді. Ларктің үні тым суық:
- Біздің көлігімізде мұндай ақшалар баршылық,-деді.
- Бұлай болғанда «Қарағай банкін» сендер тонаған болдыңдар ғой?
- Зерек екенсің, балақай! Мұны білген болсаң, енді сені тірі қоя бере алмаймыз,-деді Ларк өзін ұстай алмай күліп,- әсілі сені өлтіру ойымыз жоқ еді. Бірақ сенің жанармайың өте қымбат екен. Тағы бір калон жанармай сатып алу үшін, біз тек «Қарағай банкінің» ақшасын пайдаланбауға амалсыз қалдық,-деді.
Ларк арқан тауып әкеліп, Дарктың қос қолын арқалы орындыққа орнынан тұра алмастай етіп қайырып байлап тастады. Мұндай шеткері шалғайға неше күн бойына ешкімнің аяқ баспайтыны рас. Оның үстіне, бұл араның температурасы өте суық. Пештегі от бірнеше сағатқа ғана жетерлік. Егер от өшер болса, қалы мүшкіл болғалы тұр. Оның үстіне, мандыған ас-тамақ та қалмаған еді. Дарктің үміті үзіліп:
- Неткен тас жүрек едіңдер. Мен тек сенен бір калон жанармайдың ақшасын ғана артық алдым, ал сен осының ақысына жанымды алмақшысың!-деді.
- Солай ма? Өзің айтпап па едің, жанармай қымбаттады деп, жанармайдың бағасы сенің өміріңмен қарайлас болды,-деді де, олар үйден шығып, автокөлігін оталдырып кетіп қалды. Дарктың құтқару тілеген айғайын ешкім де естіген жоқ...
(Галлон – Америкада қолданылатын өлшем бірлігі. Бір галлон - 3,78541178 литрге тең)
Аударған: Қ. Жұмашұлы
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: vk.com
M. Auelkhan